Білім

Жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытады

Бүгінде астанадағы 83 мектепте жаратылыстану бағытындағы пәндер ағылшынша өтуде. Оның ішіндегі 28 мектеп 10-11 сыныптар үшін 4 пәнді толықтай ағылшын тілінде оқытса, 53 мектеп 8-9 сыныптар үшін пәндерді ағылшын тілінде оқытудың элементтерін енгізген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Science club» отырысында мәлім болды.Елорда мектептеріндегі үш тілде білім берудің алғашқы қадамдары 2016-2017 оқу жылында жасалған еді. Ол кезде қаладағы 25 мектеп осы жаңалықты оқу бағдарламаларына енгізген болатын. Бұл мектептер математика, биология, физика, химия, география және логика пәндерін ағылшын тілінде оқыта бастады.
Былтырғы оқу жылында астананың 20 мектебі жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді, атап айтсақ, физика, химия, биология және информатиканы толықтай ағылшын тілінде оқыту бойынша пилоттық мектептердің қатарына енді, 61 мектепте ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізілді.
Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Раушан Айғараеваның айтуыншан, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап биология, химия, физика, информатика пәндері бойынша ағылшын тілін B1, B2, C1, C2 деңгейінде меңгерген 859 оқытушы сабақтарын ағылшын тілінде беріп жүр. Бұл үшін олардың еңбекақыларына 35 мың теңге үстеме ақы қосылады.
– Педагогтар қала бойынша үш жерде – Назарбаев зияткерлік мектебінде, «Study Inn» тіл мектебінде және «Ұстаз» біліктілікті арттыру орталығында үш айлық тегін тіл курстарынан өтеді. Ағылшын тілін меңгеру дәрежесіне қарай сабақты толықтай ағылшынша (мысалы, C1, C2 деңгейінде меңгерсе) немесе ағылшын тілінде оқытудың элементтерін (мысалы, В1, В2 деңгейінде меңгерсе) енгізе отырып беруге де болады. Сабақты ағылшынша оқытудағы ең басты мақсат – шәкірттерді, әсіресе жоғары сынып оқушыларын ағылшын тілінде ғылыми зерттеумен айналысуға үйрету, бұл оларға күні ертең шетелдің озық университеттеріне түсерде аса қажет, – дейді ол.
Айта кету керек, мұндай өзгеріс ата-ана мен оқушылардың қалауы бойынша жүзеге асырылуда. Яғни егер шәкірт сабақты ағылшынша оқуды қаламаса, бұдан бас тартуына рұқсат.
– Қазіргі таңдағы проблемалардың бірі оқулыққа тіреліп тұр. Әдетте мектептер InterPress немесе Macmillan халықаралық тіл орталықтары әзірлеген ағылшынша оқулықтармен оқиды. Оларға әр оқу жылының басында мектеп кітапханашылары тапсырыс беруі тиіс. Кітапханашылар жеткілікті түрде тапсырыс бермегендіктен, оқулықтар әзірше қат болып тұр, – дейді Р. Айғараева.
Айта кетейік, 2020-2021 оқу жылында елорданың барлық мектептері жаратылыстану-математика бағытындағы физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға ауысады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button