Басты ақпаратРуханият

Дәстүр сабақтастығы

(Зият Шәкәрімұлының мұрасы хақында)

Туғанына биыл 165 жыл толып отырған Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық ізін, адамгершілік мұратын жалғастырған, артына мол әдеби мұра қалдырған талапты балаларының бірі – ақын, драматург, журналист Зият Шәкәрімұлы.

Отызыншы жылдардағы ел басына төнген қалың нәубат зауалы, ел ішіндегі аухалдың өзгеруі, кіші октябрь саясатының «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген талап әсері халықтың күн көрісінің қиындауына, аштықтың басталуына алып келді. Қазақстанның әр жерінде халықтың толқуы, елдің наразылығы күшейді. Голощекиннің саясатына қарсы Шұбартауда, Абыралының «Ақсай», «Самай», Шыңғыстаудың «Қарауыл», «Қарадыр» сияқты елді мекендерде де ел азаматтары көтеріліске шығады. Бұл тек мал-мүлкінен айрылған байлар ғана емес, малсыз, күйсіз қалған көптің ызы-кегі, жан ашуы еді. Қолдан жасалған ашаршылықтың аз ғана алдында қалған жаны да, тіршілігі де малмен тікелей байланысты халықтың «белдеуде бұзау қалмасын» атты ұранға қарсы бір тұяқ серпер қауқары да осы болатын.

«Шыңғыстау көтерілісі» деген атпен тарихта қалған кеңестік саясатқа қарсы шыққан көтерілістің белді мүшесі Зият Шәкәрімұлы еді. «Сендердің бір-екі жүз сойыл, он шақты мылтықтарыңнан құлайтын совет үкіметі жоқ! Мұның тамыры тереңде. Тоқтаңдар, тыйылыңдар қарақтарым! Жалпақ жұрттың обалына қалмаңдар» деп тыйым сөз айтқан Шәкәрім сөзіне ұйымдастырушылар тоқтай қоймайды. Ел арасына «Шәкәрім қажы бізбен бірге» деп өтірік әңгіме шығарып, халықты алдап ұйымдастырып, 1931 жылдың қыркүйегінің басында көтеріліске шығады. Қару-жарағы, өздері де аз, әрі мұндай дүниені бұрын көрмеген қалың көтерілісшілер талабын кеңестік отряд бірден талқанын шығарады. Дүркірей қашқан көтерілісшілер еріксізден тау ішіне қашып, Шыңғыс­тауды пана тұтады, «Банды» атанады. Зият болса, Шыңғысты ұзақ паналай алмасын білгендіктен осы жолы Шәкәрімнің мақұлдауымен көтеріліс басшылары Бердеш, Қасымбекке еріп Тарбағатайдың арғы бетіне Қытай еліне алыс сапарға аттанып, жан сау­ғалайды. Бұлар түнделете жасырын жүріп ескіше оқыған, дін жолына берілген, ел-ішінде атақ-абыройы жоғары Сонабайұлы Иса қажының ауылына жетіпті.

Ақынның ұстанған бағыты анық. Арлылық пен азаттықты бетке ұстанған ақын жалғыз емес. Бірақ солақай саясаттың ұстанымымен өңкей зиялылардың бір жерге азапты, аянышты күн кешуі өкінішті-ақ. «Өз халқын зар илеткен большевиктер, ешкімге олар түбі опа бермей» деген ой тек Шәкәрім баласының аузынан ғана шыққан сөз емес, сол кездегі Шыңсы Сайдың түрмесіне қамалған, ел болашағын ойлаған Таңжарық сынды зиялылар айтар сөздер

Зияттың осы Сонабайұлы Иса қажыға арнаған:

Меккеге тауап етіп барған қажы,

Мешіт пен медресе салған қажы.

Аш-арық адамдарды тойындырып,

Көз қырын мүсәпірге салған қажы, –

деп басталатын сегіз тармақты өлеңі сақталған.

Зият Қытайға барғаннан кейін әкесінің қапылыста оққа ұшқанын естиді. Сондағы жоқтауынан үзінді келтірсек:

Қажы еді әкем кәрі шал,

Жетпіс үште жасы бар.

Анық жеміс алғанға

Шөлдеген жанға еді бал.

