Ел тынысы

Бас жоспарға сараптама жасаған

Еліміздегі кез келген өңірдің тыныс-тіршілігінде, мейлі қала, облыс немесе аудан орталығы болсын, мәслихаттардың алатын орны ерек. Себебі тұрғындардың тұрмысына қатысты маңызды шешімдер мен құжаттарды нақ осы жергілікті өкілді орган қабылдайды. Биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Астана бас қала атанып, қалыптасу кезеңінде қалалық мәслихаттың ІІ шақырылымы жұмыс істеді. Қазіргі сәулеті мен дәулеті жарасқан елорданың негізі сол жылдары қаланды. Бұған сол кездегі Астана мәслихаты депутаттарының қосқан үлесі мол. Соның бірі – экономика ғылымдарының докторы Тұрсынбек Өмірзақов.

Халқымызда «Туған жерге туың тік» деген сөз бар. Бүкіл өмірі кешегі Целиноград, Ақмола, бүгінгі Астанамен тығыз байланыста өтіп келе жатқан Тұрсынбек Қазенұлы – осы Ақмола өңірінің тумасы. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері өте еңбекқор жан еді. Бірақ ғұмыры келте болып, ұлы әлі орта мектепте оқығанда, өмірден өтіп кетті. Артында 8 баламен қалған анасы перзенттерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқ­тырмай өсірді. Оның арқасында балаларының бәрі жоғары білім алып, өмірден өз орнын тапты.

Туған қаланың көркеюіне қалай үлес қосуға болады деген ой оны жиі мазалайтын. Ақыры бұған жергілікті өкілді орган депутаты болғанда қол жеткізуге болады деген тоқтамға келді. 1999 жылы мәслихаттар сайлауына түсіп, жолы болып, депутат атанды. 1999-2007 жылдары – 8 жыл бойы Астана қаласы ІІ және ІІІ шақырылымының депутаты ретінде елорданың өркендеуіне септесті

Бикен ана перзенттеріне жеткен жетістігімен тоқтамай, бұдан да зор биіктерге талпынуды үйретті. Ана ақылымен Тұрсынбек Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін ғылым жолына түсіп, В.Ленин атындағы ауыл шаруашылығы ғылымдарының бүкілодақтық академиясы (ВАСХНИЛ) Сібір бөлімшесінің аспирантурасына түсті. Кандидаттық диссертация­сын қорғағаннан кейін туған қаласына, өзі оқыған институтқа қайтып оралды. Еңбекқорлық үлгісін әкесі көрсетсе, алдына қойған мақсатына жету үшін тынбай әрекеттенуге ана тәрбиесі арқылы келді. Тұрсынбек Қазенұлының айтуынша, бүгінгі жеткен биігінің негізі сол бала кезінде қаланды. Сондықтан жетістіктерін жеке өз басының жетістіктері ретінде ғана емес, ата-анасының жетістігі деп бағалайды.

Туған қаланың көркеюіне қалай үлес қосуға болады деген ой оны жиі мазалайтын. Ақыры бұған жергілікті өкілді орган депутаты болғанда қол жеткізуге болады деген тоқтамға келді. 1999 жылы мәслихаттар сайлауына түсіп, жолы болып, депутат атанды. 1999-2007 жылдары – 8 жыл бойы Астана қаласы ІІ және ІІІ шақырылымының депутаты ретінде елорданың өркендеуіне септесті.

Ғасырлар тоғысында, дәлірек айтқанда, 1999 жылы жаңа астананың Бас жоспары жобасы таныстырылды. Соған сәйкес қаланың сол жағалауын дамыту қолға алынды. Яғни елорданың негізгі құрылыс жұмыстары жаңа әкімшілік орталыққа қарай ойысты. Сол жағалауда қала көркіне сән қосқан ғимараттар бой көтерді. Бұл қатарда 2002 жылы пайдалануға беріліп, Астананың символына айналған «Астана-Бәйтерек» монументін ерекше атап өтуге болады. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, сол жағалауда елорданың Есіл ауданы ашылды. Сол жылдары осыған қатысты қабылданған барлық маңызды шешім мен құжат Астана қаласы ІІ және ІІІ шақырылымы депутаттары арқылы өтті.

– Жапон сәулетшісі Кисе Курокава дайындаған Астана қаласының Бас жоспары қалалық мәслихатта қабылданған күн менің есімде жақсы сақталып қалды. Мен онда мәслихаттың сол кездегі хатшысы Владимир Редкокашиннің тапсырмасымен қаланың бас құжатына сараптама жасадым. Алдын ала Бас жоспардың егжей-тегжейлі жазылған бірі 700, екіншісі 900 беттік екі папкамен танысып шықтым. Соның ішінде маған құжаттың сәулеттік бөлімі ерекше ұнады. Мені қаланың қалай өсетіні, оның құрылыс қарқыны қызықтырды. Сол Бас жоспар бойынша елорда миллион тұрғынға 2030 жылы жетуі тиіс еді. Бірақ сол межеге 2017 жылы жеткеніміз белгілі. Менде де сол құжаттағы демографиялық көрсеткіштер бо­йынша күмәндар туындаған еді. Сол кездегі қалалық мәслихат депутаттары да Курокаваның Бас жоспарына түзетулер мен өзгерістер енгізу бойынша көп ұсыныс айтты, – дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Тұрсынбек Қазенұлы қалалық мәслихат депутаты кезінде әр көпқабатты тұрғын үйдің паркингі болуы керек деген пікірде болды. Осы мәселе бойынша мәслихат мінберінен бірнеше рет сөз сөйледі.

