Сұхбат

Еңбек еткенге бақыт басын иеді

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қабиболла Жақыповпен Президент жолдауындағы өзекті мәселелер төңірегінде әңгімелестік.

– Қабиболла Қабенұлы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздегі өңірлерді дамытуға ерекше мән берді. Әсіресе, жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды. «Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр» деді Мемлекет басшысы. Сіз елге де, ерге де сыналар шақ болған жылдары Батыс Қазақстан өңіріне басшылық еттіңіз. Сол кездегі ахуал мен бүгінгі ахуалды салыстыруға келмейтіні анық. Ел басқару ісінде ең алдымен қандай ұстанымдарыңыз болды?

– Иә, мен тәуелсіздіктің таңында ел басқаруға араластым. Елбасының сеніміне ие болдым. Бірақ ол зор жауапкершілік еді. Мәселен, 1994 жылдың көктем мезгілі әлі есімде. Мен басшылық ететін Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Жалпақтал аудандарын су басып, 300-ден астам үйлер құлады. Айтып келмеген табиғи апат еңсесі түскен елді одан сайын күйзелтті. Өңірдегі өндіріс те тұралап, жұрттың сабыр, төзімі таусылуға шақ қалған кез еді. Дағдырған ел билікке үміт артты. Халықтың жүрегіне барлық қиыншылықтардан аман-есен өтеміз деген төзімділік, сабырлылық ұялату қажеттігін түсіндік. Әрине, ол үшін үлкен төзім керек болатын. Сонда ғана әрі-сәрі күй кешкен елді соңынан ерте аласың.
Ол кезде бүгінгідей Үкіметтен, өзге өңірлерден көмек алу мүмкін емес-тін. Қиын күндерде аттан түспедік. Түн ұйқымызды төрт бөліп, облыстағы кәсіпорын, ұйымдардың көмегімен 300-ден аса үйлерді қайта тұрғыздық. Елдің үміті ақталды. Жоқтық-тарлықтан есеңгіреген елдің ертеңгі күнге деген сенімі оянды. Елбасының сеніміне адал болғанымнан шығар, 8 жыл бойы облыстың тізгінін ұстадым.

– Күйзелген шақта ел-жұрттың еңсесін көтеру үшін, тек экономика мен саясатты ғана бірінші орынға қоймаған шығарсыз. Өйткені Батыс Қазақстанның өзге өңірлерге қарағанда, өзгешелігі көп. Ресеймен шекаралас өңір, казактардың оқтын-оқтын бас көтеретін жері, өзге ұлт өкілдерінің көптігі және т.б. мәселелер үнемі алдыңыздан шығып отырды емес пе?

– Батыс Қазақстан – табиғаты, тарихы жағынан да өзгеше облыс. Ресеймен шекаралас жатқан өңірдің өзіне тән күрделі жақтары бар. Мәселен, өзге ұлт өкілдері көбірек шоғырланған жер. Соған қарамастан сол жылдары ұлтымыздың мәдениетін, руханиятын, салт-дәстүрін қастерлеуді кейінге ысырып қойған жоқпын. Осыған орай, бір оқиға есіме түсіп отыр. 1997 жылы Бөкей ордасының соңғы ханы – Жәңгірдің кесенесін тұрғыздық. Тарихи оқиғаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Ол Елбасының өкілеттігін ұзарту жөніндегі мәселе талқыға түсіп жатқан уақыт еді. Салтанатты рәсімге жиылған жұрт күтпеген оқиғаға куә болды. Мұратсай ауылынан келген соғыс ардагері Файзрахман Ғайтбаев атты ақсақал топтан суырылып шығып Елбасына бұрылып былай деді: «Құрметті Президент! Бөкей ордасына келгеніңізге алғысымыз шексіз! Халықпен жүздесіп, сауапты істің басынан табылдыңыз. Қоғамда Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы әңгіме айтылуда. Біз – қазақ жәй ел емес, хан көтерген елміз. Ондай тұлғаны халқымыздың таққа бір мүшел мерзімге сайлауында мән бар. Осы дәстүрімізді ұмытпауымыз керек!». Сол бір замандағы дәстүрімізді еске салған ақсақалдың сөзіне Елбасы да ризашылығын білдірген еді. Бұл оқиғаны Бөкей ордасының Елбасына ақ батасын беруі десек те болады.

– Естуімше, Сіз сонау 1998 жылы Оралда допты хоккейден әлем біріншілігін өткізуге мұрындық болыпсыз. «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, экономика тұралап, әлеуметтік мәселелер шешілмей жатқанда спорттық шараға ел жиналды ма?

