Басты ақпаратМәселе

Баға неге негізсіз өседі?

«Азық-түлік бағасының өсуіне, негізінен, делдалдық схемалар әсер етіп отыр. Бұл жерде азық-түлік өндірушілер бағаны көтеріп жатпағанын айту керек. Бағаны делдалдар көтереді. Солар бағаны 50 пайызға дейін қолдан қымбаттатады. Бүгінгі таңда бұл бағытта өңірлік комиссиямен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз» деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.

Жуырда ғана Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев елордада азық-түлік бағасының қымбаттығына қандай факторлар әсер етіп отырғанын атады.

«Азық-түлік бағасының өсуіне, негізінен, делдалдық схемалар әсер етіп отыр. Бұл жерде азық-түлік өндірушілер бағаны көтеріп жатпағанын айту керек. Бағаны делдалдар көтереді. Солар бағаны 50 пайызға дейін қолдан қымбаттатады. Бүгінгі таңда бұл бағытта өңірлік комиссиямен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз» деді ол баспасөз конференциясында. Айтуынша, аталған комиссияның 21 отырысы өткен. «Оның 9-ы көшпелі комиссия болды. Сондай-ақ саудадағы үстемеақыны 15 пайыздан асырмауға бағытталған заңды шараларды түсіндіру жұмысын жалғастырамыз» деді Мақсат Жаңабаев.

Саудадағы үстемеақы 15 пайыздан аспауы тиіс. Бағаны негізсіз өсірген делдалдарға, жалпы құқық бұзушылық жасаған адамдарға ескерту берілген. Егер ол қайталанса, айыппұл салынады.

Қош делік. Қазір біз астананың ірі дүкендерінің біріндеміз. Бал, қаймақ, шұжық деп ұртымызды майламай-ақ, күнделікті керек заттарды қазір алып, бағасын есептеп көрейік. Жұмыртқа, ұн, макарон өнімдері, нан, сұйық май, сүт, тауық еті – осының өзі 10 мыңнан асып тұр қазір. Бұрын нан, ұн, макаронның өзін мың теңгеге алсақ, қазір ол ақшаға сапалы 1 шай ғана аласыз.

Қымбатшылық шектен шығып барады. Тапқанымызды тамаққа жаратамыз дейді тұрғындар. Шындығында да солай. Бар тапқаның тамақ алуға кетеді. Тіпті қазір Kaspi Red-пен тамақ алатындар да көп, себебі тапқаны талғажуға жетпей тұр. Жалақы көтерілмейді, ал азық-түлік пен тұтыну бағасы күннен-күнге аспандап барады.

Тамақты алмай тұра алмайсың, әрине. Ал енді тұрғындарға қажетті қызмет көрсету саласын алсаң тіпті жылағың келеді. Қанша қымбат болса да шаш қию керек, бояп, сән салонына баруға тура келеді. Шаштараз және сұлулық салоны қызметінің бағасы удай қымбат.

2022 жылдың соңындағы мәліметтерге қарап өтейік. Қараша-желтоқсан айында шаштараз және сұлулық салоны қызметі бір айда 1,8 пайызға қымбаттады, бұл – соңғы уақыттағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Биыл шаштараз және сұлулық салоны қызметі бағасының орташа айлық өсімі 1,4 пайызды құрады, ал 2011-2021 жылдар кезеңінде сектордағы қызметтердің орташа айлық өсімі небәрі 0,6 пайызды көрсетті. Жыл басынан бері шаштараз және сұлулық салоны қызметі бағасы рекордтық 16,2 пайызға қымбаттады. Жаңа жылдық корпоратив кештері мен басқа да мерекелер тойланатын осы желтоқсанда тағы бір антирекорд тіркеледі, бұл да жылдық көрсеткішке теріс әсер етеді деп болжауға болады. Өткен жылдың қараша айымен салыстырғанда шаштараз және сұлулық салоны қызметі бірден 17 пайызға қымбаттады. Атап айтқанда, бір жыл ішінде ерлердің шаш қию бағасы бірден 21,5 пайызға, әйелдер шашын қию 16 пайызға қымбаттады. Маникюр мен педикюр бір жылда сәйкесінше 18,8 және 10,5 пайызға, эпиляция 8,6 пайызға қымбаттады.

