Руханият

«Балуан Шолақтың ұрпағы» деген сөздің құны бәрінен бағалы

Алып күш иесінің ұрпағымен танысуымның өзі қызық. Бірде қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді қария­мен әңгімелесіп отырғанда ол кісі Балуан Шолақтың немересі Шайдолла аға туралы айтып қалды. Елең ете қалдым. Қазақ текті атаның ұрпағын «жақсының көзі» деп дәріптейді. Сөйтіп, Шайдолла ағамен таныстым. Қарапайым, сабырлы адам. Артық сөзі жоқ. Биыл атамыздың дүниеден озғанына тура бір ғасыр толды. Ел ішінде ол жайында айтылып жүрген аңыз-әңгіме жетерлік. Соның қайсысы шын, қайсысы қисынсыз екені де беймәлім. Балуанның былайғы жұртшылық біле қоймайтын тылсым сыры көп. Біз бүгін даңқты дарабоздың туған немересімен оның өмірі мен ұрпақтары жайында әңгімелестік.АТАМНЫҢ ӘРУАҒЫ ҚАЙРОЛЛАҒА ҚОНҒАН

– Аға, Балуанның неше баласы болған, қазір қанша ұрпағы бар, олар кімдер, қайда тұрады, соған тоқталсаңыз?
– Атамның кіндігінен үш бала тараған. Үлкені – Исажар, ортаншысы – Бәтен, кішісі, менің әкем – Құдайберген. Әкем атам қайтыс болғанда он жетіде екен. Біздің ауыл – қазіргі Ақмола облысы Бұланды ауданы Тастыөзек деген жер. Кеңес өкіметі кезінде «Красный кордон» деп аталды. Патшаның әскері тұрыпты. Атамның зираты осы ауылдан бес шақырым жерде. Табиғаты көркем, жан-жағы сыңсыған орман.
Атамның үлкен ұлы Исажардың Теміртас және Ақжүніс деген екі баласы болған. Олардан ұрпақ бар. Исажар әкемнің Абылай деген шөбересі Көкшетауда тұрады. Біз әкеміз – Құдайбергеннен жеті ағайындымыз, төрт ұл, үш қыз. Үлкен ағам – Қайролла, одан кейін марқұм Манат деген апам, сосын Әйбат, мен, менен кейін Хамидолла, Есенбай деген інім және Асыл деген қарындасым бар. Қазір ауылдағы қарашаңыраққа Қайролла ағам бас-көз болып отыр.
– Атақты тұлға туралы көркем шығарма да, деректі дүние де жазылды. Жалпы, ол кісі өмірде қандай адам болған? Әкеңіз не айтушы еді?
– Жалпы, ел ішінде атам туралы аңыз жетеді. Ол жайында жазылған деректер, айтылған әңгімелер оның ересен күш иесі, жасынан күреске түсіп, жауырыны жерге тимеген балуан, ат үстінде отырып, неше түрлі әдісті меңгерген спортшы болғандығын дәлелдейді. Бұған алып-қосарым жоқ. Әкемнің айтуынша, атамның бойы 1.78 см болған. Әкемнің бойы одан сәл биіктеу. Балуанның денесі жалпақ, жауырынды болғанымен, аяғы денесінен қысқалау екен. Және әкем «атамның желкесінде жылқының жалы секілді қыл өскендігін» айтып отыратын. Менің ойымша, осында бір тылсым күш бар секілді. Ол кісі Көкшетаудағы бір дүбірлі тойда 51 пұт (316 кг-дай) тартатын кір тасын тік көтеріп әкеткен. Жетісуға барғанда жұрттың алдында 1200 кг тасты көтеріп, елді таңғалдырған. Айтпақшы, атамның қолының табы қалған бұл тас қазір Шу ауданындағы өлкетану мұражайында сақталып тұр.