Сүйегің қалды қиырда-ай,

Басыңа халқың жиылмай.

Туысқан бауыр, балаңнан

Топырақ қолдан бұйырмай….

Жиырма сегіз жасымда,

Жалғанның көрдім тарлығын.

Қайғыны салдың басыма

Ең ауырын барлығын.

Жоқтаудан көріп отырғанымыз­дай, Зият Қытайға 28 жасында барған. Иса қажы ауылында аз-кем тыныққан соң қалың елді аралап, тарақты Тышқанбайдың Қабдолла деген баласының ауылында болады. Қабдолла – заты осы күнгі Абыралы жерінікі, Шәкәріммен тұстас, ескіше оқыған, зиялы адам. Зият жастары шамалас Қабдолланың Айтқазы деген баласымен дос болады. Айтқазы көзі ашық әкесінің арқасында Семей қаласында 5 жыл орысша оқыған сауатты, аңшылыққа да құмар, алғыр құс, жақсы мылтық ұстайтын аңшы жігіт болады. Екеуі 1932 жылы Үрімші қаласына барып өлкелік үкіметтің ағарту ісінің бастығы Сейітқазы Нұртайұлының көмегімен арнаулы оқу орнына түседі. С.Нұртайұлы – Уфадағы Ғалия медресесін бітіріп, елде молда болып, одан кейін Орынборда гимназияда оқып, Ақмола қаласына келіп қызмет істеген жан. А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды алаш арыстары әсерімен туған халқының көзін ашып, сауаттандыру жұмысына белсене араласады. Ахмет, Міржақыптар тұтқындалған кезде Ақмоладан Шыңғыстауға келіп, Шәкәрім қажының аулында жасырынады. Онда да қауіп төнген соң Зайсанға кетіп, аяғында Қытай кетіп, Абақ керей ішіне сіңеді. Зият пен Айтқазы С.Нұртайұлының көңілінен шыққаннан соң, әрі Абай, Шәкәрім ауылынан көрген жақсылығы бар азамат екі жігітке үйінен орын беріп, тілеген оқуларына түсіреді. Сол жылы Зият Сейітқазының туған қызына үйленіп, отау болып шығады. Оларға жәрдемші Қабдолла ағай болады. Оның:

Бір ауыз сәлем жаздым Зият саған,

Кеше көрген бүгін жоқ пәни жалған.

Қажыға тартып туған асыл Зият

Көтерсін мәртебеңді хақ тағалам, –

деп басталатын сегіз жол өлеңі сақталыпты.

Зият Шәкәрімұлы 1934 жылдан бастап Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағының оқу-ағарту бөлімінде қызмет істесе, Айтқазы Ақсу қаласына есепші қызметке аттанады. Зият Алтай аймағында тұңғыш рет «Аюбай үкіртай» деген пьеса жазып, сахнаға қойғызады.

1935 жылы Зият қазіргі Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының орталығы Үрімші қаласындағы қазақ-қырғыз ағарту ұйымының ойын-сауық бөлімінің, «Шыңжаң» газетінің қазақ редакциясы әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Осы кезеңдерде «Қарагөз», «Шұға», «Қалқаман-Мамыр», «Жалбыр» пьесаларын сахнаға қояды. Отызыншы жылдары Шыңжаң халқының Мамыр төңкерісіне арналған Әнұранын Жәкеұлы Мұқашпен бірлесе отырып қазақ тіліне аударып, жастар арасына таратады.

Сейітқазы 1937 жылы Қытай жерінде «халық жауы» атанып тұтқындалғанда Зият та қоса алынып, қайтып оралмайды. Кейбір ел ішінде айтылатын деректерде Зият Сібірге айдалып, сол жақта көз жұмған дейді. Айтқазы да түрме дәмін татып, 1942 жылы ғана босап, өз ауылына аман-есен оралады.

Зият – Абайдың ақындық дәстүрінен тағылым алған Шәкәрімнің ақын ұрпақтарының бірі. Жоғарыда үзінділері келтірілген шығармалармен қатар оның артынан өзге де мұралар қалды. Оның бірі «Әкемнің қайғылы қазасы» деп аталады. Әке өлімін естіп, қатты қапаланған ақын:

Қан жұтып, қасірет шеккен мен

бір жанмын,

Мен неге оққа ұшпай жалғыз қалдым.

