Руханият

Төрт жанрды түгендеген

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, сатирик, прозашы, детективші Өріс Яшүкірқызы көп жыл «Астана ақшамы» газетінде қызмет етті. Биыл 75 жасқа толып отырған Өріс апайды өлең, проза, сатира, детектив сияқты төрт жанрда еркін қалам сілтеген ерекше дарын иесі ретінде танимыз.

Мерейлі жастың сүйіншісі ретінде Өріс Яшүкірқызының төрт томдығы оқырмандарына жетіп отыр. «Жан сарайым – өлеңім» деп аталатын өлеңдер жинағы, «Ескі қоныстағы ел» прозалық шығармалары болса, үшінші том жазушының сатирасына арналған екен. «Ұшық пен пұшық» деп аты айтып тұрғандай, жазушы уытты тілмен тірлігімізде кездесе беретін жықпылтым тіршіліктердің бір сипатын түйреп өтеді. Әдебиеттегі кенжелеп қалған сатира жанрының түрленуіне бір адамдай үлес қосқан Өріс апамыз 1970 жылы атақты сатирик-сықақшы Асқар Тоқмағамбетовтің облыста үлкен ақындар айтысында «Сатирада жолың болсын!» деп берген батасын алады. Содан бері де сын-сықақтың атақты атасы болмаса да, сатира қазанын қайнатып, отын жағып, тілімен күйдіре білген нағыз апасы болды. Қарымды әзілімен қисынын тауып айта алған сатирасы еттен өтіп, сүйекке жетті. Мүмкін бұл Өріс Яшүкірқызының сатираға енді қалам сілтеген кезінде, 1970 жылы, атақты сатирик-сықақшы берген батаның әсері шығар.

Соңғы түйенің жүгін арқалаған «Құлдықтағы қылмыс» шытырман оқиғасы детектив жанрында жазылған. Бұл жанрда да автор шебер детективші болды. Оның мемлекеттік тапсырыспен шыққан осыдан төрт жыл бұрын «Жіп тұзақ» детективті әңгімелер жинағы («Дәуір» баспасы, 2020 ж.) жарық көрген еді, сол еңбекті жетілдірген «Құлдықтағы қылмыс» («Балалар әдебиеті» баспасы, 2024 ж.) оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудыра отырып, оқырмандарына жетті. Кітап «Ашылмаған қылмыстар» және «Ашылған қылмыстар» деген екі бөлімнен тұрады. Бұл детективтің оқиғалары өмірде болған оқиғалардың ізімен жазылған. 1967-2017 жылдар аралығында жасалған әйелдер қылмысының бір үзігі жазушы қиялында сұрыпталып, қазақы көзімен жазылып, жанрды аша түскен. Қазақы дейтініміз де бар. Өкініштісі сол, қылмыстың ортасында қазақтың қызы жүр. Қалада өскен құрбыларына қарағанда именшектеу, ауылда өскен биязы бойжеткеннің өмірдің иірімдеріне түскендегі әрекетін бағалаудың өзі де қиын. Қылмыстың аты – қылмыс. Алайда арғы жағынан намысына тиіп, арын таптаған қара күш иесінен кек алғанын жақтарымызды білмей, тосыннан төнген қатерден қорғануы деп ақтай да алмай, әйтеуір, бір өкініш оқырманын да шарпып өтеді. Басты үкімді оқырманына қалдырады.

– Мектепте жүргеннен батыс жазушыларының детективті кітаптарын қызығып оқыдым. Солардың желісімен түсірілген киноларды да ұнатып көрдім. Әсіресе Агата Кристидің шығармалары қатты ұнайтын. Қызық әрі қорқынышты. Жас күнімнен нәзік жанды әйелдер арасында әділдіктен гөрі әділетсіздіктің басым болатынын көрдім. Бірақ әйелдер өздеріне жасалатын қорлық пен зұлымдықтың бұғауында жүріп, күндердің күнінде қылмысқа барады деп ойламайтын едім. Бір күні ауылда әжелердің, апалардың бір-біріне сыбырлап, ауылдағы екінші әйелдің қылмысы туралы айтып отырғанын естідім. Олар әңгіме еткен әйелді мен де біліп, көріп жүрмін. Кейіннен қолыма қалам ұстағанда әйелдер арасында жымы білінбейтін қылмыстар туралы бір жазармын деген ой үнемі санамда жүрді. Бірақ соған берік бекіп, піскен кезім осы еді. Бүкіл өмірім осы журналистика саласында, қаламгерлік пен шығармашылықта өтті. Өз мамандығымды, жалпы шығармашылықты жаныммен сүйгендіктен шығар, мен мұның ыстық-суығына, қиындығына төздім. Өйткені шығармашылық – менің кеуде тынысым, кеңістік ауам, бүлкілдеп соққан тамырымдағы қаным. Осы салада қызмет етіп, шығармашылықпен өмір сүргеніме алдымен Жаратушы Иеме, содан соң өзіме мың ризамын! – деген Өріс Яшүкірқызы өмір жолының осылайша өрілуін әкеге деген сүйіспеншілікпен байланыстырады. Әкесі Яшүкір ауылда молдалығымен, тапқырлығымен, ақындығымен аты шыққан адам еді. Екі сөзінің бірінде «осы қызым бәрінен озады» деп мені қанаттандырып қояды екен. Бірақ 60-жылдары қаршадай қызға журналистиканың есігін кеңінен ашып, жолына гүл төсеп беретіндер аз болды. «Журналист болу оңай емес, әсіресе қыздарға» деп басталатын уәжді көп естіді. Алғашқы сынағы да қызық еді. Аудандық газетке қыз­метке келген қызға редактордың орынбасары не тақырып берерін білмегендей. Қолында ұстап отырған инені жерге лақтырып жіберіп, «Бір сағат уақыт ішінде осы тақырып аясында шартты мақала жаз, мақалаң ойдан шықса, бірден әдеби қызметкер боп алынасың» деп шарт қойыпты. Өріс апай мақала жазбастан бұрын, оған тақырып тауып алайын деп, шамалы ойланып: «Икс, Игрек және ине» деп ат қойып, табан астында шағын эссені ұстатады. Оқиғаны қаз-қалпында қағазға түсіріп, былай деп түйіндейді:

«Шындығында, Икстің қолынан ине түсіп кетті. Төмен қарай шұқшия беруге алдындағы қыздан ұялды. «Үзілген түйме көзге түссе ұят-ау. Редактордың орынбасары деген атым бар. Осы ма орынбасардың түрі деп отырса не болды? Бір жақсысы, мына қыз маған қарап отырған жоқ. Жаңағы тақырыпқа бір нәрсе жазып отыр» деп Икс ойлағанша болған жоқ. Қыз орнынан тұрып, көз алдында жазған мақаланы ұсынды. Инеш деп қол қойыпты».

Сөз тапқанға қолқа жоқ. Сол кездесудің басы сәтімен басталып, 45 жыл еңбек өтілінің 33 жылы бұқаралық ақпарат саласында, 12 жылы мемлекеттік қызмет саласында өтті.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button