Балуан дінге ұйыған, иманды болған. Дәретсіз ешқайда қадам баспаған. Қысты күні сапарлап келе жатып дәрет алу үшін өзеннің мұзын шынтағымен бір ұрып, жарып жібереді екен. Көзін көргендер аязды күндері оның денесі буланып жүретіндігін айтады. Бір күні іргелес отырған ауылдан біреу келіп, байдың байлап қойған өгізі босап кетіп, киіз үйлерді құлатып, балаларды қуып, қысқасы, ауыл адамдарын біраз әбігерге салып жатыр дегенді хабарлайды. Содан атам сол ауылға серіктерімен келіп, атын кермеге байлап, үйге жаяулап келе жатса, алдынан өкіріп манағы өгіз шығады. Атам өгізді екі мүйізінен шап беріп ұстап алып, маңдайынан жұдырығымен бір береді. Жануар сылқ етіп жерге «гүрс» ете қалады. Сосын байдың үйіне келіп, тізесін бүгіп отыра бергенде бір бала жүгіріп келіп, үй иесіне өгізінің өліп жатқанын жеткізеді. Ол: «Мүмкін емес, оны ешкім өлтіре алмайды» деп бас шайқап, есіктен шыға жөнеледі. Келсе, шынымен өгізі теңкиіп өліп жатыр. Жануардың маңдай сүйегі жарылып кеткен.
– Мұндай алып күш қайдан дарыған? Әлде арғы бабаларыңыз­да осындай адамдар болған ба?
– Қариялар бабаларымыздың батыр болғандығын айтады. Бірақ мұндай алып күш иесі болған дегенді естіген емеспін. Атам әруақты адам болған. Оның әруағы қошқар екен. 2005 жылы атамның құлап қалған күмбезін қайта көтеріп, ас бердік. Содан бейіт басына құрбандық шаламыз деп бір қошқарды әкеп, байлап қойғанбыз. Бір кезде төрт аяғы да байлаулы тұрған қошқар шешіліп кетіп, орманға қаша жөнелсін. Аяғы қалай шешіліп кеткенін ешкім білмейді. Мұны ақсақалдар жақсылыққа жорыды.
Атамның әруағы үлкен ағам Қайроллаға қонған. Ағам өмірге алып бала болып келіпті. Әкем соны байқап, анама: «Алты айға дейін баланы үйден шығарма, біреудің қолына берме, ешкімге ешнәрсе айтпа» деп ескертеді. Содан анам ағамды алты айға дейін үйден шығармаған. Бірақ ауылдағы адамның шаруасы біте ме? Бір күні шаруамен анам құндақтаулы баламен жолға шықпақ болып, жүк машинасына мінеді. Үйде бірдеңесі қалып қойып, баланы шопырға беріп, жөнеле жүгіреді. Әлгі шопыры орыс екен. Анам келгеннен кейін шопыр «Мына баланың салмағы қандай ауыр, денесі де қатты екен» деп таңырқапты. Анам сол сәтте әкемнің сөзін ойға алып қалады. Үйге келгеннен кейін бала мұрттай ұшады. Әкем барлық жайды білгенен кейін орыс шопырды іздейді, бірақ таба алмайды, сосын басқа орысты әкеп баланы ұшықтайды. Ағам солай аман қалды. Сөйтіп, атамның әруағы кетіп қалған.

