Басты ақпаратЕл тынысы

Балқашта демалудың құны қанша?

Жазда бәріміз демалысқа шығып, жанұшырып демалатын жер іздейміз. Себебі, 2-2,5 айға созылатын маусымда демалыс аймақтарындағы баға бірден бірнеше есеге «секіріп» кетеді. Оның үстіне орын таппайсыз. Иә, иә, сенбесеңіз, Балқашқа барып, бәрін өз көзіңізбен көріңіз. Бір ғана Балқаштың мысалында осы мәселені барынша ашық талдап көрейік.

Балқашқа қалай баруға болады?

Қазақстандағы ең үздік, ең тартымды 10 туристік аймаққа кіретін Балқаш көлінің табиғаты тамаша-ақ. Жазда Балқашқа суға шомылуға еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шетелдерден мыңдаған туристер ағылады. Жазғы мау­сымда шамамен 80-90 мың адам Балқашта демалады деген ресми дерек те бар. Алайда Балқашқа жету – азаптың азабы. Астанадан Балқашқа дейін шамамен 600 шақырым жер, автокөлікпен барсаңыз 7-8 сағатта әзер жетесіз.  Астана-Қарағанды бағытына автобанмен лезде жол жүріп, 2-2,5 сағатта Қарағандыға ілігесіз. Ал Қарағанды-Балқаш-Алматы бағытындағы автобанның құрылысы 2019 жылы басталғанымен, 60 пайызы ғана салынып біткен. Жиі-жиі кездесетін айналма жолдар діңкелетіп-ақ жібереді. Астанадан автобуспен шықсаң, 9 сағат жүріп, жолсоқты болып, Балқаштан түсесің. Айтпақшы, жылдам жүретін мотоциклмен де екі аралыққа 9 сағатта жетуге болады.  «Астана-Балқаш» бағытындағы пойызға мінсеңіз, 1 тәулікте қалаға жетесіз. Пойыз­дың плацкарт вагонында 1 билеттің құны – 3500 теңге, купеде – 5000-5500 теңге, арнайы вагонда – 10 000 теңге. Бұл енді баратын жолыңыз туралы ақпарат.

Қазақстандағы ең үздік, ең тартымды 10 туристік аймаққа кіретін Балқаш көлінің табиғаты тамаша-ақ. Жазда Балқашқа суға шомылуға еліміздің түкпір-түкпірінен мың­даған туристер ағылады. Жазғы мау­сымда шамамен 80-90 мың адам Балқашта демалады деген ресми дерек те бар

Қонақүйлер құны қанша?

Әрине, вокзалда пойыз­дан түскен соң, тоқтайтын қонақүй я болмаса демалыс орындарын іздейсіз. Қалаға бірінші рет барған адам туризм аса дамымаған шағын қалада ең алдымен смартфонының көмегіне жүгінеді. Гуглден «Дома отдыха Балхаша» деп жазсаңыз, демалатын жерлер қаптап шыға келеді. Олардың дені көлдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Шұбартүбек кенті мен Тораңғылық ауылында орналасқан. Бұл – демалуға өте ыңғайлы, көлдің жағасында жұмсақ құмы бар, шағын инфрақұрылымы дамыған аймақ. Бір ғана Тораңғылық ауылына жақын жерде 15-ке жуық демалыс орындары бар. Одан кейін, Шұбартүбекте 10 қонақүй мен демалыс базасы жұмыс істейді. Қонақүйлердегі бір орынның құны 2500 теңгеден басталып, 45 000 теңгеге дейін барады. Демек, сервис те сол бағасына қарай, әртүрлі деген сөз. Мысалы, Шұбартүбек шипажай кентіндегі «Досжан» атты демалыс үйіне бір күн тұрудың құны ерлі-зайып­тыларға бір баласымен бірге 40-45 мың теңгенің көлемінде болады. «Неге соншалықты қымбат?» деп таң қаласыз. Себебі, Балқаштың жанындағы көлдің айналасында жоқ ұсақ құмды жағажай, жайлы да тыныш бөлмелер, теннис корты, тренажер залы, жағажайдағы футбол мен волейбол, фин және орыс моншасы, жазғы кинотеатр, би билейтін алаң, жағажайдағы мейрамхана осы демалыс үйінде ғана бар.  Әрине, баға қымбат десеңіз, одан арзандау, 7000-10000 теңгенің қонақүйлерін де тез табасыз. Балқашқа жақын жерде Барковский ауданында да 1 тәулікке 15 000 теңгеге өте жайлы қонақүйлерді табуға болады. Яғни, демалыс орнының жағалаудан алыс-жақындығы, демалушыларға жасалатын жағдай, сервистің деңгейі де бағаға әсер етеді.

