ДенсаулықЖаңалықтар

ДӘРІГЕР. ҰСТАЗ. АЗАМАТ

Ортопедия – тірек-қимыл қызметін қамтамасыз ететін медицинаның бір саласы. Жотадан бастап аяқ-табан сүйектерінің қисық өсуі, буын сүйектері ұштарының кемірілуі, остеомиелит, остеопороз, майтабандылықты және адамның өн бойындағы тұлғасының кінәраттарын емдейді.

Ал травматолог-дәрігерлер жазатайым жарақат алып, аяқ-қолын сындырып алғанда алғашқы көмекті көрсетеді. Осы екі саланы біріктірген Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының пайда болуына елорда халқының саны күрт өсіп, жазатайым жарақат алғандардың көбеюі себеп болған екен.

Ол кезде астанамыздың іргесі енді қаланып жатқан кез. Есілдің екі жағы үлкен құрылыс алаңына айналған. Құрылыс қарқынына қарай алып ғимараттарды тұрғызып жатқан құрылысшылардың жарақаттануының жиілеуі кешенді емдеу орнына деген сұраныс туындатты. Содан 2001 жылы облыстық клиникалық аурухана базасында осы орталық құрылып, қысқа мерзім ішінде институттың негізін қалаушысы әрі директоры Нұрлан Батпенов травматологиялық-ортопедия­лық бөлімді ірі ғылыми-клиникалық орталыққа айналдырады. Бүгінде 70 жасқа толып отырған Нұрлан Жұмағұлұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР МҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Денсау­лық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің штаттан тыс бас травматолог-ортопеді, Қазақстандық травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті, жоғары біліктілік санатындағы травматолог-ортопед дәрігер, SICOT ұлттық өкілі, жол қозғалысы қауіпсіздігі бо­йынша БДСҰ ұлттық өкілі, 2015 ж. әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ірі ғылыми институт қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу, емдік және білім беретін үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді.

Ғалым-дәрігердің 770-тен аса баспа жұмыстары бар, олардың ішінде 12 монография, үш тілде «Ұршық буынды эндопротездеу­дің толық тізбесі», 32 оқу-әдістемелік құрал, тәжірибелік жетекшіліктер, 60-тан аса авторлық куәліктер, патенттер. Оның жетекшілігімен 6 докторлық, 20 кандидаттық диссертация қорғалды.

Оның «Каз НИИТО» деген қазақстандық протезді ойлап табу арқылы ел медицинасының абыройын әлем алдында асқақтатқанын көпшілік біле бермейді.

«Әрине, адам жарақат алғанда қолы сынып, тобығы шығып кетуімен шектелмейді. Әдетте, ішкі органдарына, бас сүйегі, басқа да адамның қалыпты өміріне зақым келеді. Бір мүшесі екі-үш жерден сынып жатады. Бұл жерде жоғары технологиялық медицина арқылы барлық мамандардың күші біріккенде ғана адам өмірін алып қала аламыз. Отаны барынша тез, сапалы, тиімді жасау арқылы оңалту үдерісін жылдамдатуға тиіспіз. Жарақат алғанға дейінгі өзінің қалыпты тірлігіне тез бейімделуіне мән беруіміз керек. Бұл – бүгінгі травматология мен ортопедияның алдында тұрған ортақ мақсат,» – дейді институт директоры.

Жарақат алғаннан келген шығын алдымен елдің экономикасында білінеді. Тек қана жол-көлік жарақатынан қаншама мың адам көз жұмып, қаншама адам мүгедек болады. Бұл мәселе республиканың денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан. Осы бағдарлама шеңберінде санитарлық авиация қызметі, мобильді медициналық кешендерді, республикалық маңызы бар апаттық-қауіпті жерінде трассалық медициналық құтқару пункттерін құру қолға алынды. Дегенмен шұғыл жеткізу қаншалықты маңызды болса, адам өміріне күрестің маңызды бір бөлігі травматология-ортопедия­лық көмекке байланысты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы осы орталықтың дәрігерлері туралы газетімізде аз жазылып жүрген жоқ. Олардың бәрі жоғары біліктілігімен, жоғары мәдениетімен де ерекшеленетінін айтқанбыз да. Қаламыздың денсаулық саласындағы басты бір буынның үздік дамуына тәжірибе мен білімді ұш­тастыра білген басшысы Нұрлан Батпеновтің қосқан үлесі орасан деуге негіз бар.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button