ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Елорда өнеркәсібі екпінді

Елорданың №1 индустриялық паркінде шоғырланған кәсіпорындар жүзге жуық тауар түрін өндіреді. Мұнда тұрғын үй салу мерзімін бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік беретін модульді үй құрылысы зауыты, сондай-ақ пандемияға дейін болмаған өкпені жасанды желдету аппараттарын, қорғаныс костюмдерін, медициналық маскаларды өндіру жолға қойылды.

[smartslider3 slider=173]

Ел Президентінің Жолдауында басты назар өңдеу секторына аударылды. Индустриялы-инновациялық даму аясында отандық кәсіпорындар тың технологияларды меңгеріп, жаңа өнім түрлерін нарыққа ұсынуы қажет. Мәселен, №1 индустриялық парк елімізде баламасы жоқ телекоммуникациялық модемдер, коммутаторлар, электрондық-оптикалық аспаптар, эвакуациялық құтқару жабдықтарын шығарады.
«Индустриялық паркте іске асырылған жобалардың ішінде «ModeX Astana» ЖШС-нің блоктық үй құрылысы зауытын атап өткім келеді. Әзірге құны 15 миллиард теңгені құрайтын, нысанның бірінші кезеңі ғана пайдалануға берілді. Кәсіпорын өнімдері BI Group компаниясының құрылыс алаңдарына жеткізіліп, осы компанияның блоктық модульдерінен республиканың әр өңірінде жұқпалы аурулар ауруханалары салынды» дейді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Мұхиядинов.
Жобаның бірінші кезеңінің қуаты жылына 135 мың шаршы метрді құрайды. Барлығы үш кезеңді іске асыру жоспарланып отыр. Сонда кәсіпорын жыл сайын шамамен 400 мың шаршы метр тұрғын үй салуды қамтамасыз ете алады. Модульдік үй құрылысы – ең тиімді технологиялардың бірі. Оны енгізу еліміздегі тұрғын үй құрылысына жаңа серпін бермек. Технология ғимарат құрылысына жұмсалатын уақытты үнемдеп, нысанның өзіндік құнын арзандатады. Бұл тұрғын үйдің қолжетімді болуына оң ықпал етпек. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы толық аяқталған 16 қабатты бір кіреберісті үйді үш айда салуға болады. Әдетте мұндай нысанның құрылысы бір-бір жарым жылға созылатын.
Пандемия өмірдің барлық салаларына, соның ішінде индустрияға да ықпал етті. Компаниялар шұғыл түрде жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болды. Бұл өндірісті әртараптандыруға және жаңашылдыққа итермеледі. Төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін елордада ӨЖЖ аппараттарын, медициналық бұйымдар мен қорғаныс маскаларын шығаратын бірде-бір кәсіпорын болған жоқ. Ал карантин енгізіліп, осы тауарлардың тапшылығы туындаған соң қала кәсіпорындары оларды өздері өндіру бастамасын қолға алды. Қысқа уақыт ішінде өмірлік маңызы бар өнімдердің қажетті көлемі, ай сайын 12 млн дана маска мен 90 мың дана қорғаныш киімін өндіретін жаңа кәсіпорындар «Болашақ-2019», «Akbarys Protection», «Skinwood» пен «Bionick-PRO» ЖШС құрылды. «Q product» ЖШС айына 50 мың дана және «Vita Pharma» ЖШС 40 мың дана індеттен қорғайтын ком[1]бинезон тігіп отыр. «Астана – ж қала» арнайы экономикалық аймағы № 1 индустриялық паркі алаңында «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорны базасында ӨЖЖ аппараттарының өндірісі ретке келтірілді.

2021 жылдың соңына дейін индустриялық паркте жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 5 жаңа нысан іске қосылып, 160-қа жуық жұмыс орны ашылады.

Олардың қатарында кеңсе тауарларын өндіретін «AQ-Qauyrsyn», «ЛС Групп» лифті зауыты, «Аромат» парфюмерлік зауыты, құрылыс материалдарын өндіретін «Spectrum плюс», сондай-ақ тоттануға қарсы және оттан қорғау жабындарын өндіретін «ВМП Астана зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмысын бастайды.
Бас қалада 2017 жылдан бері 737 га аумақты алып жатқан «Астана-Техно полис» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. № 2 индустриялық парк, «Назарбаев Университеті» АҚ, орталық желекжол аумағы, сондай-ақ 800 орындық көпбейінді аурухана аумағы экономикалық аймақ құрамына енген. Қазіргі таңда мұнда 153,2 млрд теңгенің 11 инвестициялық жобасы ресми тіркеліп, жүзеге асырылуда. Екі жоба «Азамат» ЖШС және «Egistic» ЖШС жоспарға сай жұмыс істеп тұр, қалған тоғыз жоба жүзеге асырылу үстінде. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы компаниялар үшін Қазақстанның салық, кеден, жер заңнамасымен реттелетін дербес құқықтық тәртіп белгіленген. Инвесторлар үшін бірқатар кедендік және салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Олар корпоративтік табыс салығынан, нысан құрылысы кезеңінде қосымша құн салығын төлеуден, жер салығынан, мүлік салығынан, жерді жалға алудан босатылады. Сондай-ақ АЭА қатысушылары еркін кедендік аймақ және шетелдік жұмыс күшін әкелуге жеңілдетілген тәртібін қолдана алады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы өнеркәсіптің 87%-ы өңдеу саласына тиесілі. Өнеркәсіп көлемі соңғы 10 жылда – 111,3 млрд-тан 1 трлн 184,4 млрд теңгеге дейін жеткен. Қала аумағында 30-ға жуық ірі және 32 орта өнеркәсіп нысаны құрылған. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Локомотив құрастыру зауыты», «Электровоз құрастыру зауыты», «Тұлпар» ЖШС вагон жасау зауытының өнімдері жоғары сапасымен танылып, шет елдерге экспортталып отыр. Темірбетон және бетон конструкцияларын жасайтын «Стройконструкция» АҚ, резеңкеден техникалық бұйымдар өндіретін «Қазақстан құбыр зауыты» ЖШС, құрылыс конструкциялары мен алюминий бөлшектерін жасайтын «Алкон+» ЖШС өнімдері де нарықта кең танылған. «Астана-Энергия» АҚ өнеркәсіптік машиналар мен жабдықтарды монтаждаумен және орнатумен айналысады. «Концерн Цесна-Астық» ЖШС ұнымен, ал «Цесна-мак» ЖШС макаронымен әйгілі.
«Елорда өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Негізгі ірі өндіріс нысандары №1 индустриялық паркте орналасқан. Оның 99% аумағында түрлі кәсіпкерлік нысандары орналасқан. Мұнда 79 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның 50-і пайдалануға берілді. Парк кәсіпорындары құрылған сәттен бастап 3,1 триллион теңгенің өнімін шығарған. Мұнда 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Төленген салықтар есебінен, яғни 104 миллиард теңгеге парк құрылысы толықтай ақталды» деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары. 10 жыл ішінде индустриялық парк инфрақұрылымына 24,4 млрд теңге инвестиция салынды, мемлекет есебінен жұмсалған әр 1 теңгеге 8 теңге жеке инвестиция тартылған. Салынған бюджет қаражаты төрт еселеніп қайтарылды.

Ауғанбек Манарбекұлы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button