Елорда тынысы

Басты міндет – сапалы білім беру

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Астана қаласы білім саласының дамуы, нәтижелері мен перспективалары» туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев брифинг өткізді. Диалог алаңында білім саласының өзекті тақырыптары сөз болды. Бас қалада білім саласындағы серпінді жобалар жүзеге асып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін елордада біршама жұмыс атқарылды.

Қанша білім беру ұйымы бар?

Астанада қазіргі таңда 365544 баланы қамтып отырған 757 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 525 балабақша, 172 мектеп, 32 колледж, 11 қосымша білім беру ұйымы және 15 арнайы білім беру ұйымы бар. Өткен жылы білім беру ұйымдары 102-ге артқан.

Астана қаласында 2023 жылы 11 мектеп іске қосылып, жаңа мектептер қаладағы 3 мектепте үш ауысыммен оқу мәселесі шешілді. Оқу жылының аяғына дейін тағы да 4 мектепті іске қосу жоспарланған.

Ерекше балаларға – ерекше көзқарас

Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі қажет. Сондықтан бүгінде елордада айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, білім берудің маңызы зор.

Елордада ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мемлекеттік қызмет көрсету шеңбері кеңейетін болады. Бүгінде 470 мыңға жуық балаға 8 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмыс жасауда. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.

Қауіпсіздік – басты назарда

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндетінің бірі. Осы мақсатта Астана қаласы Білім басқармасы тарапынан кешенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда елордада барлық білім беру ұйымы цифрлы бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық камера мен дабыл түймесі Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Орнатылған камералар барлық талапқа сәйкес келеді. Астана қаласында балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық білім беру ұйымы толығымен цифрлы бейнебақылау камераларымен, турникеттермен, дабыл түймелерімен және жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз етілген. Мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдау жалғасады.

Балабақшамен қамту жайы қалай?

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023 жылы 10214 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, ағымдағы жылы тағы 10000-нан аса орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылмақ. Сонымен қатар балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында 60 балабақша салу жоспарлануда. Бүгінде 10 балабақшаның жер телімі белгіленіп, жобалау жұмысы басталған. 2024 жылы 4 шағын орталықта инклюзияны қолдау кабинеті ашылады.

Кадр тапшылығы болмайды

Сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында мамандарға қажеттіліктің өңірлік картасы – жаңа кәсіптер атласы әзірленген. 2025 жылға қарай жастардың 100 пайызы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ басқа аймақтардан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында 1000 орындық «Студенттер үйі» салынады.

Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, жыл сайын мектеп оқушылары санының өсуіне байланысты 2026-2027 оқу жылына қарай Астанада 5 мың мұғалімге қажеттілік туындайды. Мемлекет басшысының елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы тапсырысын орындау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында педагогикалық колледжді педагогикалық университетке трансформациялау жұмысы басталған. Осы мақсатта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Абай атындағы ҚазҰПУ филиалы ашылады.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл елордада 6 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттыру курсынан өтеді. 2023 жылы мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату қағидаларына өзгеріс енгізілген. Өзгеріске сәйкес, білім беру саласындағы көшбасшыларды іріктеу және даярлау жөніндегі норма енгізілді. Бүгінгі таңда Білім министрінің бұйрығымен рес­публикалық кадр резервіне енгізілген кандидаттардың тізімі бекітіліп, Астана қаласы бойынша осы кадрлық резервке 18 адам кірген.

Білім басқармасы ағымдағы жылы білім сапасын арттыру бойынша жұмыс жүйесін жетілдіруге нақты қадам жасады. Білім басқармасының мәліметінше, қалада қазіргі білім сапасы – 59,7 пайыз. Алдағы уақытта білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асыру, инфраструктураны дамыту жұмысы жоспарланған. Қазіргі таңда елорда мектептері электронды оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button