Мәдениет

Домбыра әсерлі әнге салады

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын айтқандай, 14 қазан күні Конгресс-холда өтетін «Әсерлі ән сал, домбыра» концертінде хал­қымыздың бұл төл аспабы арқылы ұлтымыздың жаны көрінбек. Тамаша кештің ұйымдастырушысы – Аста­на қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы.

8c91727510278884be6fb9691ecf4f19

Концертке «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі қатысады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Хамзин жетекшілік ететін ұжым домбыраның күмбірлеген үнімен ғана емес, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай, жетіген, адырна, шертер сынды қазақтың көне аспаптары мен дабыл, дауылпаз, қоңырау, асатаяқ, тұяқтас сынды ұрмалы аспаптардың және прима қобыздың, домбыра-контрабастың, баянның, блок-флейтаның дыбысымен құлақ құрышын қандырады.

«Шалқыма» халықтық би ансамблінің репертуарындағы «Шаттық», «Керім-ай», «Шолпы», «Аққу қыздар», «Шалқыма», «Қосалқа», «Келіншек», «Қуаныш», «Ата толғау», «Ыңғайтөк» «Аққу», «Биші қайың», «Айжан қыз», «Сағым», «Інжу Маржан» сияқты ұлттық билерді көресіздер.

Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Секен Тұрысбек, Айгүл Қосанова, Айгүл Үлкенбаева, Гүлзира Бөкейхан, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Перизат Тұрарова, Жазгүл Даңылбаева, Данияр Мұқан, Рахат Бегасылов, Күнсұлу Тұрлыбекова, Тельман Нұртай, Арайлым Рахымқызы, Баян Мұсаева сынды халық әні бөлімінің жеке орындаушылары қазақтың әні мен күйімен сусындатады. Кеш 19.00-де басталады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button