Қоғам

Диплом иелену дегеніңе жеткізбейді

Қазір ҰБТ-ның қызған шағы. Талапкерлер жанталаса болашақ мамандықтарын таңдап, өмірлеріндегі ең маңызды шешімдерінің бірін жасамақшы. Олардың ойында «Оқуымды бітіріп шыққан соң, қандай жұмыс істеймін?» деген алаңдаушылықтың да болатыны белгілі. Осы орайда біз оларға сәл бағыт бермек мақсатпен болашақта сұранысы артатын, сондай-ақ қажеттілігі де төмендейтін мамандықтар туралы аз-кем шолу жасағанды жөн көрдік.

Қазақ стратегиялық зерттеу инс­титуты мамандары болашақта жоғалып кету қаупі бар мамандықтар жайлы талдау жасады. Олардың пайымынша, алдағы жылдары қағаз-баспа өндірісі, мұрағат, кітапхана, пошта байланысына қатысты мамандықтар түгелдей дерлік жойылмақшы. Бұл болжамдарын сарапшылар технология мен ғаламтор жүйесінің дамуымен түсіндіреді. Мәселен, қағаз кітаптардың орнын электронды кітаптар мен сайттар алмастыруда. Сондай-ақ қазіргі таңда ай сайын небәрі 20 теңге төлей отырып он мыңдаған кітап қоры бар электронды кітапхана қызметін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған. Ғаламтордың дамуы адамдардың мұрағат ақтарып, ақпарат іздеуге деген қажеттілігін де жойды. Ал электронды хат алмасу мүмкіндігінің арқасында бүгінде пошта қызметіне деген сұраныс бұрынғыдай жоғары емес.
Сондай-ақ жоғарыдағы «қауіпті» тізімде банк саласы қызметкерлері де бар. Төлем терминалдарының көбеюі, карточкалық есеп айырысу жүйесінің жақсаруы, интернет-банкингтің жетілуі банкте қызмет ететін біршама мамандықтың маңызын төмендетуде.
Аталған мәселе жайында басқалар не дейді екен?! ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-­министрі Нариман Мұқышевтың пікірінше, болашақта жоғалатын мамандықтар қатарына механикалық еңбекті талап ететін қызмет түрлері кіреді. «Кезіндегі шоттың орны қазір компьютерлермен алмасты, заман жаңарған сайын адамның қажеттіліктері мен сұра­ныстары да өсіп отырады. Сон­дықтан қызметкерлер қазірден бастап болашақта қызметін ауыс­­тыруға дайын болуы тиіс» дейді ол.
Ал BTS Digital білім дамыту орталығының басшысы Саясат Нұрбек «Кей мамандықтардың кәдеге жарамай қалуы себепті, алдағы 15-20 жыл ішінде әлем бойынша 1 млрд-қа жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. АҚШ-тың Массачусетс технология институты 1960 жылдан бастап қандай мамандықтарға сұраныс төмендейтінін анықтаған. Сонда ең бірінші кезекте біркелкі, күнделікті қайталанатын жұмыс түрлері, яғни кітапханашы, заңгер, кассир, сатушы мамандықтарына сұраныс жоғалатыны белгілі болған. Өйткені күнделікті қайталанатын жұмыстарды адамнан гөрі машина әлдеқайда сапалырақ әрі тезірек атқара алады» дегенді айтады.

Айымгүл БАҒДАТ,
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button