Басты ақпаратҚала мен Сала

ЛРТ құрылысы тоқтамайды

Жуырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдап, жеңіл рельсті трамвайдың (ЖРТ) құрылысына қатысты ахуалды барынша терең зерттеу қажеттігін тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды. Бұған дейін мәлім болғандай, Қазақстан Үкіметі елордадағы ЖРТ құрылысын отандық қаржы көздерінің есебінен аяқтау үшін нақты іс-шараларды жүзеге асырады.

Әуелде бас қаладағы жер үстіндегі метроның құрылысы Қытай Халық Республикасының мемлекеттік даму банкі ұсынған несие қаражаттың есебінен қаржыландырылды. Алайда екі ай бұрын ЖРТ-ның құрылысы тоқтатылғаны жария етілді. Өйткен себебі, елорда әкімшілігі Қазақстан Үкіметімен бірлесе отырып, жоба құрылысын ішкі қаражат көздері есебінен жалғас­тыру мүмкіндіктерін іздестіруге шешім қабылдады. Мұндай қадам құрылысты қаржыландыру шарттарын жеңілдету мақсатында жасалған еді.
Жуырда ЖРТ-ның құрылысына қатысты жағымды ақпарат таратылды. Анығырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы елорда әкімдігінің ел Үкіметімен бірлесе отырып, ЖРТ құрылысы жобасын ішкі қарыз ақша есебінен қайтадан және толықтай қаржыландыру туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Құзырлы басқарманың дерегіне сүйенсек, осынау шешімге сәйкес, «Астана LRT» ЖШС бағалы қағаздар шығаруға дайындық жұмыстарын жүргізуге кірісіпті.
Бұдан бөлек, тағы бір жаңалық бар. Осыдан бірер күн бұрын, дәлірек айтсақ, 15 маусым күні «Астана LRT» компаниясына мемлекеттік кепілдік беру жөніндегі Үкіметтің қаулысы заңды күшіне енді. Аталған құжатқа сәйкес, 2019 жылы мемлекеттік кепілдік бо­йынша жекеменшік қаражат есебінен құрылысты қаржыландыруға ұсынылған инвестициялық жобалардың тізімі бекітілді. Үкіметтің қаулысында атап көрсетілген нақты жобалардың бірі – «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі. LTR (әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске)» деп аталады.
Құжатта көрсетілген мәліметтерге сәйкес, бұл жобаның жалпы құны 698 млрд теңгені құрайды. Шетел ақшасымен есептегендегі көлемі – 1,8 млрд АҚШ доллары. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2016-2020 жылдар. Мемлекеттік кепілдік беру көлемі 1,6 млрд АҚШ доллары есебінде бекітілген. Үкіметтің қаулысында қарыз алушы мекеме ретінде «Астана LRT» ЖШС көрсетілген. Ресми құжатта ішкі айналымдағы бағалы қағаздар нарығындағы инвесторлардың барлығы әлеуетті қарыз беруші бола алатыны анық жазылған. Демек, жеңіл рельсті трамвайдың құрылысы тоқтамайды деген сөз.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің
бірінші орынбасары – Қаржы министрі:

Елордада жеңіл рельсті көлік құрылысы (LRT) бойынша жоба 2020 жылдың күзінде аяқталады.

САРАПШЫ МАМАН ПІКІРІ

Мұрат Темірханов, экономист:
– Мемлекеттік кепілдік беру арқылы шығарылған «Астана LRT» ЖШС-нің корпоративтік облигациялары іс жүзінде мемлекеттік бағалы қағаздар болып саналады. Сондықтан егер мұндай облигациялар бойынша пайыздық мөлшерлеме нарықтық болса, оны банктер де, қор нарығының басқа да қатысушылары да қызығып, сатып алады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button