Мәселе

Деструктивтік идеологияға жол берілмейді

Осы аптада елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында ведомство басшысы Аида Балаева министрліктің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын жариялады. Отырысқа Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ҚХА, ҮЕҰ, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері қатысты.

Министр ақпарат, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынас, мәдениет, мұрағат, құжаттама және кітап ісі, жастар, отбасы және гендерлік саясат, сондай-ақ креативті индустрия салаларында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарды баяндады.

– Мәдениетіміздің өткені мен бүгінін ұтымды ұштастыру, сол арқылы оның ертеңгі келбет-болмысын жасау, оны әлемнің төріне оздыру – баршамызға ортақ міндет. Ал оның түбінде ұлық ойлардан бөлек, қарапайым шаруа, күнделікті шаралар жатыр, – деген министр бұл жұмысты 2029 жылға дейінгі мәдени саясат тұжырымдамасын жүзеге асырудан бастағанын жеткізді. Соның аясында 44 мәдени нысанның құрылысы аяқталса, тағы 260-ы жөндеуден өтті. 64 мыңға жуық мәдениет қызметкерінің жалақысы 55 пайызға өсті. Былтыр республикалық концерттік ұйымдарда 500-ден аса концерт ұйымдастырылып, 2 мыңнан аса спектакль, 65 жаңа қойылым сахналанды. Сондай-ақ еліміздегі татулық пен ынтымақты ту еткен «Бірлік» ансамблі құрылды. Өткен жылы Президент Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан 6 қаламгер «Халық жазушысы» атағымен, 8 өнер қайраткері «Халық әртісі» құрметті атағымен марапатталды.

Ақын-жазушыларға қолдау

Министр 2023 жылы жалпы таралымы 346 мың дана болатын 134 кітап жарық көргенін атап өтті. Соның ішінде «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен бұрын жарияланбаған 14 туынды 42 мың данамен оқырманға жол тартқан. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған 16 әдебиет 48 мың данамен басылып шығып, таратылды.

– Қандай өнердің болсын түп негізі – әдебиет. Әдебиет дамымай, өнердің басқа саласының толыққанды дамуы мүмкін емес. Әрине, мемлекет отандық ақын-жазушыларымызды қолдау мәселесін бір сәтке де ұмытқан емес. Өткен жылдары бұл бағытта жасалған жұмыс аз емес, – деген ол енді кітаптарды басып шығару, әдебиетті қолдау қалың көпшілікпен талқыланып, жаңа ережеге сәйкес жүзеге асатынын жеткізді. Осыған орай, министрлік жанынан әдеби клуб құру жоспарлануда.

Ұлттық кино сценарийі сүзгіден өтеді

Министрлік бастамасымен «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады.

– Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қолдау орталығының құрылғанына 5 жыл болды. Осы жылдар арасында 5 питчинг өтіп, 100 фильм өндірілді. Алайда фильм тақырыптарының біржақтылығын байқауға болады. Мәселен, ашаршылық, соғыс, нашақорлық тақырыбында фильм­дер басым болып тұр. Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурс­тық іріктеу ережесі өзгерді. Атап айтқанда, Ұлттық киноны қолдау орталығы алдымен сценарийлерді қабылдап, үздіктерін сараптама кеңесі іріктейді. Ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланады, – деді А.Балаева.

Архив, музей, кітапхана ісі жанданады

Барлық ведомство мен жүйе­лердің кітапханаларына қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылғы бірінші тоқсанда қанатқақты жобаға қосылатын 2 облыстық кітапхана анықталады.

