Руханият

Ерекше екпін, тың серпін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада әдебиетке ерекше екпін, тың серпінмен келген жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» кітабының таныстырылымы өтті. Фариза Оңғарсынова атындағы залда өткен кешке астаналық ақын-жазушылар, белгілі әдебиетші ғалымдар, тіл мамандары, журналистер, студенттер қатысты. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Авторды мақтаудан ада, шынайы сын мен тілек айтылған танымдық кеш әдебиетке мүлде басқа толқынның, жаңаша ойлайтын жастардың келгенін танытты.

Белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы жас жазушы кітабының таныстырылымына арнайы келгенін, оның шығармашылығынан көп үміт күтетінін ағалық көңілмен әдемі жеткізді.

– Әлем әдебиетін қарасақ, XX ғасырдың басында постмодернистік бағыттағы француз жазушысы Марсель Прустың «В поисках утраченного времени» романын немесе ирландиялық Джеймс Джойстың «Улисс» роман­дарын оқып, оны түсініп, талдап бере алатындай оқырмандар қалыптасты. Қазір бізде бар ма ондай шығармалар? Жоқтың қасы. Күрделілеу дүние жазса, «ой, мынау тым күрделі жазады, адам түсінбейді…» деп жатады. Жазушы шығармасын оқып, оқырман баяғы оқырман сияқты қалып қоймай, ол да өсуі керек қой. Мысалы, шетелге барғанда, олардың оқырмандарымен сөйлескенде байқағанымыз, олар біздің әдебиеттанушылардан да жақсы сөйлейді, өресі кең, талғамы биік. Оларда әдебиеттегі абсурдтық проза, экзистенциалистік проза, әртүрлілік, әдебиеттегі талғам әбден қалыптасқан. Жазушылар өздері іздене отырып, жаңаша жаза отырып, жаңа оқырманды тәрбиелей білуі керек деп ойлаймын. Ал өкінішке қарай, біздің жазушыларымыз баяғы тарихи тақырыптарды қозғап, сол баяғы Алтын Орда кезеңін, тағы басқаларды қаузап жатады. Жалпы, әлемдік әдебиетте тарихи тақырыптарды үлкен прозаға жатқызбайды. Нобель сыйлығын алған жазушылардың барлығының шығармаларын оқып шықтым, әрине, бірен-саран ғана ұлтын көтермелеуге қатысты саяси жағдайға байланыс­ты берілген сыйлық бар. Мысалы, XIX ғасырдың аяғында тарихи және әлеуметтік өткір туындыларымен қоғамдық санада сілкініс туғызған поляк жазушысы Генрик Сенкевичті осы санатқа жатқызуға болады. Ол сол кездің ащы шындығын жазды, сол үшін сыйлыққа лайықты болды. Бүгіннің шындығын жазатын дүние бізден де табылуы керек. Қазақ әдебиетінде де шындықты жазатын жазушылар өсіп келеді. Жазушылық дәстүрде машық пен суреткерлік деген бар. Соны ажырата алатын жігіттер қалыптасып келеді. Бізде қырықтан асқан жігіттер бар, әбден танылып, жұлдыз болып қалған, олар бірақ машық пен суреткерлікті шатастырады. «Ой, әдебиет, жазу менен қалған ғой» деп ойлайды. Суреткерлік деген өмірлік ізденіс тоқтаған жерде өзіне табынып, еңбектену біткен жерде оның қаламынан туатын құнды дүниелер де жоғалады… XXI ғасырдағы жастардың стилі бөлек, осы Әлихандардың заманы басқаша қалыптасып келеді. Олардың бізден ерекшелігі мұнда – біз ақпараты аз, сүзгіден өткен әдебиеттерді оқысақ, қазіргі әдебиетшілердің ауқымы кең – олар бүкіл әлем әдебиетін емін-еркін тауып, оқып отыр. Бірақ оның ішінен жақсысы қайсы, жасығы қайсы, шыны қайсы, шедеврі қайсы – соны ажырата білу өте маңызды. Бұл жас толқынның сірескен тоңдай мұзды жарып шығарына сенемін, тың тақырыптарға барып, бүгіннің шындығын жазарына үмітпен қараймын. Әлиханның бойында талант бар, бірақ талант бір пайыз, қалған тоқсан тоғыз пайыз еңбекке тиесілі екенін ұмытпаған абзал. Еңбектену бұл бас салып жаза беру емес, бұл – формамен, стильмен жұмыс істеу, әр жазғаныңды жүрек сүзгісінен өткізіп, оқырман қалай қарайды, анау қалай қарайды деп емес, қоғамдық пікір туғыза алатын шын мәніндегі жақсы, үлкен дүние жазуға тырыс. Габриель Гарсиа Маркестің өзі айтқан сөзі бар, «мен Достоевский, Толстой, Бальзак секілді ұлы жазушы боламын» деген амбициясы болған екен. Биік мақсат қою арқылы әлем мойындайтын күрделі дүние жазуға болатынын ұмытпа, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мұхтар Мағауин секілді болсам болды, жетеді десең, бітті, сенен ештеңе шықпайды. Қазір жақсы келе жатырсың, бірақ жақсы келе жатқан адамды жолдан тайдыратындар, былғайтындар табылатынын да ескер. Оны талай басымыздан кештік те. Жақсы ағалар, билікте жүргендер сені өз жағына тартуға тырысады. Ең бастысы, сен шындықты жазу арқылы ұлтқа қызмет етуің керек, шындықты айтудың да жөні бар, дөрекілік пен жабайылықтан абай болған жөн. Кез келген шындықты мәдениетті түрде жеткізе білу – парыз, – деді Аманкелді Кеңшілікұлы.

– Ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз­дың айтатыны бар еді, адамдарды кемсітіп, я төмен, я жоғары бағаламай, олардың ішкі үнін естіп, тыңдай білу керегі жайында. Біздің қоғамда сын айтқанда біреуді тұқыртып, жоқ қылып жіберуге дайын болып тұратын жаман әдетіміз бар екені өкінішті. Қазір – сын мен шынның айқындалар кезеңі. Сынды көтере алатын адамдар да бар. Әлиханның кітабында қазір мектепте болсын, қоғамда болсын, бәрі өзімбілермендер толып жүргенін жазады. Адам құқығы деген – бірінші орында тұратын мәселе. Тарихшы мұғалім мен Карлдың айтысы, кейіпкерлердің аузымен айтылған сөздер, шындық, қоғамдағы өзекті мәселені көтереді. Соларды өзгеше жолға ­қоятын құралды дұрыстап беру деген мәселе туындайды. Сол тұрғыдан келгенде, Әлихандай жас жазушының қоғамды өзгеше тәрбиелей алатын бағыты, құралы дұрыс деп айтар едім, еңбегіңіз жемісті болсын! – деді кездесуде Астана халықаралық университетінің оқытушысы Меруерт Тілепалдиева.

Кітапханадағы кездесуге келген жастар, көпшілік Әлиханның өз қар­жысына Алматыдағы «Ар» баспасынан шыққан кітабын таласа-тармаса сатып алып жатты. Осыған қуандық. Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен ағылшын тіліне аударылған кітап жақында Еуропадағы баспалардың бірінен шығады деп күтілуде. Кітаптың дизайны да тартымды. Талантты суретші Шаттық Батанның философияға толы суреттері кітаптағы ойларды толықтыра түскендей. Романды тек оқу керек. Кері кеткен қоғам өзгеше ойлайтындарға келгенде суық, апарар жындыханасы да дайын, жардан итеруге икемделіп тұратыны рас… Өз ойынан айнымаған Карл сияқтылар түбі адамзаттың жетіліп, әділет жеңетініне сендіреді. Біз де соған сенейік.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button