Өкінбес ем қажымен бірге өлсем,

Тағдырдың жазмышынан

тірі қалдым, –

деп басталатын отыз екі жолдан тұратын өлең шығарады. Онда әкесінің жарқын бейнесі жан-жақты ашылады.

1931 жылы Зият Қытайға аттанғанда Шәкәрім қажы өзінің тақымына басқан Қоңыр атын Зиятқа беріп, Шақпақтағы қорасынан «Керегетас» деген жерге дейін шығарып салады. 1935 жылы ел-жұртын, туған жерін сағынған Зият Шәкәрімұлы өзіне серік болған атына арнап «Қоңырат» деген өлең шығарады.

Әкемнің бір көзі бар менен басқа,

Тақымына басқан Қоңырат

міне, осында.

Мыңдаған ұзын сапар жолды басып,

Серігім, қанатым сол жүр осында.

Алтай аймағының Сарсүмбе қаласында туған жерден жырақ жүрген ақын әкесінің көзіндей болған тұлпарының ерекшелігін де жыр жолдарына енгізген. Иесінің атты айрықша баппен үйреткенін «Шауып келіп, оққа қойып суарса да, Індетті жұқтырмайды сом денесі» деген жолдардан байқай аламыз.  Қоңыраттың ең басты ерекшелігі – қандай қиын  жағдайға тап келсе де, иесін далаға тастап кетпейтіндігі. Бұл – иесіне деген адалдығы. Шәкәрімге ыстық болған тұлпардың оның баласы Зиятқа да серік болғандығы. Елсіз дала Шақпақта қатты науқастанып жалғыз жатқан Шәкәрім туралы айтқан Ахат естелігіне назар аударайықшы: «Ертеңгі  шайды ішіп отырғанда әкей айтты: «Келгендер Қоңыр атқа шөп салып кеткен. Менің дыбысым шықпай қалса, кісінеп, жер тарпып, пысқырып, тынышсыздана береді. Ал жөтеліп, даусымды шығарсам тыныштана қалады. Далаға қоя берсем, аунап, ойнақтап, қайтып келеді, біржолата кетіп қалмай, маған үйреніп алды» деді. Өздеріңізге белгілі, әкейдің «Қоңыр ат» деген поэмасы бар». Міне, жапан далада Шәкәрім қасынан бір кетпеген, ақынның қасында жалғыз серігі болған аттың кейіннен оның баласының да көңілінен шыққандығы.

Ақын өзі айтқандай, уақыт өзі төреші болып Зият ойының ақиқаттығын қазір заман көрсетті. Жетпіс жылдай үстемдік құрған қызыл өкіметтің қанды істері де ашылды. Бірақ ол тек Кеңес үкіметі аумағында емес, шығыс Түркістан жерінде де ел болашағын ойлаған қаншама адамдардың, зиялылардың өмірін қиып кетті

Бұл-дағы сағынады жерді білем,

Басқа үйірге қосылғаннан

байқап көрем.

Мені де қарайлайтын болса керек

Жершілік жылқының мен

өзім білем, –

дейді Зият ақын.

1935 жылы Алтай аймағының Сарсүмбе деген қаласында жазған шығармасының бірі «Мен кеттім жан сауғалап өз бетіммен» деп аталады.

Мен кеттім жан сауғалап өз бетіммен,

Туыстарым түрмеленді бір шетінен.

Келсем-дағы жат елге құр сүлдерім,

Қайғыға батып жүрген мен

шерлімін, –

деп басталатын өлеңде Абай мен Шәкәрімді қадір тұтатын, олардың ұрпағы деп жат елге келгенде өзін құрметпен қарсы алған, шерлі жүрегіне медеу болған Керей жұртына деген ақынның ықыласы айқындалады. Өлеңнің 22 тармақ жолы сақталған. «Ризық болды маған ата даңқы» дейді ақын.

Керейдің мекені екен Алтай, Сауыр,

Бұл жақта ел көрмедім, бұдан тәуір.

Айқасып өзі үшін де, елі үшін де,

Шайқасқан тарихы бар әжептәуір.

