Әлеумет

ДАҒДАРЫС БАСПАНАСЫ ҚОРЛЫҚТАН ҚҰТҚАРА МА?

«Астана қаласы әкімдігінің зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арнал­ған дағдарыс орталығы-бас­панасы» өз үйінде қор­лық көретін әйелдер мен бала­лардың уақытша болса да жан жұбатар жері болып отыр. Орта­лықтың ашылғанына үш жылға жуық өтті. Астана әкімдігінің қаулысымен 2013 жылы мамырда ашылып, осы жылдың соңы­нан жұмы­сын бастаған еді.

Бұл бөлек салынған ғимарат, бірнеше жатын бөлмелері, әлеу­меттік, ме­дициналық, психо­логия­лық қызмет көр­сетілетін арнайы орындары тағы бар. Мұнда ашылғалы бері жүзге тарта әйелге, екі жүзге таман балаға қызмет көрсетілген. Жыл басынан бері 41 балалы әйел уақытша тұрып жатыр.
Әйел құқықтарын қорғау, әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту, қиын жағдайға тап бол­ған нәзік жандыларды ты­ғырықтан алып шығып, дер кезінде кешенді көмек қолын беретін мемлекеттік мекеме – орталық қызметін ризашылықпен айтуға тұ­рар­лық. Жағдаяттың екін­ші жағына келгенде, екі адам­ның арасындағы, әрі кетсе әулеттің ортасында шеші­летін түйіннің мемлекет араласатын кеселге айналғаны да ойландырады.
Астаналық зорлық-зом­­бы­лық құрбандарына арналған орталықтың ашы­луының маңызы зор. Елорда бой кө­тергелі ішкі миграцияға жан бітіп, жастардың дені Астанаға бет алуда. Ал көп­теген отба­сылардың ауыл­дағысы – қа­лаға, қа­ла­дағысы – елордаға кө­шін түзеп, жаңа жерде жақсы өмірді көздегендері қаншама. Алайда, мұнда келгендердің бәрі бірдей бас­паналы болып, ә дегеннен жағдайы түзеліп кете қойған жоқ. Пәтерден-пәтерге көшіп, күнделікті тұрмыс тауқыметі аздай, әлі орнықпаған шиеттей жас балаларының жайы қосылса, жығылғанға жұ­дырық болатыны сөзсіз. Қай ұрыстың да арты жақ­сылыққа апармайды. Қара күшіне сенген еркектің мысын басар ағайыны алыста, әйелдің ақыл қосар абысыны жанында жоқ. Күрделі жағ­дайда жалғыз қалып жан­ұшырған жанның барар жері осы орталық болып отырғаны айтылған деректер сөзімізге дәлел болады.
«Күн сайын сенім теле­фонына кем дегенде екі-үш әйел хабарласып жатады. Бізге хабар­лас­қан­дардың көбісі заң­гердің, психологтың ке­ңе­сін алады. Белгіленген тәр­­тіп бойынша орталыққа кел­ген әйел бір тәуліктен бастап сот арқылы барлық мәселелерін толық шешкенге дейін бола алады. Мерзімнен шектеудің қажеттігі бар. Себебі, оларды әлеуметтік қорғау орындарына артық салмақ салғызбай, аз уақыттың ішінде мәселелерін шешіп алуына мүдделіміз. Мұнда келгендерге бір сәтке болса да кең тыныстап, жақсы мен жаманды көңіл таразысынан өткізуге мол мүмкіндік береміз. Біз, ең алдымен әйелдің өзіне сенімі артып, өмірден өз орнын тауып, батыл қадам жасауына бар күшімізді саламыз» дейді орталықтың әлеуметтік қызметкері Гүлнар Әлібаева.
Орталықтың жұмысымен жақын танысу үшін оның тұрғындарымен сөйлесуге тура келді. Әрине, жақы­нынан зәбір көрген жан өзгеге сенім­сіз қарауы – заңды. Сонда да суыртпақтап сыр тартып, біраз нәрсеге көзіміз жетті. Алқымындағы қанталаған екі қолдың ізі кетпеген келіншек төрт баласымен түсіпті. Күйеуі араққа салынбаған, жөнсіз ұрыс-керіске де жоқ екен, бі­рақ… құмар ойынға құлқы кеткен. Бар ақшаны соған салады. Қарсы келген келіншегін буындырып өлтіре жаздапты. Жап-жас мына келіншек «күйеуім жақсы, тек енем жат ағымды дінге енгізіп, жолдан тайдырып жүр» деп безілдейді. Оның да екі баласы етегінен тартқылап, әкесі жайында айтылған әң­гімені жақтырмағанын білдіріп тұр. Келесі байғұстың үстіне «алқаш» байы керосин құ­йып жатқан сәтінде қашып құтылыпты. Оның да ержетіп қалған екі баласы бар. Бір келіншек өткен жылдың жазында орталықты бір паналап кеткен екен, күйеуінің «жаздым-жа­ңылдым» деген сөзіне сеніп қайта қосылыпты. Алайда, араға алты ай өтпей қайтып келіпті. Енді біржола айырылысудың амалын жа­самақ. Оның да артында үш бала… Тағы бір келіншектің осында келуінің себебі бір басқа. Ішіп келсе, баласының әкесі жалғыз ұлының мазасын алып, «нағыз еркек­ше» тәрбиелейді екен. Қолға түс-
­­кен сыпырғы ең жұм­сағы… Араша түскен анасы­ның көр­меген қорлығы жоқ. Міне, «Бұ­ланты» кө­ше­сінде орналасқан үйдің тұр­ғын­да­рының жайы осы, ал көздері жәудіреген сәбилердің тағды­ры қалай болары тағы белгісіз.
Отбасы мүшелері сый­ластық пен сүйіспеншілікке бөленбесе, ол үйдің баласы отбасы құн­ды­­лықтарының не екенін біл­мей өссе, оның тағдыры не болады? Басқа рухани құнды­лық­тарды қозғамай-ақ, қара­пайым тұрмыстық зорлық-зомбылықтың не екенін, оның ақыры неге апаратынын екінің бірі біліп, ескеріп жүр ме?
Психологтың айтуынша, отбасында алмаған тәрбие мен мейірімнің кемшіндігі көпті тығы­рық­қа тірейді екен. Оқы­ған-
тоқығаны жоқ, еш дайын­дықсыз жаңа өмірдің жа­уапкершілігін сезінбей қадам жасайтындардың алды осы үйді паналап жүр. Кез келген зорлық-зомбылық жеке тұлғаны құрдымға бастайды. Жекелеген жандардың құқығының тапталуына қоғамның бейжай қармайтынын Орталық жұмысынан байқап, қорлық көргендердің жіберген қате­ліктерінің түзеуіне атсалысқан жандарға ал­ғысымызды біл­дірдік.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button