АЛМАТЫДАҒЫ САРАЙҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙСА ДЕЙМІН

– Әкеңіз Құдайберген де жай адам болмаған секілді. Ата-­анаңыз туралы айтасыз ба?
– Әкем өткен ғасырдың басында өмірге келген, 73 жасында дүние салды. Мен онда 8-ші сыныпта оқимын. Жас кезінде токарь болып жұмыс істеп, тылға керек маман деп соғысқа алмаған. Кейін әртүрлі қызмет істеді. Жазда әкем бізді шөп шабуға алып барады. Шөпті шалғымен шабамыз. Әуелі әкем шабады, ол демалғанда шалғыны мен ұстаймын, екі інім шөпті жинап отырады. Шөпке барған сайын жолай атамның зиратына соғып құран оқиды. Домбыраны керемет тартатын. Салмақты, аузы ауыр адам еді. Бірде арбамызға шөпті нығыздап тиеп, ауылға алып әкеле жатқанда орта жолда арбаның доңғалағы шығып кетті. Әкем мені орманға кепкен қарағай әкелуге жүгіртіп жіберді. Қарағайды алып келдім. Бір кезде оны жерге тіреп, үйілген шөбімен арбаны тік көтеріп, доңғалақты салды. Сонда әкемнің жасы 72-де. Ақсақал жасында болса да қайратты болатын. Анамның есімі – Ғазиза. 2013 жылы 95 жасында өмірден өтті. Анамның да әкесі балуан әрі діни адам болған. Жұрт Мәткен молда деп атайды. Кеңес дәуірінде көп қуғын көрген кісі. Анам өмірден өткенше қолынан құран түсірмеген батагөй жан болды.
– Атамыздың ұрпақтары арасынан күреске түсіп, балуан болған ешкім жоқ па?
– Исажар әкемнің баласы Жолдасбай ағамыз Алматыда политехникалық институтта оқып жүргенде күресіп, біраз жарыстарға қатысқан. Самбодан спорт шеберіне кандидат. Кейін ауылға келді, отбасылы болды, содан спорттан алшақтап кетті. Одан кейін шыққан ешкім жоқ.
Кейде адамдар мені танып, жөн-сұрасып болғаннан кейін: «Сіз Балуан Шолақтың ұрпағы екенсіз» деп айтып жатады. Бұған қуанамын, бір жағынан қысыламын. Өзім атамды жалғыз менің ғана емес, барша қазақтың атасы деп білемін. Ол – қара басының емес, тұтас елдің қамын ойлаған тұлға. Көзі тірісінде халыққа тізесін батыр­ған, күш көрсеткендермен тіресіп өткен. Әкем марқұм бір отыр­ғанда, бізге «Сендер аталарыңның атын шығарам, жолын қуам деп, жан-жаққа жүгіріп, көп күш салмаңдар. Алла берген ырыз­дыққа, баққа ие болсаңдар жетеді. Әкемді елдің өзі төбесіне көтеріп, құрметтейді» деді. Осы өсиет-сөз ойымнан еш шыққан емес. Оның айтқаны айдай келді.
Шын мәнінде, ата даңқына лайық болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен оны жас күнімде онша ұғына қойған жоқпын. Орта жасқа келдік, алды-артымызды аңдап, алға қадам басқан сайын алдымен атам атына кір келтірмеу­ді ойлаймын. «Балуан Шолақтың ұрпағы» деген сөздің құны бәрінен бағалы. Біз де осы абыройға лайық болу үшін адалдықтан, адамдықтан аттаған емеспіз. Енді көкейімде жүрген кейбір мәселені айтып кетейін. Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы бар. Осы сарайдың алдына алып тұлғаның ескерткішін қоя­мыз дегенге біраз болды. Бірақ әлі ол ескерткіш қойылған жоқ.
Көкшетауда Балуан Шолақтың губернатордың қызы Татьянаны алып кетіп, бірнеше күн ұстап отырған тау қуысындағы үңгірі бар. Мұны балуан туысқандары мен жақындарын түрмеден босатып алу үшін істеген. Осы үңгірді жергілікті адамдар мен экскурсоводтар білгенімен, жалпы көпшілік білмейді. Шетелдік туристер де осы тау қуысын көруге ынтығып тұрады. Сондықтан осы жерге белгі қойса деймін. Содан кейін Тастыөзектен бес шақырымдағы атамның зиратына бару да қиын. Дала жолы. Аудан әкімшілігі осы жолды дұрыс­таймыз дегенге біраз болды. Бірақ әлі жүзеге асқан жоқ. Жолдағы бейітке баратын белгі де ескірген.