Орталық мемлекеттік архив жанынан 700 мың сақтау бірлігіне арналған архив қоймасын салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Бүгінгі таңда елімізде 12 мұражай-қорық бар. Білетін адам үшін біздің тарихымыз ғана емес, бүкіл рухани тыныс-тіршілігіміз осы нысандарда. Қазір туризмнен түсіп отырған пайданың қомақты үлесі де сол мұражай-қорықтардың еншісінде.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

Мемлекет басшысының Жарлығымен ақпараттық доктрина бекітілді. Доктрина отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеті мен сапасын арттыру, оның құндылығын толықтыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

– «Онлайн-жарнама және онлайн-платформалар туралы» заң қабылданды. Заң онлайн-платформалар қызметін құқықтық тұрғыдан негіздеп, тиімді ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді. Министрлік ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасын дайындап, Мәжіліске енгізді. Президент мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасфераның даму үрдісін ескере отырып, медиа заңнаманы қайта қарау туралы тапсырма берген болатын. Соған байланысты «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды, – деді ол.

БАҚ саласындағы міндеттер қандай?

Министр 2024 жылы ақпараттық саясатты жүзеге асыруға қатысты бірқатар міндетті айтып өтті.

– «Масс-медиа туралы» заң қабылданғаннан кейін журналистердің мәртебесі артып, мемлекеттік ақпараттық саясат жетіле түседі деп ойлаймыз. Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды бөлу механизмінен гранттық қаржыландыруға көшеді. Заң жобасы отандық медиа-кеңістіктің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асырады. Бұл шаралар радиода шетелдік контентті қайталап көрсету мүмкіндігін 20-дан 10 пайызға дейін қысқарту, теле-радио арналардағы отандық контент пен тілдік үлесті жыл сайын 5 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту көзделіп отыр, – деді спикер.

Биыл ақпараттық доктринаны іске асыру жалғасады. Мәселен, «сұр тарелкаларды» таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу, медиа саладағы бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде бірыңғай медиа платформа құру, әсіресе шекара маңындағы аудандарда отандық телерадио хабарларын тарату аумағын кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар сыртқы ақпараттық шабуылдарға және деструктивтік идеологияның таралуына қарсы кешенді шаралар қабылданады.

«Онлайн-платформа және онлайн-жарнама туралы» заңның талаптарына сәйкес, жалған ақпаратты таратуға қатысты жауапкершілік көзделген. Бүгінде онлайн-платформалар мен интернет-ресурс­тарда 243 жалған ақпаратты тарату фактісі, атап айтқанда, онлайн-платформаларда 238, интернет-ресурстарда 5 факті анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейеді.

Журналистер ­біліктілігін арттыруға күш салады

БАҚ саласында қабылданған маңызды құжаттар мен министр­ліктің жұмыс жоспарына сәйкес, контент сапасы мен мазмұнын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады. Соған байланысты министрлік тарапынан журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша семинар-тренинг, оқыту курсын өткізу жоспарлануда. Жоспар аясында еліміздің барлық өңірін қамти отырып, журналистер үшін қазақ және орыс тілдерінде 40-қа жуық оқыту іс-шаралары өткізіледі. Соның ішінде фактчекинг, медиаэтика, киберқауіпсіздік және басқа да өзекті тақырыптар бойынша оқыту курсы өтеді.

Бұл ретте тоқсан сайын әр өңірде цифрлық медиа, фактчекинг, медиаэтика және медиа саланың басқа да өзекті бағыты бойынша кемінде 50 журналисті оқыту жоспарла­нуда. Сондай-ақ телеарналарда балалар контенті, экология­лық мәдениет, қарапайым еңбек адамы, ұлттық дәстүр, тәрбие, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету секілді өзекті тақырыптарға басымдық берілуге тиіс. Министрлік 2024 жылы салалық журналистиканы дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде республика бойынша 14 жоғары оқу орны базасында курстар өткізеді. Сонымен қатар министр еліміздегі 30 журналистика факультетінің оқу бағдарламасын түбегейлі жаңарту керек деп санайтынын айтты. Одан бөлек, халықтың медиасауатын арттыруға, баспасөз хатшыларының, өңірлік БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған 2024 жылға арналған медиасауатты дамыту жоспары әзірленіп, іске асуда.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button