Жаңалықтар

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ДАМУ НЕГІЗІ

KBB_7745

 «Сomfort hotel Аstana» қонақ үйінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы – тұрақтылық пен дамудың негізі» тақырыбында ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны Ата заңның қабылданғанына 20 жыл толуына орай Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Оның жұмысына ҚР Президенті әкімшілігінің инспекторы, Астана қаласы әкімінің орынбасарлары, елорданың ғылыми және шығармашылық зиялы қауымының, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

– 1995 жылы жалпы халықтық референдумда қабылданған бүгінгі Ата заңымыз өз өміршеңдігін танытуда. Еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекіп, өз жемісін беруде. Мемлекеттің тиімді дамуын қамтамасыз еткен заңның үстемдігі нығайды. Біз бүгін осы қолданыстағы Конституцияның мерейтойы қарсаңында ой-пікірлерімізді ортаға салып, тәжірибе алмасуға жиналып отырмыз, – деді конференцияны ашып, жүргізген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымының докторы  Ермек Абдрасулов.

Ал, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев өз сөзінде «Конституция ең алдымен еліміздегі тұрақтылықтың кепілі болды. Елбасы – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қоғамдағы тыныштықты, ұлтаралық татулықты сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бір жарқын айғағы оның бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясын ерекше атап айтсақ болады. Биыл жиырма  жылдығын атап өтіп жатқан мұндай бірегей институт қазіргі кезде де еліміздегі тұрақтылықтың, бейбітшіліктің сақталуында маңызды рөл атқаруда. Оның қол жеткен жетістіктері мен қызметі әлемнің басқа да мемлекеттері үшін үйреніп, үлгі аларлықтай дәрежеге жетіп отыр. Бұл – еліміздегі ең басты уақиғаның бірі» деді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз» деген еді. Міне, осы қағиданың халық санасына сіңуіне атсалысып жүрген азаматтар баршылық дей келіп, Астана қаласы әділет департаментінің басшысы Қанат Мусин Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин мен Қазақ мемлекеттік заң университетінің профессоры Сергей Ударцевті «Қазақстанның құрметті заңгері»  атағымен марапаттады.

Бұдан кейін «Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың ерекшеліктері» тақырыбында Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің инспекторы Николай Турецкий, «Адам құқы мен бостандығының кепілі» тақырыбында  Астана қаласы прокуратурасы ардагерлер кеңесінің мүшесі Қайрат Кенжеболатов, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруда конституциялық кепілдік» тақырыбында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Еркеш Нұрпейісов және т.б. баяндама жасады.

Конференцияда жастар арасындағы кейбір құқықтық сауатсыздық мәселелері сөз болып, мектеп бағдарламасына арнаулы пән енгізу ұсынылды. Сондай-ақ, құқықтық нигилизмның алдын алу үшін жүргізілуі тиісті жұмыстар да талқыланды.

 Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button