МАДРИДТЕН МҮСІНІ ТАБЫЛДЫ

– Балуанның ажалы туралы әртүрлі дерек бар. Негізі, ол кісі қалай қайтыс болған?
– Оның рас. Түрлі дерек айтылады. Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» повесінде атамды атып өлтірді дейді. Енді ол көркем шығарма. Шындығына келгенде, балуанды емес, баласы Исажарды атып өлтірген. Сонда әкесімен бірге баласы Теміртас болған екен. Атам соқыршектен қайтыс болған деп айтады. Біреу оқ тиген дейді. Негізі, соқыршегі жарылып кеткен секілді. 55 жасында өмірден өткен.
– Биыл алып тұлғаның дүние­ден озғанына бір ғасыр толды. Соған байланысты қандай да бір іс-шаралар ұйымдастырылды ма?
– Алла қаласа, осы желтоқсанда кәсіпкер-меценат Марат Нәбиевтің қолдауымен «Балуан Шолақ» деген үлкен энциклопедия жарық көрмек. Оған атамыз туралы бүгінге дейін табылған, айтылған тарихи құжаттар, мәліметтер, деректер, ел ішіндегі әңгімелер толық кіріп отыр. Бірақ энциклопедия шықса да зерттеу жұмыстары тоқтап қалмайды. Әлі де зерттейтін дүниелер көп.
Сәуір айында әнші, өнертанушы Серік Оспанның «Балуан Шолақ: өмірі және музыкалық мұрасы» атты кітабы шықты. «Балуан Шолақ» атты көркем фильм көрерменге жол тартты. Киноға атамның өмірінің бір үзігі ғана берілген. Оған көп оқиғалар кірмеген. Негізі, көп сериялы фильм түсіруге болады. Туынды маған ұнады. Актерлардың ойыны да көңілімнен шықты.
Атам өмірде қолы ашық, жомарт адам болған. Паң Нұрмағамбет балуанды 1891 жылы Ресейдің тақ мұрагері II Николайдың Омбы қаласына келу құрметіне ертіп апарып, сондағы тойда күреске түсіп, барлық балуанды жеңіп, II Николайдың қолынан алтын сағат алады. Атам сол сағатты жанында жүрген бір досына сыйлаған. Айтпақшы, атам туралы «Хабар» агенттігі «Тарих. Тұлға. Тағдыр» деген деректі фильм түсірді. Сонда Өмірбек Байгелді ағамыз Испанияның Мадрид қаласындағы көне заттар сататын дүкендерінен бірінен атамыздың мүсінін тауып алды. Бұл мүсіндегі адам шығыс ғұрпымен киінген, бұлшық еті бұлтиған алып күш иесі екендігін айнытпай бейнелеген. Және он қолындағы екі саусағының ұшының кемістігін де айнытпай салған. Біздің пайымыз­ша, тақ мұрагері II Николай Омбыға 300 адаммен келіпті. Соның ішінде мүсіншілер де болған. Соның бірі алып күш иесінің өнеріне қызығып, мүсінін салған деп ойлаймын. Өмірбек аға да осы деректі айтады.
– Бүгінде ол кісіден қалған жәдігер бар ма?
– Әрине, бар. Ұлттық музейде ол кісінің белдігі сақталған. Басқа да заттары Шучинск қаласындағы мұражайда тұр. Ал менің қолымда әкемнен қалған бір жәдігер бар, ол – домбыра. Негізгі домбыраны атам жасаған дейді. Бұл дерекке сенем. Өйткені оның әкесі Баймырза бабамыз он саусағынан өнер тамған шебер болған. Ағаштан түрлі бұйым жасап, үй салған. Атам бала күнінен әкесінің жанында жүріп, шеберліктің қыр-сырын меңгерген. Қазір домбыраны атамның, әкемнің көзі ретінде қастерлеп, шаңырағымда сақтап отырмын.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button