Қоғам

Билік ашық болмай, іс алға баспайды

Қарақат АБДЕН, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

 – Бүгін саясиланған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Халық елде болып жатқан жағдайларды назардан тыс қалдырмай, барлық саяси үдерістерді бақылауда ұстап отыр. Түсінбейтін мәселелер болса, олардың жауабын мемлекеттік қызметкерлердің аузынан естісек дейді. Бұл өте дұрыс та, жақсы. Осындай жағдайда шенеуніктердің ашық болғаны өте қажет. Олар адамдармен диалог құра білуі тиіс.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатынын атап өтті. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды бәрімізге ортақ міндет етіп қойды. Ал ол үшін кабинеттерде тығылып отырмай, халық арасына шығып, елмен әңгімелесіп, қажетті ақпаратты жеткізе білу керек.
«Жабық кабинеттердің» уақыты өтті. Қазіргі заманда мемлекеттік органдар басымдықты ашықтық пен халықтың мұң-мұқтаждықтарын шешу үшін жедел әрекетке беру керек. Бұл тұрғыдан Мемлекет басшысы ашықтық арқылы жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру туралы өте дұрыс айтты.
Елдегі өзекті мәселелерді, әр адамның проблемаларын Президент қана шешпейді, ол үшін елімізде әртүрлі министрліктер, департаменттер мен ведомстволар жұмыс істейді. Бірақ шенеуніктер «құлағының бітеліп қалғаны» сонша, кейде қарапайым басшыдан үніңді Президентке жеткізу оңайырақ сияқты көрінеді.
Бүгіндері белгілі бір лауазымды қызметті атқару аздық етеді. Әртүрлі жағдайлар мен оқиғаларға пікіріңді батыл айтып, халықтың проблемаларынан іргені аулақ салмай, туындаған мәселелерді шешуге тырысу керек. Әр мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – осы. Әр шенеунік халқы мен мемлекетінің гүлденуіне қызмет істеп отырғанын түсінуі керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button