Оқымысты ойшылдар мұнда да бар,

Шәріпхан, Мәнкей, Мұқаш,

Баймолдалар

Күш қосып, көтеріліске Шыңжаңдағы

Алтайды азат еткен ер осылар.

Өлеңде аттары аталған адамдар – ел бостандығы, халық мүддесі үшін еш дүниеден жасқанбай көтеріліске шыққан, азаттық туын жоғары қоя, ұлт болашағын үшін өмірлерін сарп еткендер. Бұлардың Мұқаштан басқасы 1937-1940 жылдары Шыңсы Сайдың түрмесінде ажал құшқандар. Шәріпхан Алтай аймағының генерал-губернаторы, Мәнкей аймақтық мекеменің бас хатшысы, Баймолда Шыңжаң өлкелік өкіметінің мүшесі, халық істер басқармасының бастығы еді.

«Ұлы едім» атты әні бар Зияттың шығармасынан оның ақындық қарымын анық аңғаруға болады. Үрімжі түрмесінде жатқан кезде жазылған өлеңі ақынның заманға деген көзқарасын айқындайды.

Ұлы едім Шәкәрімнің Зият деген,

Ән айтқан бала жастан қияқпенен.

Әкенің тәрбиесі сіңіп бойға,

Қиянат жанға жасау ұят дегем, –

дей келіп,

Осыны ұстап өтемін,

Шыңғыстау еді мекенім.

Зұлымның түсіп торына

Тас түрме болды төсегім, –

деген өлең қайырмасы келеді. Ақынның ұстанған бағыты анық. Арлылық пен азаттықты бетке ұстанған ақын жалғыз емес. Бірақ солақай саясаттың ұстанымымен өңкей зиялылардың бір жерге азапты, аянышты күн кешуі өкінішті-ақ. «Өз халқын зар илеткен большевиктер, ешкімге олар түбі опа бермей» деген ой тек Шәкәрім баласының аузынан ғана шыққан сөз емес, сол кездегі Шыңсы Сайдың түрмесіне қамалған, ел болашағын ойлаған Таңжарық сынды зиялылар айтар сөздер.

Кім қалай зұлымдықты жасырады,

Әзірше олар десін асырады.

Әлемнің тарихы егер анық болса,

Бар сыры большевиктің ашылады.

Ақын өзі айтқандай, уақыт өзі төреші болып Зият ойының ақиқаттығын қазір заман көрсетті. Жетпіс жылдай үстемдік құрған қызыл өкіметтің қанды істері де ашылды. Бірақ ол тек Кеңес үкіметі аумағында емес, шығыс Түркістан жерінде де ел болашағын ойлаған қаншама адамдардың, зиялылардың өмірін қиып кетті.

Шүкіршілік, айрылмаймын

ұятымнан,

Өмірдің жүрсем-дағы қиясынан.

Сәлем де көзі ашық күллі адамға,

Ұлы бұл Шәкәрімнің Зиятынан, –

дейді ар-ұятты жоғары қойған ақын түрмеден сәлемін жолдап.

Зияттың «Сілбі» атты дастаны Шәкәрімге арналған. Ол шығарма:

Сәлем де көп Тобықты қауымына,

Қалды әкем Керегетас бауырында.

Қапыда тағдыр айдап оққа ұшты

Тұманның сілбі аралас жауынында, –

деп басталады.

Ал арнайы жазылған әні бар «Қош­тасу» атты шығармасы ақынның туған жерге деген сағынышына толы. Шыңғыс­тауымен, туған-туысымен зарлана қоштасуы.

Қош болғын атамекен қайран

Шыңғыс,

Түсті ауыр ел басына не бір мұңды іс.

Жосылдық Шәуешекке атты-жаяу

Көзіме жас толғаны менің тұңғыш.

Қорыта айтсақ, Абайдың ақындық дәстүрін, Шәкәрімнің ізгі мұратын жалғастырған Зият – әке арасындағы тек туыстық жақындықты ғана емес, рухани үндестікті, адамгершілік қасиетті, шығармашылық байланысты дамытқан ақын.

Жандос ӘУБӘКІР, «Абай академиясының»

директоры, филология ғылымдарының кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button