Басты ақпарат

Ел бірлігі – ең асыл қасиет

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» атты республикалық конференция өтті. Конференцияға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Қазақстанның діни және ғылыми қауым­дастық және жастар ұйымдары өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен: Елбасының «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі айнымас қағида бола беретінін айтты. «Қазіргі таңда Қазақстанда 18 діни конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде мешіт, шіркеу мен ғибадатханалар саны 3541-ді құрайды. 3720 діни бірлестік жұмыс істеп жатыр.

Қазақстандықтарды біртұтас ұлтқа біріктіретін негіз – Елбасының барлық ұлттар мен діндерге тең мүмкіндіктер беретін зайыр­лы мемлекеттік құқық бағыты, татулық пен бірлік халқымыздың асыл құндылықтарының бірі» деді Бақтияр Мәкен. Ол Тұңғыш ­Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «Бейбітшілікке, келісім мен әділдікке ұмтылу кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, көпұлтты қазақстандық мәдениеттің рухани бастауларын нығайта түсу – біздің мемлекеттік саясатымыздың ма­ңыз­ды бөлігі. Қа­зақстанда жыл сайын Рухани ке­лісім күні аталып өтеді. Елордамыз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі өтетін орынға айналды» деген сөзін басшылыққа алды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Дәурен Абаев: «1992 жылы 18 қазанда өткен Бірінші Дүниежүзілік Рухани келісім конгресінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев осы күнді Рухани келісім күні деп жариялады, бұл күн қақтығыстар мен араздықтарға мораторий жарияланатын, жақынына мейірімділік пен көмек көрсетететін татулық күні ретінде тәуелсіз мемлекет тарихына енді» деп ерекше атап өтті. Жиында, әсіресе, композитор, қоғам қайраткері Төлеген ­Мұхамеджановтың баяндамасы әсерлі болды, ол Рухани келісім күнінің бастамашысы ретінде жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, барлық қазақстандықтарды ортақ құндылықтар маңайына топтастыру, этносаралық және конфессия­аралық келісімді насихаттауды мақсат еткен конференцияның маңыздылығына және ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықты негізге алған Елбасы саясатының кең ауқымдылығына тоқталды. Сонымен бірге Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекенов, конфессияаралық және өркениет­аралық диалогты ілгерілету департаменті директоры Қарлығаш Қалилаханова, т.б. жасаған баяндамаларда бірлік пен тұрақтылықтың маңыздылығы, Н.Назарбаев орталығының діндер, конфессиялар, ұлттар мен этникалық топтар арасында өзара құрмет пен толеранттылық идеяларын ілгерілету бойынша әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің мақсаттарын қамтамасыз етумен айналысатыны айтылды. Дінаралық мәселелер де сөз болды, бұл орайда ҚМБД төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Н.Өтпенов, Қазақстандағы орыс православ шіркеуі Успен кафедралды Соборының Протоиерейі Д.Байдек, Қазақстандағы евангелия-лютеран шіркеуінің басшысы, епископ Ю.Новгородов, «Нұр-Сұлтан қаласының Бахаи ­қауымдастығы» жергілікті діни бірлестігінің басшысы Л.Янгалиева, т.б. діни толеранттылықты насихаттау, конфессиялар мен мәдениет­тер арасындағы үнқатысу, діндер саласындағы мемлекеттік саясат, қоғамның тұрақтылығын нығайту жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button