Басты ақпаратМәдениет

Еділ ұрпақтарының Еуропаға мәдени жорығы

«Өнерде шекара жоқ» дейміз. Бұл сөздің бекерден-бекер айтылмайтынын бізбен қоштасқалы тұрған жыл тағы дәлелдеді. Кешегі Еділ патша (Аттила) бабамыз Еуропаны қарумен жауласа, бүгінгі оның ұрпақтары өнермен бағындырып, Лондон, Канн, Мәскеу, Минск сияқты әлем қалаларына мәдени жорықпен барды.

Дарынды ұлымыз Димаш Құдайберген былтыр I am a singer байқауына қатысқан уақыттан жаһан жұртшы­лығының назарын өзіне аударды. Сол байқауда екінші орынды жеңіп алған ол биыл Лондоннан бір-ақ шықты. Англия астанасында Димаштың жеке концерті өткен концерт залы көрерменге лық толды. Әлемнің 45 мемлекетінен жиналған халық қазақ баласының өнеріне қол соқты. Димаш отызға тарта ән шырқаса, соның ішінде «Дайдидау», «Сағындым», «Қазақстан, алға!» сынды қазақтың әндері болды. Екі сағатқа созылған концерт ғажайып шоуға айналды.
Бұл кештің бір ерекшелігі – түскен қаржының бәрі еліміздің жас дарындарын қолдауға бағытталады. Осылайша Димаш өрелі өнерімен өзінен кейін шығатын таланттарға шапағатын тигізіп отыр. Бұл жағдай «Сұңқар жемін шашып жейді» деген сөзді еске түсіреді. Жақында әнші «Әлем аруы-2018» байқауына барып, ән әуелетті. Онда да ол босқа барған жоқ, Қазақстан атынан бұл сынға түскен аруды демеу үшін барды.

Өткен көктемнен бері жұрттың аузында қазақтың қаршадай қызы жүр. Канн кинофестиваліне ұсынылған «Айка» фильмінде басты рөлді сомдаған Самал Еслямова «Үздік актриса» атанып, әлем назарын Қазақстанға қаратты. Аталмыш кинофестиваль кино әлеміндегі ең беделді байқаулардың бірі екенін айта кету керек. Енді «Оскардан» да дәмеліміз. «Айка» фильмі Қазақстанның атынан «Шетелдік үздік фильм» аталымы бойынша «Оскар» жүлдесінің шорт-парағына кірді. Алдағы жылдың басында енді мұхиттың арғы жағынан сүйінші сұрайтын жаңалықты күтеміз.

Осыдан үш жыл бұрын «Аялаған Астана» балалардың музыка байқауында Данэлия Төлешова деген есім жарқ етті. Елордада өткен бұл байқаудан кейін дарынды қызымыз биіктерге самғады. Былтыр Украинада «Дауыс. Балалар», Ресейде «Еуропа үміттері» байқауларында бас жүлдені иеленді. Ал биыл «Халықтың сүйіктісі» және «BraVo» премияларын алды. «Junior Evrovision-2018» байқауының іріктеу кезеңінде оған тең келер жас әнші болмады. Алайда «бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, ақтық кезеңге келгенде алтыншы орыннан көрінді. Бар болғаны 12 жастағы ғана Данэлияның үлкен жеңістері әлі алда деп сенеміз.

Математика мен музыканы ұштастырған жас пианист, композитор, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының ең жас лауреаты, былтыр елімізде алғаш ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Рахат-Би Әбдісағин Рим қаласындағы Санта-Чечилия академиясының докторантурасымен қатар Италияның Падуя қаласындағы консерваторияда оқып жатыр. Дарынды композитордың көп шығармаларының премьерасы әлем сахналарында өткен. Атап айтсақ, Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде, Лондонда, Сеулде, Анкарада, басқа да көптеген қалаларда орындалды. Ал биыл Рахат-Бидің «Зымыран заман» атты алғашқы авторлық концерті елорда төріндегі «Астана Опера» театрында ұйымдастырылды. Келер жылы жиырмаға толатын дарынды жігіттің алар асуы мол.
Астаналық көзді байлап сурет салатын суретші Ренат Елубаев шетелдерде шеберлік сабақтарын, көрмелерін өткізіп жүр. Биыл «Россия-1» телеарнасындағы «Ғажайып адамдар» шоуына қатысып, ормандай орыс жұртын таңғалдырды. Ренат осындай шығармашылық жеңістермен қазақ бейнелеу өнерінің болашағы жарқын екенін дәлелдеп келеді.
Біз биыл өнер саласында әлемдік деңгейде көрініп, өзімізді тәнті еткен дарынды жастарды ғана атап өттік. Негізі, елімізде талантты жастар өте көп. Алдағы «Жастар жылы» оларды қолдау тиісті дәрежеде болса, жаңа есімдерді еститініміз күмәнсіз. Лайым солай болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button