ЖаңалықтарМәдениет

ДИМАШ САЛҒАН ДАРА ЖОЛ

e7c9d267-009a-4232-90ef-de9e6d0f11bc-asli

Димаш Құдайберген «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында жеке концертін өткізетін болды. Димаштың есімі соңғы кездері аспандап тұр. Әсіресе, аспанасты елінде конкурсқа қатысуы оның даңқын даралай түсті.

Бүгінде Қытай халық саны бо­йынша әлемдегі бірінші мемлекет саналады. Бір жарым миллиардқа жуық тұрғыны бар. Соңғы он жыл ішінде қытай экономикасы қатты қарқынмен қарыштады. Өндірісі өрге басып, жаңа технологияның әлеуеті күшейді. Сөйтіп, әлемдегі экономикасы озық державалардың алдына шықты. Міне, осындай төрт құбыласы түгелденіп қалған елді таңғалдыруға бола ма? Әрине, сенбейсіз! Біздіңше, болады екен. Оны дарынды Димашымыз дәлелдеді. «Славян базары-2015» фестивалінде бас жүлдені иеленіп, таланты топ жарған Димаш Құдайберген жаңа жылдан бері Қытайдағы танымал әншілер бақ сынайтын «Мен әншімін» байқауының барлық кезеңінен сәтті өтіп, финалға жолдама алды. Халқымыздың аты мен ғажайып өнерін әлемге танытты. Француздар арнайы телехабар әзірледі. Қаршадай қазақ баласының кең құлашты дауысы мен дарынына аспанасты жұрты таңғалып, төбелеріне көтерді. Димаш арқылы Қазақстанды біліп, оның фанаттары дарабоз өнерпаздың ана тілін түсіну үшін қазақ тілі курсына жазылды. Енді айта берсе, әсерлі әңгіме көп. Өнерде шекара болмайды деген осы.
Өткен аптада елордада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьxуэй баспасөз мәслихатын өткізді. Онда іргелі мемлекеттің бүгінгі экономикасы мен дамуы сөз болды. Елші әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдың мәдени нарығындағы таңғажайып жетістігі жайында пікірін білдірді.
– Ол Қытайдың жарық жұлдызына айналды. Әрине, қазақстандықтар үшін бұл – үлкен бонус. Біздің елімізде халыққа байқауды ұсынған «Хунан» арнасы кеңінен танымал саналады. Оның эфирінен сан алуан бағдарламалар көрсетіледі. Алайда шетелдің азаматтары көп түсе бермейді. Димаш болса бірден жарқ етіп, жастардың көзіне түсті. Әсіресе, жас жеткіншектер оны қатты сүйеді, қатты емес, құлай сүйеді деуге болады. Оның дауысына ғана емес, мінезіне де тәнті болды. Димаштың бойынан қазақ xалқының мәдениеті мен Ұлы даланың болмысын көреміз. Міне, дәл осы қасиет қытайлық көрермендердің қызығушылығын туғызды. Қытайда Димаш танымал әншіге айналды. Барлық көрермендер оны біледі. Сондықтан ол өзінің кәсібін Қытайда дамыта алады деп ойлаймын. Екіншіден, ол Қытайдың мәдени нарығында Қазақстанның та­ныс­тырылымын өте жақсы жасады. Енді, қазақстандықтарға Қытайдың мәдени нарығына жол ашық, – деді ол.
Иә, елші Чжан Ханьxуэй мырза дұрыс айтады. Тек мәдени ғана емес, ғылым, білім, бизнес саласы бойынша алып елге танылуға жол ашылды деп айтуға болады. Көршімізді ерекше қабілетімізбен бағындырып жатсақ, ол – біздің биіктігіміз. Ендеше, Димаш салған дара жол сара жолға айналсын!

Азамат ЕСЕНЖОЛ  «Астана ақшамы»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button