Мәдениет

Шығармашылықта шекара жоқ

Жастар  сарайында  «Шекарасыз  шығармашылық» атты мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған фес­тивальдің гала-концерті мен марапаттау рәсімі өтті. «Хореография», «вокал» және «ымдау тілінде ән орындау» аталымдары бойынша ұйымдастырылған фестивальге бастапқыда жиырма жеті адам қатысты. Іріктеле келе, екінші кезеңге жиырма үш дарын өтіп, финалда өнер көрсетті.

Аталмыш фестивальдің осыдан төрт жыл бұрын бас­тау алуына Астана қаласы Мәдениет, мұрағат және құжаттама бас­қармасының басшысы Болат Мажағұлов бастамашыл болды. Бұл бастаманы көпшілік қолдап, содан бері жыл сайын үзілмей елордада өтіп келеді. Қазіргі таңда бұған қатысушылардың қатары да артуда. Мә­селен, өткен жылы сайыс­керлердің басым бөлігі Аста­надан болса, биыл ел өңірле­рінен келген дарындар көп. Мұны Зағиптар қоғамының төрағасы Қуантай Тәкенов айтады.
Сонымен, «хореография» аталымында Петропавлдан келген Евгений Кузьмин мен Яна Дружкова жұбы «Ча-ча-ча» биімен көпшіліктің көңілінен шығып, екінші орынды иеленді. Ал, бас жүлде корей биін билеген батыс қазақстандық Жалғас Жанатқа бұйырды.
«Вокал» аталымында аста­налық Халида Нефедова үшінші орынды, қарағандылық Арман Қарынсау екінші орынды алса, Ақниет Алтынбек пен Жанар Әділбекова бірінші орынды бөлісті.
Өз биімен үздік көрінген Жалғас Жанаттың «ымдау тілінде ән орындау» аталы­мын­да да өнері көрініп, оған
үшінші орын берілді. Мұнда екінші орыннан аста­налық Ерхан Төлеубеков пен Гүл­­раушан Жоханшаның өнері көрінді. Ал бірінші орын­ды петро­павлдық Айнұр Сайынова жеңіп алды.
Қызылжардан келген «Sensative» тобы фестиваль­дің бас жүлдесін солтүс­тікке алып кетті. Оларды қазы­лар алқасының төрағасы Хасан Исраилов марапат­тады. Атал­ған игі шараны ұйым­дас­ты­рушыларға алғыс айтқан ол барлық қатысушыларға шы­ғармашылық табыстар тіледі.
«Sensative» тобы жайлы аз-кем айта кетейік. Топ мү­шелерін Петропавл қала­сын­дағы есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатта жұмыс істейтін Ольга Ростовщикова өнерге баулыған. Бұдан бұрын топ­тағы балалар Италияда өткен халықаралық байқауда топ жарған. Сондай-ақ, Болгария мен Ресейде өткен фестивальдерге қатысқан. Биыл топ Барселонада өтетін «Испания аспаны астында» атты би фестиваліне қатыспақ. «Онда бар өнерімізді саламыз» дейді балалар.
«Өнерлі өрге жүзер» дейді дана халқымыз. Фестивальге қатысқан барша дарындарға өнер көгінде самғауды тілейміз.

А. Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button