Sport

Бұрыннан белгілі бәсекелестер

Д тобы: Аргентина. Исландия. Хорватия. Нигерия

Мамандар бұл топқа бірден «аумалы-төкпелі», яғни «кімнің мықты шығатыны белгісіз» деген баға берді. Сонымен бірге, оның басқа төрттіктерге қарағанда, күштірек екенін де атап өтті. Бұған қоса, шоғырға енген командалар бұрыннан бір-бірімен бәсекеге түсіп жүрген сыралғы қарсыластар болып шықты. Айталық, Хорватия мен Исландия мұның алдында бір іріктеу тобында өнер көрсетіп, Украинаны артта қалдырып кеткен. Ал Аргентина мен Нигерияның соңғы 7 мундиальдың 5-еуінде бір топта ойнап келіпті. Соның бәрінде де аргентиналықтар жеңіске жеткен.
Енді бұлардың арасынан кімнің жұлдызы жоғары болып шығатынын дөп басып, анық тауып айтып беру қиын. Мәселенің бәрін Аргентина мен Хорватияның жартылай қорғаныс шебі шешіп береді.

Аргентина құрамасы

Аргентина бұл чемпионатқа іріктеу турнирінен әзер өтіп келіп отыр. Команда іріктеу турнирін нашар өткізді. Бұған елдің ұлттық футбол федерациясының ұзақ уақыт жаңа басшысын тағайындай алмағаны негізгі себеп болды.
Құрама ең ақырында өзінің лидері Лионель Мессидің орасан зор күш салуының арқасында кетіп бара жатқан пойызға мініп үлгерді. Ол Эквадормен шешуші ойында үш гол салып, командасын үлкен сәтсіздіктен аман алып қалды.
Алдағы әлем чемпионаты Аргентина үшін 15-інші байрақты бәсеке болғалы тұр. Жасақ бұған дейін екі рет (1978, 1986) әлем чемпионы, екі сапар (2004, 2008) Олимпиада жеңімпазы, 14 мәрте Америка кубогының иегері, бір рет (1992) Конфедерация кубогының иегері атанған. Тағы үш кезек (1930, 1990, 2014) мундиальдың күміс медалін қанағат тұтты.
Келесі айта кететін жай, аргентиналықтар матчтан кейінгі пенальтиде көбіне ұтып кетеді. Олар сондай бес кездесудің төртеуінде бәсекелесіне дес бермеген.

Исландия құрамасы

Мәңгі мұзды аралдың футболшылары 2016 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатында бұрын-соңды болмаған жетістіктеріне қол жеткізді. Олар біріншілікке әрең жолдама алғандарымен тұрмай, финалдағы топтық додада Хорватия, Украина және Түркия сынды қарсыластарын артта қалдырып кетті. Нәтижесінде 10 ойында 7 рет жеңіске жетіп, 16 гол соғып, тағы да ерледі.
Исландия әлем чемпионатында күш сынасатын ең шағын ел болғалы тұр. Оның тұрғындары саны 330 мыңнан аспайды.

Хорватия құрамасы

Хорватия футбол федерациясы іріктеу турниріндегі шешуші матч­тың алдында күтпеген қадамға барды. Сөйтіп, бас жаттықтырушы Анте Чачичті отставкаға жіберіп, орнына Златко Даличті қойды. Мұның дұрыс болғанын уақыт көрсетті. Хорваттар топта екінші орынға табан тіреп үлгерді. Сосын гректермен өткен соңғы қайтпа-қайт ойында 4:1 етіп жеңіске жетіп, 0:0 есебімен тең түсіп, әлем чемпионатына жолдама алды.
Хорватия құрамасы 1998 жылы өзінің ең алғашқы жаһандық жарысында қола жүлде жеңіп алған болатын.

Нигерия құрамасы

Ресейге келу жолындағы іріктеу турнирінде Нигерия Африканың қазіргі чемпионы – Камерун мен соңғы мундиальда жақсы жағынан көрінген Алжирден озып кетті. «Қара құрлықтағы» ең тұрақты ойын өрнегін көрсететін жасақтардың бірі ретіндегі Нигерия құрамасы соңғы алты әлем чемпионатының біреуіне ғана қатыса алмады. Ал бес біріншіліктің үшеуінде топтан шыға алды.
Нигериялықтар Африка ұлттары кубогының үш дүркін (1980, 1994, 2013) иегері, 1996 жылғы Олимпиялық ойындардың чемпионы болып табылады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button