Басты ақпаратЕл тынысы

Ел дамуының драйвері

2021-2025 жылы іске асатын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ел бойынша 491 мың жұмыс орны құрылып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасы қалыптасады. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмасы.

Бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық әсері тұрғын үй жағдайын жақсарту, қоныс аударушылар мен қандастардың жұмыспен қамту, ішкі көлік желісін ілгерілету мен транзиттік жүк легін ұлғайтудан көрінеді. Әрине, әлеуметтік инфрақұрылымнан бөлек, кәсіпкерлік саласы өңірлердің экономикасына серпін беретіні сөзсіз. Осы себепті Үкімет экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 30 пайызға жеткізу жолында түрлі деңгейдегі қолдау шараларын ұйымдастыруда.

Ұлттық жобада урбандалу деңгейін 59,1 пайыздан 62,6 пайызға жеткізу деп көрсетілді. Бағдарламаның бұл басымдығын жүзеге асыруға көп ақылдың керегі жоқ. Қазір ауылдық жерлерде жұмыс көзі тапшы. Осы себепті ауылдан қалаға ағылған қазақтың саны артты. Статис­тикалық дерек бойынша, 2023 жылы Қазақстанда урбанизация деңгейі 61,5 пайызға жетті. Енді қалаға келген адамдарды жұмыспен қамту керек. Ол үшін инвестиция тартып, бизнесті дамыту маңызды.

Біз қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына хабарласып, инвестиция тарту мен бизнес саласында атқарылып жатқан жұмыстарды білдік.

– Ел тұрғындарының әлеу­меттік-экономикалық, рухани-мәдени өміріне оң әсер ететін 10 ұлттық жоба бекітілді. Бағыт-бағдары әртүрлі саланы қамтитын бағдармалардың ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын ерекше атауға болады. Ал өңірді дамытатын тетіктің бірі – инвестиция және бизнес. 2022 жылы Астана қаласына 1,4 триллон теңге инвестиция тартылып, рекордтық деңгейге жетті. 2023 жылдың 9 айында 959,2 миллиард теңгені құрады. Соңғы 3 жылда шетел компанияларынан елордаға 4,1 миллиард теңге қаржы түсті. Республика бойынша алыс және жақын шет елдерден келген инвестицияның 6 пайызы елорданың үлесіне тиесілі, – деді басқарма басшысының орынбасары Темірлан Келдібаев.

Наурыз айынан бастап Астана даму орталығы инвестиция тартуға жауапты оператор болып белгіленді. Орталық басшысы Ерлан Ержановтың сөзінше, ұйымның негізгі қызметі – инвестиция тарту және елорда туризмін дамыту деңгейінен көрінеді.

Астана даму орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға кеңес беріп, инвестициялық жобаны іске асыру процесін сүйемелдеп, мемлекеттік органмен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, рұқсат беру рәсімінен өтуге және инвестициялық преференция алуға жәрдемдеседі.

– Бас қала инвесторларға тартымды болуының себебі – мемлекеттік қолдау шаралары бар. Жер учаскесін рәсімдеу, ғимарат пен жабдық түріндегі заттай грант алуға болады. Сондай-ақ салықтық, кедендік жеңілдікпен қатар, керекті инфрақұрылымды жүргізу мүмкіндігі қарастырылды, – деді Ерлан Ержанов.

Бүгінде Астана қаласының халық саны өсуімен тұрғын үйге қажеттілік артты. Елордалықтар қана емес, өңір-өңірдегі тұрғындар да медициналық қызмет үшін ел орталығындағы емдеу орталықтарына жиі келеді. Қалада аграрлық өнеркәсіп тауарлары: бақша дақылдары мен көкөніс түріне сұраныс жоғары. Ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету маңызды. Тұтынушылықтың осындай ерекшелігіне байланыс­ты елорданы инвестициялаудың басым бағыты анықталды. Олар: машина жасау, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, күнделікті пайдаланылатын тауар түрлерін өндіру, құрылыс индустриясы, медицина, туризм саласы.

– Біздің компания портфеліндегі 178 жобаға 1,7 триллион теңге салу жоспарланды. Бұл жобалардың аясында 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Көп инвестицияланған салалар: білім беру – 57 жоба, логистика – 44, өнеркәсіп – 33, спорт нысаны – 19, – деді Ерлан Ержанов.

Білім беру саласы, оның ішінде, жекеменшік мектептердің құрылысы көптеп жүруі, сұраныстың жоғары болуынан аңғаруға болады. Кейінгі жылдары оқушы саны артты. Бір ғана 2023 жылы оқушылар саны 20 пайызға көбейді. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында 212 мың оқушы білім алса, 2023-2024 оқу жылында 255 мыңға жетті.

– Инвестиция салған ірі жобаларды атайтын болсақ, «Rainbow Logistic» ЖШС логистикалық паркке 11,5 миллиард теңге қарастырып отыр. «Alpamys School» ЖШС балабақшасы бар жеке мектеп салуға 5,7 миллиард теңге жұмсайды. Шет елдер арасында Франция, Ресей, Үндістан, Түркия, Қатар Астанаға инвестиция салуға ниетті. Жалпы алдағы 2-3 жылда 71,73 миллиард теңгеге 23 жобаны іске қосып, 3 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар, – деді Астана даму орталығының басшысы.

Қысқасы, Астана қаласы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында көрсетілген басым бағыттарды жүзегу асыруда өзге өңірлерге үлгі болатын тұсы көп.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button