«Балқаштың жанындағы көлге барсаң, ол жердің суы таза емес, әрі жағасында құм жоқ. Дұрыстап, алаңсыз, демаламын десең, Тораңғылықтағы я болмаса Шұбартүбектегі демалыс үйлері бар. Әй, бірақ ол жақта орын жоқ. Суға шомылатын маусымның нағыз қызатын кезі – шілде, тамыз айлары. Өткенде 10 шілдеде Алматыдан достарым келіп, Тораңғылықтан демалатын жер іздедік. Телефондарын тауып алып, орын сұрап едік, 20 маусымға дейін сервисі мықты демалыс үйлерінің бірде-бірінде орын жоқ екенін айтты. Бұл жаққа көбінесе ақшасы көп адамдар, шенеуніктер мамыр, маусым айларында тапсырыс беріп, барлық орынды сатып алады» деп Балқашта тұратын сыныптасым Алмат қазіргі кезде орын табудың қиындығын түсіндіріп берді.

Жол салушылардың шалағайлығы

Тораңғылық демекші, осы жазда құрылысы жүргізіліп жатқан Қарағанды-Балқаш-
Алматы тас жолында шу шыққанын жұрттың бәрі біледі. Ала жаздай табысынан қағылатынын ойлаған кәсіпкерлер Тораңғылықтың тұсында автобанның бұрылысын салуды талап етті. Расында да, автобан құрылысын жобалағандар Тораңғылыққа бұрылатын жолды салмай, демалушылар туристік мекенге 15 шақырым жермен айналып келуге мәжбүр болған. Мұндай жағдайда күннің ыстығында шаршап келе жатқан демалушылар Тораңғылықты іздемей, жолдағы басқа демалатын жерлерге өтіп кететіні анық. Алайда, кәсіпкерлер мен саяхаттаушылар қанша айқайлағанымен, автобанды салушылар «бұрылыс салу жолдың қауіпсіздігіне әсер етеді» деп өтінішті қанағаттандырмаған. Ол ол ма, Балқаш пен Тораңғылық ауылының арасын жалғайтын 7 шақырым жолға да асфальт төселмегені жанына батады. Жолдың кесірінен демалушылардан қағылған жұрт бағаны 2-3 есеге дейін көтеріпті деседі.

Баға қызмет көрсетуге сай келе ме?

Балқаштағы суға шомылу кезеңі маусым айының ортасында басталып, қыркүйекке дейін созылады. Қазіргі кезде көлдің жағалауында ұзын-саны 50-ге жуық демалыс орындары бар. Соның ішінде 10 шақтысы ғана Балқаш қаласында орналасқан. Бірден байқалатыны, бұл жердегі шағын қонақүйлерде, демалыс нүктелерінде бәсекелестік жоқ. Баға «ұшып» тұр. Бір шағын қонақүйдің бөлмесін 7000-10000 теңгеге жалға аласың. Ас-суы да қымбат. Мысалы, жай ғана шай ішуге тәтті бәліш сатып алсаң, 1500-2000 теңгеңді шытырлатып санап бересің. Баға қызмет көрсету сапасына сай келмейтінін айтып, келушілер жи-жиі шағымданып жатады. Әрине, біздің айтқанымыз бен жазғанымыз бір басқа, сіздің көргеніңіз бір басқа болып та шығуы мүмкін. Сол үшін, мың рет естігенше, бір рет көрген артық дегендей, өз көзіңізбен көріп қайтыңыз.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button