Жаңалықтар

«Уақытқа саяхат» көрмесі ашылды

Елордадағы Ұлттық музейде белгілі суретші, тарихшы-этнограф, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қалиолла Ахметжанның «Уақытқа саяхат» атты көрмесі ашылды.

Қалиолла ағамыз қазіргі Ақкөл ауданындағы Өрнек деген шағын ауылда өмірге келген. И.Репин атындағы Санкт-Петербург сәулет және мүсін, кескіндеме институтын тәмамдаған. Қылқалам шебері бейнелеу өнерімен бірге көп жылдардан бері ұлттық қару-жарақ түрлерін зерттеп жүр. Соның нәтижесінде байырғы бабаларымыз ұстаған қару-жарақтың ғылыми-графикалық суреттерін жасады. Бұл тақырыпта ғылыми диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды. Қазірге дейін суретшінің әскери өнер, қару-жарақ туралы 70-тен аса ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрді. Автор бір мақаласында: «Кеңес өкіметі кезінде көшпенділердің ешқандай ұлттық қару-жарағы болмады деп жазды. Бірақ мен архивте отырып зерттеу жүргізгенімде, бабаларымыз қолданған қару-жарақтың біраз екендігін білдім. Сол кезеңде Худяков, Соловьев секілді орыс ғалымдары археологиялық зерттеу жұмыстарында орта ғасырда өмір сүрген көшпелі жұрт ұстаған қару-жарақ түрлерінің көптігін дәлелдеді» деп айтады.

Көрменің ашылуында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мерейлі жасқа толған айтулы азаматқа ізгі лебізін білдіріп, оның шығармашылығы жайында жылы пікірін білдірді.

Көрмеге автордың әр жылдары түрлі жанрларда салған еңбектері қойылды. Суретшінің картиналарында көне мифтер, эпостар және ертегілердегі кейіпкерлер мен ұлы тұлғалар бейнелері айшықты көрініс тапқан. Әсіресе, келушілер қазақ эпосының кейіпкерлері бейнеленген картинадан көз алмады.

Бүгінде Қалиолла ағамыздың есімін еліміз ғана емес, алыс-жақын шетел жұртшылығы да жақсы біледі. Азия мен Еуропаның бірқатар елдерінде жеке көрмесі өткен. Сонымен қатар суретшінің жұмыстары АҚШ, Швеция, Пәкістан, Жапония, Германия, Иран, Қытай, Түркия секілді мемлекеттердегі жеке коллекцияларда сақтаулы тұр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button