Басты ақпаратРухани жаңғыру

Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары

Ұлттық академиялық кітапханада қабырғалы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарайдың «Еділ-Жайық» атты трилогия кітабының таныстырылымы болды.

Бұл трилогия – 1919-1920 жылдарды қамтыған құжаттық-деректілік негізде жазылған туынды. Ол «Ұлу аралы», «Еділ-Жайық» және «Мұз кешу» атты үш кітаптан тұрады. Кезінде бұл шығарма жеке-жеке роман болып жарық көрген. 1992 жылы қаламгерге «Еділ-Жайық» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді.
Трилогиядағы басты кейіп­керлер – өмірде болған адамдар. Сол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардың басындағы ақ қашып, қызыл қуған кезеңдегі оқиғалар шығармада барынша нанымды суреттеледі. Әсіресе, «Ұлу аралы» атты романында сол қым-қуыт хикаялардың бел ортасында жүрген Ахтан Мұхамбедиев, Ізбасар Жанекенов, Қажығали Жақынбаевтардың күрделі тағдыры сөз болады. Автор бұл шығармасында Орал шайқасы туралы да тарихи деректерді сөйлетеді.
Суреткер өз сөзінде: «Оқырмандарымнан «осы романдағы қаһармандардың тағдыры немен аяқталады?» деген біраз хаттар келді. Содан кейіпкерлерімнің өмірін соңғы кезеңге дейін жеткізуді ойлап, үшінші кітапты жаздым. Мұнда азамат соғысы жылдарында батыс өлкесінде болған оқиғалар баяндалған» деді.
Таныстырылымда белгілі жазушы Төлен Әбдік автордың шығармада тарихи жағдайларды бұрмаламай, дәл суреттейтіндігін жеткізді.
«Шын мәнінде, тарих идео­логия емес. Өткен тарихымыз арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбие­лейміз деген тарих емес, бұл – идеология. Екеуінің мағынасы екі бөлек. Тарих деген өмірде не болды – сол. Оның ішінде кемшілігіміз де болуы мүмкін. Тарихтан сабақ алу арқылы сол кемшілікті қайталамау қажет. Міне, осы тұжырым Әнекеңнің романында бар» деді Т.Әбдік. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, қаламгер Сауытбек Абдрахманов өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақтың басынан өткен ауыр күндердің бәрі – Әнес Сарайдың осы трилогиясында баяндалғанын атап өтті.
Бәрінің тарихи негізі бар. Режиссер Мәжит Бегалиннің «Отқа оранған Орал» көркем фильміндегі оқиғаларды осы кітаптан оқисыз. Бас кейіпкер Ахтан Мұхамедияровтың қилы тағдыры да ойландырады. Ең бастысы, кеңес дәуірінде жазылған бұл романды – сол заманның қарама-қайшылығын батыл көрсетіп, уақыт сынынан өткен туынды деп айтуға болады» деді ол. Профессер Серік Негимов атақты Орманбет бидің: «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан – төріміз» деген нақылынан сөз тартып, жазушының Еділ мен Жайық бойын мекендеген қазақтардың тарихын шынайы толғаған туынды екендігін баяндады.
Сондай-ақ кеш барысында Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Сұлтан Оразалин, Ғаділбек Шалахметов, Ғарифолла Есім, Алдан Смайыл, Қуаныш Жиенбай және тағы басқа азаматтар сөз алып, қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналған сүбелі шығарма жайында парасатты ойларын айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button