– Ол кезеңде ел бірлігін күшейту, қоғамдағы тұтастықты сақтауға ерекше назар аудардық. Оралда допты хоккейден әлем чемпионатын өткізу – соның айғағы. Экономикалық дағдарыс жайлаған жылдары жастар арасында әлемдік деңгейде жарыс өткізу дегенді кім қоштасын? Сонау ит арқасы қияндағы Швеция, Норвегия, Финляндия сияқты елдерден спортшылар шақырып, жарыстың жалауын желбіреттік. Ондағы мақсат – халықтың еңсесін тіктеу, бірлігі мен ынтымағын нығайту. Қазақстан командасы сол жарыста 3-ші орынды иеленді. Жеңіске қуанған елдің еңсесі көтерілді. Сол жарыстың жақсылығы шығар, еліміз бойынша допты хоккейдің мықты базасы бүгінге дейін Оралда қаласында сақталып қалды.

– Президент халыққа Жолдауында мәдениет қызметкерлерін қолдауға ерекше назар аударды. Оның ішінде театр, кітапхана, музей қызметкерлеріне қатысты да мәселе бар. Айтайын дегенім, қазір жұрт кітап оқымайды, кітапқа қайтару керек деген әңгімелер айтылуда. Рухани тоқырауға ұшырамауымыз үшін қандай әрекет жасауымыз керек?

– Президент бұл жолдауда мәдениет саласын қолдауға өте дұрыс көңіл бөліп отыр. Менің ойымша, әр адамның мәдениетін көтеруге ұмтылатын уақыт келді. Ол үшін мәдени, рухани ордалардың атқаратын рөлі зор. Жұрт кітап оқымайды деп елдің бәріне күйе жағуға болмайды. Кітап ешқашан өзінің құнын жоғалтпайды. Осыған орай, сәл шегініс жасап, бір оқиғаны айта кетейін. Сол жылдарда елімізде жекешелендіру науқаны қызу жүргізілді. Батыс Қазақстан облысында 150 совхоз, 30 колхоз болған. Мемлекеттік дотация болмай, шаруашылықтардың барлығы жекеменшікке беріле бастады. Сол сәтте халықтың хал-күйін көріп, бәрі бірдей жекеменшікке ала алмайтынын білдік. Совхоз-колхоздардың көпшілігін сақтап қалдық. 157 кітапхананы, 21 кәсіптік-техникалық училище, 32 балалар спорт мектебін сақтап қалу үшін тәуекелге де, халыққа тиімді тәсілге (1 штатты 4-ке бөлген) де бардық. Ондағы ойымыз, біріншіден, ешкім жұмыссыз қалмасын, екіншіден, мемлекеттің мүлкіне ел қарауыл болсын, қолды болып кетпесін дегеніміз еді. Соның нәтижесінде тірліктен жадап-жүдеген жұрт рухани тоқыраудан аман қалды.

– Қабиболла Қабенұлы, Сіз өмірдің нағыз шыңдалу мектебінен өтіп, қарапайым құрылысшы-инженерден Мәжіліс төрағасы лауазымына дейін көтеріліпсіз. Бұл жетістікке қалай жеттіңіз? Адамдық кредоңызды білуге бола ма?

– Жер жәннаты – Жетісуда ғұмыр кешкен Нақысбек бидің мынадай нақыл сөзі бар:
«Әуелі Құдай жерге береді,
Жердегіні елге береді,
Елдегіні ерге береді,
Ерге бергенде төккен терге береді».
Қазақ халқы «Көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді» деген даналық сөзді бекер айтпаған. Өмірімнің мағынасы мен мақсатын, бақыты мен шаттығын адал еңбектен тапқан жанның бірімін. Ең әуелі еңбек жолымды Қазталов ауданында байланыс торабының қарапайым жұмысшысы болып бастадым. Әр жылдары түрлі сала, партия құрылымдарында қызмет еттім. Елбасының, елдің сенімін абыроймен ақтап, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасына дейін көтерілдім. Қазір де жасым 70-ке келсе де, Мәжілісте жұмыс істеп жүрмін. Мұның бәрін табан ақы, маңдай терімнің арқасы деп білемін. Тіпті, бір кездері өзім тәрбиелеген, менімен қызметті бірге атқарған азаматтар Парламентте депутат болып жүр. Осының бәріне шүкіршілік етемін. Елдің дамуы әрбір азаматтың адал еңбек етуіне, отаншылдығына байланысты болмақ. Қайда жүрсек те «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген асыл қағиданы ұмытпауымыз қажет. Жастарға айтар ақылым осы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button