– Паркингсіз қала тұншығады, аулаларға, көшелерге көліктер сыймайды. Сондықтан паркингсіз көппәтерлі тұрғын үй салуға рұқсат берілмесін деген ұстанымда болдым. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас», қазір де паркингсіз көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Түсінемін, бәлкім, құрылыс салушыда паркинг құрылысына қаржы жетпейтін шығар. Бірақ паркинг те қаланың маңызды нысаны. Оның құрылысы елорданың абаттандырылуымен байланыс­ты. Осы орайда мемлекеттің паркингтер құрылысына қаржы бөліп, осы нысандарды сатып алуы үлкен маңызға ие. Бір жағынан паркингтерді салу тұрғындардың жайлылығы үшін де керек, – дейді елорда мәслихатының бұрынғы депутаты.

Тұрсынбек Қазенұлы 2012-2016 жылдары Парламент Мәжілісінің V шақырылымына депутат болып сайланды. Оның айтуынша, сол кезде Астана қаласы мәслихатында жинаған тәжірибе көп көмектесті. Төменгі палата мінберінен де ол сан алуан мәселені көтерді. Соның ішінде жетімдер мәселесі де болды.

– Астана қаласы мәслихатында бірге жұмыс істеген барлық әріптесіме алғыс айтқым келеді. Мен олардан көп нәрсе үйрендім. Сол кездегі депутаттар нағыз тұлғалар еді. Олармен бірге қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты көп мәселені шештік. Соның ішінде Владимир Редкокашин сол уақыттағы мәслихатты өте байыпты, байсалды қалпымен, асқан білігімен басқарды. Мәслихаттағы әріптестерім арасында Надежда Петухова медицина, басқа да салаларға, қала тіршілігіне қатысты ұтымды ұсыныстарды айтатын. Александр Майер өте креативті, батыл депутат еді. Ол үнемі өзекті мәселелерді көтеретін. Бұл кісі сияқты депутаттар көп болуы керек деп есептеймін. Себебі бүгіндері билік орындарына жақпайтын сөз айтатын депутаттар сирек. Сол уақытта Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болған Сансызбай Есіловке көп рақмет айтқым келеді. Ол түрлі мәселе бойынша бізді ылғи қолдайтын. Сансызбай Сейітжанұлы барлық мәселені жедел шешетін. Сол уақытта Білім басқармасының басшысы болған Әсима Бимендинамен көп кездесіп, пікірлестім. Мәжілісте де Әсима Темкенқызымен бірге жұмыс істедік. Ол туындаған мәселенің тамырын дөп басып, оның шешілуіне барын салатын. Біздің кезімізде мәслихат депутаттарында мүмкіншілік болған жоқ. Қазіргі депутаттарда әлеуметтік желі секілді ресурс бар. Бізде ол болмады, сайлаушылармен кездесу үшін үйлеріне баратынбыз, көшеде кездесетінбіз. Бүгінгі депутаттардың мүмкіншілігі кең деп ойлаймын, – дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Астананың бүгінгі дамуына қатысты да оның өзіндік пікірлері бар. Соның ішінде көлік кептелісі мәселесі толғандырады. Бұрынғы мәслихат депутатының пікірінше, бұл мәселенің қазіргі бірден-бір шешімі – көлік қозғалысы ережесіне өзгерістер енгізу.

– Қазір Астана – бір миллионнан аса тұрғыны бар Қазақстан Республикасын әлемге танытатын елдің бас қаласы. Елорда өзін экономикалық, мәдени және діни сипаттағы жаһандық мәселелер талқыланатын пікірталас алаңы ретінде көрсете білді. Адам өмірінің әр кезеңінде өзінің қызығы бар. Бастысы – өз міндетіңді адал атқару. Мәселен, мәслихат депутаты шешім қабылдағанда, оның артында Астананың дамуы, елорда тұрғындарының тағдыры тұрғанын ұмытпауы керек. Сол шешім тұрғындарға зиян тигізбеуі керек. Біздің қаламыз өмір сүруге жайлы, қонақтарға қызықты, жаһандық мәселелердің шешілуіне әсер ететін орталық болып тұруы қажет. Жалпы үнемі оң нәтижелерге жету үшін жұмыс істеу керек, – дейді Тұрсынбек Қазенұлы.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,

Құралай МҰРАТОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button