Қоғам

Даңғаза жасамай жүргізетін жұмыстар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген уәжі ана тілімізге қатысты ойымызды қайта жандандыруға түрткі болды.

Осы ретте көкейкесті мәселенің бірі – мемлекеттік тілді цифрлық технологияға көшіру жайы. Дәлірек айтсақ, даңғазасыз, дабырайтпай, жұрт болып жұмылатын істер – аса қажетті компьютерлік бірыңғай бағдарламаны әзірлеу және оны бүкіл еліміз бойынша жаппай, ақысыз тарату жағын ойластыру. Соның ішінде мемлекеттік тілге қатыс­ты кез келген жаңа жобаларды меншік түріне қарамастан барлық бұқаралық ақпарат арналарында, әлеуметтік желілерде жан-жақты түсіндіріп, насихаттауды міндеттеу.
Біріншісі – мемлекеттік тілде сауатты жазуға мүмкіндік беретін, емле ережесіне қатысты қателерді іздеп табатын компьютерлік бағдарлама.
Екіншісі – дауыс таспасын (аудио) мәтінге айналдыратын арнайы дыбыстық конвертер. Мұндай оңтайлы әрі тиімді тәсіл көптеген елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Оның аударма үшін де артықшылығы мол.
Бүгінгі мемлекеттік тіл үшін ауадай қажет осы екі бағдарлама да қазақ тілінің қолданбалы-практикалық даму белесін анықтайды. Мұны сөзден іске көшудің нақты жолы деп білеміз. Мұндай бағдарламалар мемлекеттік тілде сөйлеуді ғана емес, жазуды да тезірек үйретеді. Сонымен бірге, іскерлік сөздік қорын түзуге, оны пайдалануға кең мүмкіндік туғызар еді. Бұған қоса, мемлекеттік тіл бойынша ілеспе аударманың (синхронды) стандарттарын бекітіп, осы сала мамандарын даярлайтын еліміздегі жоғары оқу орындарына арнайы мемлекеттік тапсырыс белгілеуді маңызды деп есептейміз. 1925-1927 жылдары Халық ағарту министрі болған көрнекті қайраткер Смағұл Садуақасұлы: «Қазақ тілін мемлекеттік тіл ету – билік басындағы бір-екі төренің емес, әрбір қазақтың намысына байлаулы іс» деп жазған екен. Осы сөздің астарын терең ұғынсақ, қазір мемлекеттік тіл үшін жауапкершілікті тек мемлекетке емес, әр отбасының, әрбір Қазақстан азаматының мойнына жүктеудің артықтығы жоқ деп ойлаймыз.
Бұл міндетті шешуде азаматтық қоғам институттары белсенділік танытуға тиіс. Яғни түрлі үкіметтік емес ұйымдарға, отбасылық, қоғамдық жобаларға, бірлескен форумдарға, тіл тазалығын сақтау шараларына және әлеуметтік сауалнамаларға тиісті гранттар қарастыруға болады.
Үшінші жұмыс. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» орындалу мерзімі де аяқталып келеді. Оны ұзарту немесе жаңасын әзірлеу барысында бұған дейінгі бағдарламаға енген бірқатар науқандық немесе бір реттік шаралар мен түрлі байқаулардан арылып, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларға сәйкес келетін және халықты көбірек қамтитын онлайн-семинарлар, тренингтер өткізуді, қашықтықтан оқыту, дуальды білім беру жүйелерін жолға қойса, құба-құп болар еді.
Осы нақты үш жұмысты жұмыла атқарсақ, күн тәртібінде мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейтудің, латын әліпбиіне көшудің тиімді шараларына, электрондық БАҚ-тарда, әсіресе, балаларға арналған хабарларды барынша көбейтуге, көркем аударма саласын одан әрі байыту мен жүйелеуге, тіл тазалығын сақтауға қатысты тиімді тетіктердің өздігінен қосылып, мемлекеттік тілдің өрісі кеңейетіні сөзсіз деп ойлаймыз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button