Қала тіршілігі

Су басқан аймаққа көмек

Бастамашы топ елордалықтарды су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының ауыл-аймақ­тарына көмек қолын созуға шақырады. Көмекке киім-кешек, азық-түлік және қаржылай көмек қабылданады.

Айта кетейік, 10 наурыз күні қар суы мен жауын-шашын салдарынан Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданын су басты. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде Аягөз, Үржар, Күршім, Ұлан, Глубокое, Зайсан аудандары су құрсауында қалып, тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Осыған орай, Астанада тұратын шығысқазақстандықтар бастама көтеріп, үй-жайлары су астында қалған жерлестеріне көмек жинауда.
«Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, бүгінге Аягөздің өзінде 400-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өзім сол елдің тумасымын. Кешеден бері ел болып көмек жинап, қызыл судан зардап шеккен ауылдарға жөнелтуді жөн көрдік. Тек жерлестер ғана емес, кез келген елордалықтар қатыса алады. Ақшалай көмекпен бірге азақ-түлік, киім-кешектер қабылданады» деді бастамашыл топтың мүшесі Медет Шаменов.
Оның айтуынша, қазір жиналған заттар мен азық-түліктерді елге жеткізу мәселесі шешіліп жатыр.
«Бұл бастаманы қолға алғанымызға бір-ақ күн. Қазірдің өзінде халық телефонмен хабарласып, көмекті қалай көрсетсек деп сұрап жатыр. Әзірге арнайы есепшот жоқ. Аударылған ақшаның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында шот ашсақ па деп отырмыз. Сондай-ақ, ШҚО-ның әкімдігімен келісеміз. Жиналған заттарды елге жеткізіп беру үшін жерлестер көлік жалдаймыз деп отырмыз» деді ол.
Су басқан Шығыс Қазақстан облысына көмек көрсетемін деген астаналықтар 8701 400 5026 нөмірі бойынша Медет Шаменовке хабарласа алады.
Бұл мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пікір білдірді. Атап айтқанда, басқарма елордалықтарды «Қайырымдылық керуені» шарасын қолдауға үндеді. Бүгіннен бастап Астананың барлық мешіттерінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек заттарын қабылдау бекеттері ашылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button