Мәдениет

Ғаламшарға айналған ғалым

Елордадағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығында халқымыздың біртуар перзенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Ғылым мен мәдениетіміздің ұлы тұлғасы» атты көшпелі көрменің ашылуы болды.

Көрмеге көрнекті ғалымның кіндік қаны тамған Баянауылдағы мемориалдық мұражайындағы жәдігерлер қойылды. Мәдени шараның ашылуында аталған музейдің директоры Бақыт Кенжеқайырқызы сөз алып, көрмеге қысқаша тоқталып өтті.
– Біздің Баянауылдан қаншама айтулы тұлғалар шықты. Соның бірегейі – Қаныш Сәтбаев. Биыл – ғалымның үлкен мерей­тойы. Қаныш атамыздың өмір жолы – ұға білген жасқа үздік өнеге. Академик көзі тірісінде туған елін шын жүрегімен сүйіп, оның дамуына аянбай тер төкті. Сондықтан да оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Біз бүгін сіздерге ұлы адамның өмір жолынан, қызметінен сыр тартатын құнды мұраларды әкеп отырмыз. Осындай шараны ұйым­дастырған азаматтарға алғысымды жеткіземін, – деді ол.
Шындығында, көрмедегі жәдігерлерден, құжаттардан ғалымның көпшілік біле бермейтін өмірбаяндық деректері жақсы қамтылған. Айталық, Қаныш атамыздың азан шақырып қойған есімі Ғабдұлғани болыпты. Бұл арабшадан аударғанда «ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны білдіреді. Анасы бала күнінде «Ғанышым» деп еркелеткеннен кейін «Қаныш» атанған. Ал ағасы Бөкештің шын аты – Ғабдұлғазиз. Туған анасы Әлима Исақызы ғалымның бес жасында дүниеден озып, бала Қанышты екінші анасы Нұрым Тасболатқызы бауырына басып, тәрбиелеген. Сондай-ақ айтулы азаматтың Томск технология институтында оқыған жылдары Екібастұз бен Майқайынға келіп, студенттік тәжірибеден өткен кезінен қызықты мәліметтерді байқадық. Ол 1920-21 жылдары Баянауыл ауданының халық соты қызметін атқарған. Бұл да – оның өмір жолындағы көп айтылмайтын дерек. Ғалымның осы қызметті атқарған кездегі қолы қойылған құжаттардан өткен күннің естелігін көрдік.
Мәселен, келушілердің назары Сәтбаевтың 1935 жылы Ұлытаудағы Алтыншоқыдан тапқан – Әмір Темірдің жорық кезінде қалдырған белгі тасының суретіне ерекше ауды. Бұл белгі -тас кезінде тарих ғылымына жаңалық әкелді. Ондағы жазуды профессор Поппэ мен академик Әлкей Марғұлан шешіп оқыған. Қаныш атамыздың жас кезінде қазақ балаларына арнап «Алгебра» оқулығын жазғанын білеміз. Білгенмен, ол жинақты көрмеген едік. Көрмеден соны көріп, көңіліміз марқайды.
Академик – саналы ғұмырында тар жол тайғақ кешуді көп көрген адам. Әсіресе, қазақ ғылымын алға сүйреген еңбегін ешнәрсемен теңгере алмайсыз. Жезқазған-Қарсақбай өңіріндегі кен қазбаларын зерттеп, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына тікелей атсалысты. Еліміздегі көптеген кен орындарының ашылуына үлес қосты. Ол ғылымға формация­лық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді. Ұлттық ғылым академиясының іргесін қалап, оны даңғыл жолға салды. Осы оқиғаларды көрмедегі маңызды құжаттар, суреттер сөйлетіп тұрды.
Сонымен қатар алаш ардақтысының жеке тұтынған заттары арасынан ғалымның бас киімі, пальтосы, етігі, ертоқымы, қамшысы, қызы Шәмшиябанудың әкесінің елу жылдығына сыйлаған домбырасы – көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Бізді бір дерек жалт қаратты. Кеңес одағының астрономы Николай Черных 1979 жылы 31 шілде күні ашқан ғаламшарына Сәтбаевтың есімін беріпті. Бұл оның академикке ғана емес, осындай ұл туғызған халқымыз­ға деген құрметі деп түсіндік. Сөйтіп, қазір ғалым аты ғаламшарды айналып жүр.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button