Қарапайым мысал келті­рейін. Мен баратын «Mix Color», қазіргі «Global Beauty Academy» сән салоны бұрын оң жағалауда еді, қазір «Нұрсая-1» тұрғын үй кешеніне көшіп келгенде, жұмыс орныма жақын деп қуанып қалғаным рас. Қуанышым ұзаққа бармады. Алдында шашымды 10 мыңға шебер бояп, қажет десем, шаш бояған соң тегін бұйралап беріп жүрді. 10 мың да аз ақша емес, одан келесі барғанымда 12 мыңға бағаны көтерді, оған үндемей мақұл дедім. «Шашты сапалы, жақсы бояумен бояған дұрыс қой» деп оған да көндім. Ал жақында ғана бір мерекелік шара алдында шашымның түптерін боятып алайын деп барсам, менен 17 мың сұрап, қарап отыр…

Ең қызығы, маған бағаны қымбаттататыны жөнінде алдын ала ескерткен жоқ, салон иесі Дарья атты бойжеткенге қай жерге шағымдансам да менің талабым дұрыстығын ұзақ айтып, жазғаннан кейін дәлелдеп шықтым. Кешірім сұрағандай етіп жауап қайтарды, бірақ бағаны арзандата алмайтынын айтты. Мен де тұтынушы ретінде құқығымды төмендеткен салонға енді бармайтынымды жеткіздім. Әрине, салон көп, біреуін табармын-ау, бірақ кәсіпкерлердің қарапайым халықтың қалтасын қағып жатқанына ішім ашыды. Мұндай мысалдар елде миллион­дап саналады. Адамдардың құқығын қорғап, жаны ашып жатқан осы салаға жауапты органдардың нақты әрекетін көре алмай тұрмын. Тексеру, бақылау жоқтың қасы.

Ал енді жеке кәсібін бастаған кәсіпкерлерді тексеруге болмайтын Президенттің Жарлығы бар екенін білесіздер. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге (ол мерзім тағы 1 жылға созылды) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъек­тілеріне барумен тексеруге, профилактикалық бақылауға және қадағалауға жарияланған мораторий күшіне енді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мораторий күші тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңнамалық пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алуға немесе оларды жоюға бағытталған тексерулерге қатыс­ты болмайды. Сонымен қатар конституциялық құрылым мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей немесе жанама қауіп төндірген жағдайда күші жүрмейді. Мұндай жағдайда тексерулер бақылау және қадағалау органының бірінші басшысының шешімінің негізінде жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, егер кәсіпкер өз қызметіне қатысты бастамашы болса, сондай-ақ Қылмыс­тық-процессуалдық кодексте қарас­тырылған негіздер бойынша тексерулер жүргізіле алады.

Өз жұмысы барысында кәсіпкерлік субъектілері ел заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауы, сондай-ақ ҚР заңнамасына сәйкес тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қауіпсіздігін, сапасын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл міндеттемелерді кәсіпкерлік субъектілері мораторий кезеңінде де сақтауы керек.

Мораторий деген соң шағын кәсіп иелері, оның ішінде жаңағыдай шаштараздар, сән салондарының иелері қалаған бағасын қойып, тұтынушылардың қолын байлауда. Оларды тексеріп, бақылап жатқан ешкім жоқ. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса да» дегендей, әркім білген бағасын қойып жатыр.

Мемлекет басшысы жақында ғана Парламентте сөйлеген сөзінде «Ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі» деген болатын. Халықтың бір өкілі ретінде тиісті орындардан құқығымыздың қорғалуын, бағаны қалайда ауыздықтау үшін шұғыл іс-шаралар қабылдауы керегін тағы да айтқымыз келеді.

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button