Қоғам

Электронды үкімет: үміт үлкен

Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы елордадағы мемлекеттік органдардың функция­ларын автоматтандыру қызметін атқарады. Сонымен қатар инновация, ақпараттандыру, цифрландыру, байланыс, электрондық үкімет саласында қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда басқарма әкімдіктің бизнес-процестерін автоматтандыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде, соның ішінде дәл қазіргі сәтте 10-нан астам әлеуметтік қызметті тестілеуден өткізуде.

Аталған басқармаға қарасты «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниял Айткенов­тің айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тіс протездеу бойынша әлеуметтік қызметтерді алу үшін бұрын ересектердің жұмыспен қамту орталығына барып, өтінім беруіне, сосын қайтадан кезекке тұрып, рұқсат берілгенін анықтау үшін белгілі мерзімде жауапты күтуіне тура келетін. Себебі бұл қызмет екі жылда бір рет қана көрсетіледі. Жұмыспен қамту орталығы әрбір тұрғынның бұрын бұл қызметті алғанын немесе алмағанын білу үшін жеке-жеке тексеретін, сосын рұқсат берілген тұрғын тіс дәрігеріне барып, өтінім беріп, кезегін күтетін.

– Енді осы жүйені тестілеуден өткізгеннен кейін аталған қызмет birge.astana.kz порталында қолжетімді болды, тұрғындар порталға тіркеліп, тіс протездеуге өтінім береді де, тіс дәрігерінің қабылдау күні мен уақытын күтеді. Ал жұмыспен қамту орталығына бұрынғыдай оларды тексерудің қажеті жоқ. Себебі енді оның бәрін жүйе өзі тексеріп, тұрғынның мәртебесі туралы хабарлама жібереді, – дейді ол.

Тәжірибелік өндірістік сынақтағы тағы бір маңызды процестің бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларға БМСК көрсету (психологиялық-медициналық-педагогикалық-консультативтік көмек) және оларды тексеру бойынша жоба.

Әзірге осы қызмет түрін алу үшін ата-аналар немесе олардың заңды қамқоршысы мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге кезек күтуі керек. Порталда осы қызметті енгізгеннен кейін тексеруге жазылу үшін өтінімді онлайн түрде беріп, сосын жазылған уақытта дәрігерге келуіне болады. БМСК нәтижелері мен ұйғарымдары да «Birge» жеке кабинетіне келіп түседі, сонымен қатар жергілікті жерде талап етілген ұйымдарға да жолданады.

Бұған қоса, «Отбасының цифрлық картасы» зияткерлік жүйесімен біріктіру жұмысы жүргізілді. Бұл әлеуметтік мәртебе туралы деректерді тексеріп, орталықтар қыз­метінің сапасын бағалау мүмкіндігіне қол жеткізеді.

– Біз бірыңғай цифрлық тұғырнама жасау бойынша жұмысты бастадық. Онда денсаулық сақтау және жұмыспен қамту саласындағы қолданыстағы цифрлық қызметтер мен процестердің бәрі біріктіріледі. Сол арқылы кез келген медициналық көмекті қиындықсыз аласыз. Осы жұмыстардың арқасында көрсетілетін қыз­меттердің сапасы жақсарып, бақылауды жақсартудың арқасында атқару тәртібі мен өзара іс-қимыл жылдамдығының сапасы 2-3 есе артады, – деді Д.Айткенов.

Басқарма тарапынан сонымен қатар азаматтармен өзара іс-қимылды жақсарту және инновацияларды ынталандыру үшін қала мен оның қызметтері туралы деректердің ашық тұғырнамасын жасау жұмысы жүргізілуде. Қалада қазіргі таңда цифрлық қызметтерді дамытуда қандай кедергілер бар? Біріншіден, деректер қауіпсіздігі мен оларды сақтау әлі де өзекті болып отыр, сонымен қатар жаңа технологиялар мен қызметтерді енгізу рәсімдері ұзақ әрі күрделі жүргізіледі, ол мемлекеттік органдарды цифрландыру процесін баяулатады. Халықтың бірқатар бөлігі мен мемлекеттік ұйымдардағы қызметкерлердің цифрлық сауатының төмендігі де цифрландыру процесінің ақырын жүруіне ықпал етеді. Сондай-ақ түрлі мемлекеттік органдар мен құрылымдар арасында өзара іс-қимылдың аздығы цифрлық шешімдердің тиімді интеграциясына кедергі келтіреді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button