Басты ақпаратБілім

Білім ошақтарында түйткіл көп

Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясының қарсаңында бір топ депутат бірқатар білім беру ошақтарының жағдайымен танысты.

Депутаттар аралаған бұл оқу орындарының әрқайсысының өз түйткілдері бар. Қаладағы орта мектептердің көпшілігіне ортақ бір мәселе – оқушылардың тығыздығы. Халық қалаулылары кеше барған төрт нысанның екеуінде аталмыш проблема алдарынан шықты.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған №34 орта мектеп ғимаратына 2010-2011 оқу жылында күрделі жөндеу жүргізілді. Өндіріс тұрғын алабында орын тепкен оқу орны 340 оқушыға шақталса, қазір мұнда 740 бала білім алып жатыр. Мектеп директоры Дидар Рахимберлинаның айтуынша, алайда басты мәселе мұнда емес.
«Бұрын бұл ғимаратта арнаулы білім беретін кәсіби-техникалық училище орналасқан. Училище жабылып, маңайда қазақ мектебі болмаған соң ғимаратты бізге берді. 2002 жылы ашылдық. Бірақ білім беру үдерісіне мектепке жапсарлас салынған жатақхана үлкен кедергі келтіріп отыр. Оның бірінші қабатында қазір 8 отбасы тұрып жатыр. Бұл – бұрынғы училищенің мұғалімдері. Егер олар көшірілсе, таза екі ауысымға көшер едік. Қазір бастауыш сыныптар аралық кезеңде, басқаша айтсақ, үш ауысымда оқып жатыр» деді ол.

ЖАТАҚХАНА  ЖОЙЫЛА МА?

Оның сөзінше, жатақхана мектептің балансында тұр. Онда тұратын отбасылар коммуналдық төлемдерді де төлемейді. Бәрін мектеп көтеріп отыр. «Біз екі рет соттастық. Жоғарғы сотқа дейін жеттік. Сот тұрғындарға баспана беріп, жатақханадан шығару туралы шешім шығарды» деді мектеп басшысы.
Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекеновтің пікірінше, жатақхана тұрғындарына баспана бермей, мәселе шешілмейді. «Соттың шешімі болса, мәселені қала әкімдігі арқылы шешу керек. Бұл кісілерді далаға қуып шыға алмаймыз. Олардың осында тұрып жатқанына біраз жыл болды. Шекелері шылқып отырғаны да шамалы. Баспаналары жоқ екені де белгілі сияқты. Оқушылардың қауіпсіздігін де ойлауымыз қажет. Құдай сақтасын, тұрғындар жағып отырған газ баллоны жарылатын болса, үлкен қайғыға тап боламыз ғой» деді депутат.

ЖАҢА МЕКТЕП ҚАЖЕТ

Депутаттар барған екінші нысан Кирпичный кентіндегі 1966 жылы салынған №12 балабақша – бастауыш мектеп болды. Бұрын бұл ғимарат тек қана балабақша ретінде жұмыс істеп, кейін тоғыз жыл­дық мектепке айналған. Ақыры ғимарат оны көтермей, балабақша-бастауыш мектеп болып қалды. «Ғимарат 120 балаға арналған. Алайда қазір мұнда 372 бала 0-4 сыныптарда оқып жатыр, 40 балдырған балабақшаға барады. Екі ауысымда оқытып жатырмыз» деді нысан директоры Сәуле Қалқаманова.
Депутаттардың сөзінше, ертеректе аталмыш кентте мектеп салу мәселесі көтерілген. Бірақ, бұл бастама жүзеге аспай қалды. «Балабақша-бастауыш мек­­тепті жөндеп, балабақша ретінде ғана қалдыру керек. Осы маңайға бәрібір балабақшалар салу қажет болады» деді депутат Зейнолла Шібкенов. Рамзия Умербаева әріптесін қолдап, оқу сыныптарының орналасуына назар аударды. «Мұнда бір сынып арқылы екінші сыныпқа өту керек екен. Бұл жағдай оқу үдерісіне кері әсерін тигізеді» деді ол.
Депутаттардың бәрі де кентке мектеп керек екендігіне тоқтады. «Жаңа мектепті осы балабақша-мектептің ауласында-ақ салуға болады. Оған жер көлемі толығымен жетеді. Ғимараттарды ысырудың да қажеті жоқ. Атап айтарлығы, мектепті салу мәселесін көтергенімде, осы ауданда тұрғын үйлер болған жоқ. Қазір мұнда 22 үй тұр. Олардың бәрі заңсыз салынды» деді Зейнолла Рахымұлы. Нысан басшысы оның сөзін растап, балабақша-мектеп 5 гектар аумаққа ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, ғимарат балабақша-бастауыш мектепке айналған соң 5 сынып пен одан жоғары сыныптардың оқушылары №55 орта мектепке жіберілді. «Бұрын балаларды қалай сыйдырғанымызға қазір таңғаламын» деді ол.
Сондай-ақ, осы ғимараттың жертөлесін жер асты сулары да әредік басады екен. Балабақша-бастауыш мектеп басшылығы суды сорғызып тұрады. Оған арнайы көлік бөлінді. Сарыарқа ауданының әкімдігі мен Білім басқармасы да осы мәселе бойынша жәрдем беріп тұрады. Алайда, жағдай түбегейлі шешілмей тұр. Директор депутаттардан осы жағынан да көмек беруді сұрады.

КОЛЛЕДЖ КӨШЕ АЛМАЙ ОТЫР

Құрылыс-техникалық колледж ғимаратын күрделі жөн­деу­ден өткізу жоспарланып отыр. Оның директоры Серік Малгелдиновтің сөзінше, жобалық-сметалық құжат әзірленіп, тиісті қаржы бөлінді. Алайда осы ғимаратта тағы энергетика және байланыс колледжі де білім беріп жатыр. Яғни, бір ғимаратта екі колледж орналас­қан. Осы жағдай жөндеу өткізуге кедергі келтіріп отыр.
«Біз ғимараттың бірінші қабатындағы жатақхананы алып отырмыз. Біздің оқу орнына тиісті ғимарат Ш. Қосшығұлұлы көшесінде салынды. Бірақ оған көше алмай отырмыз. Оның себебі, ғимаратқа апаратын жол салынбай, аула абаттандырылмаған. Осы жағынан бізге көмек берсеңіз» деді энергетика және байланыс колледжінің директоры Сәуле Өмірбекова.
Депутаттар барған соңғы нысан № 8 орта мектеп болды. Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаевтың сөзінше, апаттың алдындағы нысан болып танылған бұл мектепте өткен жылдың қыркүйегінен бастап білім беру үдерісі тоқтатылды. Орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім шығарылды.
Депутаттар бүгін де бірқатар бі­лім беру нысандарын аралайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button