Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана жасыл желек жамылады

Елордада көктемгі ағаш отырғызу және «Жасыл Астана» экологиялық айлығы басталды.  Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысының «Бес жыл ішінде Астананы бақ қалаға айналдыру, көпжылдық өсімдіктерді көбірек отырғызу керек» деген тапсыр­масына сайкес биыл елордада миллион жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Оның 500 мыңы қалада, 500 мыңға жуығы Астананың жасыл белдеуіне отырғызылады.

Экологиялық айлықтың басты мақсаты – қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударып, айналаны таза ұстауға, экология­лық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу, сонымен қоса жас ұрпақ арасында экологиялық ойлауды, экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып отыр.

Биыл елордада жапырақты ағаштарды отырғызуға басымдық беріледі. Кешегі өткен сенбілік аясында қаладағы Абылай хан даңғылы, Қажымұқан, Петров, Бөлекпаев, А-105, Балталы, Алаш тас жолы және басқа көшелердің бойында мыңдаған ағаш отырғызылады.

Қаланы жаппай көгалдандыру экологияны жақсартуға, қала тұрғындары үшін демалыс орындарын ашуға, елорданың климаттық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда Астанада 2,6 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Биыл да бас қалада миллионға жуық жасыл желек отырғызылады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

– Елордада көгалды орындар мен жасыл желекті «аралдар» қатары көбейе түседі. Қала ауқымды көгалдандыру жұмысының алдында тұр. Биыл бір миллионға жуық жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Астананың жасыл белдеуі – қаланың негізгі тынысы, өкпесі. Ағаш отырғызу жұмысы қазірдің өзінде басталып кетті. Бұл жұмысты қаланың барлық ауданында жүргіземіз. Жапырақты ағаштарға басымдық беріледі. Қаламызды көгалдандыру – жайлы өмір сүрудің бір бөлігі. Елордамызды ауқымды түрде көгалдандыру жұмысы алдағы жылдары да жалғасады, – деді қала әкімі.

Бас қалада жыл сайын жалпықалалық сенбіліктер өткізіліп, игілікті шара кезінде қаланы санитарлық тазалау, нөсерлік аулалар мен арық жүйелерін тазарту, көше бойын, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, саябақтар мен жасыл желектерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстарды жүргізу, заңсыз жерлерде орналасқан қоқыс үйінділерін және ластанған аумақтар жұмыстары жүргізілетін. Қаланың тамаша дәстүріне айналған бұл шара биыл  «Жасыл Астана» экологиялық айлығымен үйлесім тауып, еңбек ұжымдарының, қала тұрғындарының күшімен полигонға 555 тоннадан астам қалдық шығарылды. Саябақтар мен скверлерде жалпы ауданы 2,5 млн шаршы метрден астам аумақ жиналды. «Жасыл Астана» экологиялық айлыққа 11 мыңнан астам адам, 200-ден астам кәсіп­орындар мен ұйымдар, ПИК және МИБ ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері және т.б. қатысты.

Айта кетейік,  өткен жылы елорда аумағында 600 мың түптен аса ағаш егілген еді. Оның 452 мыңы «жасыл белдеуде» тамыр тартты.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button