ӘлеуметЖаңалықтар

ДЕМОКРАТИЯ ТАҒЫЛЫМДАРЫ

669988287886

Көптеген мемлекеттердің Конституциясы сол елдердің негізгі саяси-құқықтық құжаты әрі нормативтік-құқықтық ережелерінің өзара қабысқан жиынтығы саналып, ең жоғары заң күшіне ие болады. Сондай-ақ, бұл заңдар қоғамдық қарым-қатынастарды, саяси жүйелер мен саяси режимдерді негізге ала отырып, мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарын институттандыру ұстанымдарын көздейді.

Сайып келгенде, Конституция анықтамасы былайша тұжырымдалады. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ол басымдық, ететін қоғамдық күштердің еркін білдіре отырып, сол елдің қоғамдық және мемлекеттік құрылысын, құрылымын, сонымен қатар, әртүрлі қоғамдық органдардың қызметін көрсетеді. Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Орта ғасырдағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде, қазақ даласындағы бізге мейлінше мәліметті болып жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері Қазақ елі Конституциясының  іргетасының ертеректе қаланған көрсетеді. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады. Ал, кейінгі ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі.

1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына қатысты нормалар енді.

 Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі, басты нормативтік актісі. Бұл құжат мемлекеттік және қоғамдық құрылыстары, олардың ұйымдастырылуы мен болашаққа бағдар жасай отыра қызмет ету қағидаларын белгілейді. Бұнда адам мен азаматтың конституциялық мәртебесі белгіленген. Мемлекет пен қоғамның негізгі заңы ретінде Конституция бүкіл заң шығару ісінің қайнар көзі болып табылады. Дәлірек айтқанда, барлық нормативтік актілер Конституцияның ережелеріне негізделіп қабылданады. Қазақстан Республикасының Конституциясының тағы бір маңызды ерекшелігі – ол бір жағынан мемлекеттің, ал екінші жағынан қоғамның негізгі заңы болып табылады. Бұл құжаттың ең жоғары заңдық күші бар. Мемлекет органдарының қабылдайтын заңдары мен нормативтік актілері Конституцияға қайшы келмеу керек деген мағынаны береді. Мемлекет органдары, жергілікті және орталық органдар да, әрбір лауазымды тұлға мен азаматтар Конституция қағидаларын сақтау тиіс. Конституцияда оның ережелері мен нормалары тікелей қолданылады деген нұсқау бар. Яғни, әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға, әсіресе сотқа өтініш бере алады. Конституцияны және оның нормаларын пайдалана алады. Тарихқа бір тоқтала кетер болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдауымен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі қағидаларын баянды етуге тиіс болатын», – деп жазады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. Осы бағытта, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Алғаш қабылданған 1993 жылғы Конституцияның мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл Негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі –мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді көрсету.

Алайда, тұңғыш Конституция жобасының  кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан, арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданды.

  Осы Ата Заңымызды қолданып келе жатқанымызға да жиырма жыл өтті. Еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты Конституцияның қағидаттарына сәйкес айқындалды. Қазақстан Республикасының Конституциясының әлеуетін барынша толық пайдалану – қазақстандық қоғамның барлық саласын демократияландыра түсуге жол ашады. Мемлекеттің Негізгі заңы ретінде Конституцияның әлеуетін толық жан-жақты іске қоспасақ, саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық саясатты тиімді жүзеге асыру қиын, демократиялық-құқықтық қоғамды орнату мүмкін емес. Осындай Конституциясы бар еліміздің болшағы жарқын, елміздің дамуы, биіктерден көрінуі және халқымыздың өсіп-өркендеуіне өз септігін тигізері анық. Ата заңымызды құрметтеу әрбір азаматтың міндетті. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі Ата заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы дерлік қамтылғанын көрсетеді.

Нұрлыбек САҚЫПОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  профессоры.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button