Басты ақпаратБілім

Жақсылық жаса, жәрдемдес!

Елордада «Жақсылық жаса!» ұранымен дәстүрлі «Мектепке жол» іс-шарасы басталды. Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына жәрдем көрсету. Осы орайда Білім басқармасының бастамасымен, аудан әкімдіктерінің қолдауымен демеушілік қаражат есебінен 8500 оқушыға көмек көрсету көзделіп отыр.

Астанада 1 тамыздан бастап жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы бойынша «Мектепке жол» іс-шарасы басталды. Бұл туралы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев онлайн брифинг барысында мәлім етті.

«Мектепке жол» акциясы бойынша Астана қаласы әкімдігі бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, атаулы әлеу­меттік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі­нен төмен отбасылардан шыққан балалар, отбасыларда тұратын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар және басқа санаттағы, яғни, қиын жағдайға тап болған отбасылар, оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасыларға мектеп киімдерін, аяқ киімдерін және мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін ақшалай көмек көрсетіледі. Акция аясында басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы 8 500-ден астам баланы қамтуды жоспарлап отыр. Іс-шараны өткізу 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жоспарланған. Биылғы акция «Жақсылық жаса!» ұранымен басталды.

– Осы жылы Астана қаласы бойынша 22 700 балаға көмек көрсетіледі. Оның бірінші бағыты бюджет қаражаты есебінен 14 200 балаға көмек беріледі. Ол көмекті алу үшін ата-аналар мектепке барып, өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет (несиелік қарызы жоқ және бұғатталмаған банктік картаның 20 таңбалы нөмірін ұсынады). Жоғарыда аталған отбасыдан шыққан балаларға биыл жалпыға міндетті оқу қорынан көрсетілетін қаражаттың көлемі 41 мың теңгені құрайды. Ол – балаларды мектепке дайындауға арналған қаражат. Осыған байланысты, ата-аналардан берілген қаражатты тиесілі мақсатта балалар үшін жұмсалуын сұраймыз, – дейді басқарма басшысы.

– Материалдық көмекті көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушылар ала алады. Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-­аналары мектепке растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Қандай құжаттарды тапсыру керектігі туралы ақпаратты мектептер ұсынады, – дейді басқарма басшысы.

Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымдарында «Жедел желі», «Сенім» телефондары (55-69-60, 55-68-51) және қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button