Мәдениет

Мың күй күмбірлеген кеш

Конгресс-холда  Нау­рыз  мерекесі  мен  Тәуелсіздіктің  25  жылдығына ар­налған «Қазақтың мың күйі» атты концерт өтті. Оған Астана қаласы мем­лекеттік академиялық филармониясы бастаған өнер ұжымдары, атап айтсақ, Қазақ оркестрі, «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблі, жақында ғана құрылған «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, сондай-ақ, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шат» домбырашылар ансамблі қатысты.

5Q0A7847

«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деп айтып кеткен екен кезінде ұлтымыздың классик жазушысы Мұхтар Әуезов. Расымен, күйімізді тыңдап, қазақты тануға болады. Яғни, ұлт болмысы оның күй өнерінен көрінеді.
Күй өнерінің шығу тарихы баяғы-бағзы замандардан тамыр тартады. «Күй – өте көне өнер, оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, ұлыстық дәуірден бастау алады. Ұлыстық дәуір мәдениеті сақ, ғұн, үйсін, қаңлы замандарынан сыр шертеді» дейтін дәулескер күйші Жанғали Жүзбай Алтын Орда дәуіріндегі музыкалық мұрамыз ретінде «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйінің тарауларын мысалға келтіреді.
«Күйдің ұлттық дәуірі деп Қазақ хандығы заманын айта аламыз, бұл – жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып бол­ған кезеңі. Бұл кездегі күйлер-тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғысы баяндалады. Мәселен, Асан қайғының күйлері, қазақ пен ноғайдың айрылысқан трагедиясына шыққан толғау күйлер, көне жер-су аттарына бағышталған күйлер осы кезеңнің ескерткіштері» деп ойын әрі қарай тарқататын күйші қазақтың күй өнерінің айрықша дамыған кезеңі ретінде ХVІІІ-ХІХ ғасырларды көрсетеді. Оның айтуынша, бұл кезеңде қазақ күйлерінің аймақтық мек­тептері қалыптасып, әртүрлі күйшілік үрдістер шеру құрды. Осы күнгі ұлан-ғайыр күй өне­рінің барлық інжу-маржаны сол кезде түбірленіп туындады.
Күйші Құрманғазы, Дәу­леткерей, Тәттімбет, Қожеке, Қазанғап, Бейсембі сынды күй май­талмандарының өмір сүрген кезеңді күйдің гүлденген уақытына балайды. Елордада өткен кеште өнер көрсеткендер де қазақтың күй өне­рінде өшпес із қал­дыр­ған тұлғалардың шығар­маларын тартып, көне дәуірлерді күм­бірлетті.
Мәселен, Қазақ ор­кестрі­нің репертуарында Қор­қыт, Абыл, Түркеш, Құрман­ғазы, Ықылас, Сүгір, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина сынды күйшілердің және А.Жұбанов, М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев, М.Қойшыбаев, К.Күмісбеков, М.Манғытаев секілді компози­торлардың туындылары бар. Олардың бірсыпырасын тыңдаған көрер­меннің құлақ құрышы қанып қалды.
«Сарыарқа» ансамблінің мү­шелері қобыз, сыбызғы, шаң­қобыз, сазсырнай, жетіген, домбыра, адырна, шертер, дабыл, дауылпаз, қоңырау, асатаяқ, тұяқтас сынды ұлтымыздың көнеден келе жатқан аспаптар үнін прима қобыз, домбыра-контрабас, баян, блок-флейта сияқты кейіннен шыққан аспаптармен тамаша үндестірді.
«Қорқыт» тобы ғасырлардың қойнауындағы музыканы жаң­ғыртты. Белгілі күйші-ком­по­зитор Секен Тұрысбек жетек­шілік ететін «Ақ жауын» ка­мералық оркестрі кешегі және бүгінгі заманның музыкасын залға алып келгендей болды. «Шат» домбырашылар ан­самблінің өнерінен жастық жалын есіп тұрды.
Осыдан бес-алты жыл бұрын «Қазақтың 1000 күйі» антологиясы жарық көргенін айта кетейік. Одан соң қазақтың мың күйінің оркестр мен ансамбльдерге арналып жасалған партитуралар жинағы жасалды. Қазіргі таңда өнер ұжымдары да осы партитураларға сүйеніп, күйлерді орындап жүр. Оған елорда төрінде өткен концертте тағы көз жеткіздік.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button