Басты ақпарат

ЕЛОРДА ТӨРІНДЕГІ ЕРЕК ТОЙ

SUL_5173

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дүбірлі той демалыс күндері де жалғасты. «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген әртүрлі ұлт өкілдері киіз үй тігіп, мерейлі мейрамды арқа-жарқа атап өтті. Этноауылда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та қонақ болды. Ол кісі барлық делегация мүшелерімен емен-жарқын әңгімелесіп, өнерлеріне ризашылығын жасырмады. Сонысынан шығар, бір киіз үйдің тұсына тоқтағанда естелік қылып өзіне қамшы мен жайнамаз сатып алды.

Ұлан-асыр ұлы думанның лебі шынымен-ақ бөлекше сезіліп тұрды. Күннің кенет суытып, аспан қабағының ашылмағанына қарамастан, алаңдағы бұқараның қатары еш азайған жоқ. Өңірлерден жиналған өнерпаздардың небір қызықты қойылымдарын, әдемі ән-билерін көрген соң, тамсанбасқа лажың қалмайды екен. Ақмола облысы тіккен үш үйдің төріне Абылай ханның тағы қойылыпты. Ханның рөлінде – Шахмет Құсайынов атындағы драма театрдың әртісі Жарас Қалдаров. Актерлік қабілетінің қарымы сондай,  ХVIII ғасырда өмір сүрген айбарлы  тұлғаның  бекзат бітім-болмысын барынша нанымды етіп сомдап жүр. Ал, алматылықтардың креативті идеясы жасты да, кәріні де таңғалдырғаны сөзсіз. Олар биік шаңыраққа алмаларды іліп, ерекше бұрыш жасапты. Қақ ортадағы үлкен тайқазанға қып-қызыл алма толтырған. Кейінірек оның бәрін айналадағы халыққа үлестіріп берді. Алматы облысының меймандары да айтулы тойға айрықша дайындалыпты. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жеті қазына» құсбегілік орталығының қырандары мен тазылары этноауылды аралаушы адамдардың назарын бірден аудартты. Болат Құсайынов пен Шоқан Төлешев сынды мүсіншілердің көркем туындылары да көпшіліктің көңілінен шықты. Ақтөбеліктер «Кемел елдің керуені», «Алдар көсе» атты театрландырылған көріністерді ұсынып, ұлттық ойындар ұйымдастырды. Қызылорда облысы әзірлеген бағдарлама да бізге ұнады. Олар «Ұлықталсын ұлы дала тарихы» деген тақырыппен облыс музейлері қорындағы көне жәдігерлерден көрме өткізіп, зергерлік, кілем тоқу, ағаш ою бойынша шеберлік дәрістерін паш етті. Салтанатты күннің соңы «Сиқырлы би әлемі» фестивалі мен «Ғасырлар үні» этноконцертіне ұласты.

Уыз-лебіз

Шаризат қажы ҚАНАТҰЛЫ (Қарағанды облысы, Шет ауданы):

БАЛАЛАР ҚҰМАЙ МЕН ТАЗЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫН

БІЛСЕ ЕКЕН

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына Қарағанды өңірінен тазы, құмай, бүркітімізді алып, арнайы келдік. Біз бүгінде өте сирек кездесетін тазылар ұстаймыз. Соларды халыққа көрсетіп, насихаттағымыз келеді. Балалар тазы мен құмайдың айырмашылығын біліп өссе екен дейміз. Сондай-ақ, осы шараға еліміздегі жалғыз құсбегі қыз Мақпал Әбдіразақованың бүркіті «Ақжелкені» де ала келдік. «Ақжелке» – осыған дейін бірнеше дүркін чемпион болған бүркіт. Өзі қоян, түлкі, қарсақ аулайды.

Зейнетке шыққалы бері ұлттық ат спортын дамытуды қолға алған едім. Алғашқы нәтижелеріміз жаман емес сияқты. Биыл Астана күніне орай өткен көкпарда жүлделі орынға ие болдық.

Гүлзира КЕРІМБАЕВА (Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылы):

ЖОЛДАСЫМ САЗСЫРНАЙ, ӨЗІМ САБЫН ЖАСАЙМЫН

Осынау айтулы мерекеге сазсырнай, сәндік бұйым, картина және емдік сабындар әкеліп отырмыз. Жолдасым Таласов Жайлау саз балшықтан түрлі бұйымдар жасайды. Әсіресе, оның қолынан шыққан сазсырнайлар көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие. Ал, өзім шиден әртүрлі картиналар тоқимын, емдік сабындар дайындаймын. Біздің Қызылқоға жерінде итсигек деген дәрілік шөп өседі. Сол шөпті малдың қара жілігімен бірге қайнатқанда, емдік сабын болады. Ол түрлі тері ауруларына қарсы қолданылады. Мерейтойда астаналықтарды осындай пайдалы дүниелермен таныстырғанды жөн көрдім.

Тоғжан БАБИЕВА, Салтанат ҚОСБАЕВА (Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы):

КӨРМЕМІЗДІҢ ТҰСАУЫ ОСЫ ТОЙДА КЕСІЛДІ

Біз Орал қаласындағы «Текемет» шығармашылық шеберханасына жетекшілік етеміз. Бұның алдында Батыс Қазақстан облысындағы Өнер институтында сабақ бергенбіз. Қазір біздің орталықта өзіміздің студенттеріміз жұмыс істейді. Негізінен, сәндік-қолданбалы өнермен айналысамыз. Шеберханадағы дүниелеріміз Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекеде алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Біз шығармаларымызда қазақтың тарихына, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына үлкен мән береміз. Мысалы, «Дала тағдыры», «Алтын ханшайым», «Даналық жолында», «Ел қорғаны» деп аталатын картиналарымыздан ұлы көшті, ежелгі қалалардың буалдыр бейнесін, Тамғалы тастағы суреттерді көре аласыз. Көнеден сыр шертетін осындай мағыналы туындылар мерекеге келген жұрттың көңілінен шыққанына қуаныштымыз.

Нұргүл ДӘЛЕЛХАНҚЫЗЫ (Алматы облысы, Талдықорған қаласы):

МОНШАҚТЫ СӨМКЕ МЕН ӘМИЯНҒА СҰРАНЫС КӨП

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тойға өз қолымнан шыққан бұйымдарды әкелдім. Өзім 12 жылдан бері қолөнермен айналысамын. Сан түрлі моншақ тастарды тізе отырып, сөмкелер, әмияндар, алқалар, тәпішкелер тігемін. Тіпті биік өкшелі аяқ киімдердің үстіңгі бөлігін алып тастап, мүлдем басқа пішінде қайта тігіп шыға аламын. Ондай аяқ киімдер кір жуғыш мәшинемен де оңай жуылады.

25 қыркүйекте елордадан қолөнер үйірмесін ашқалы жатырмын. Оған 13 пен 65 жас аралығындағы әйел адамдар қатыса алады. Осы қуанышымды сіздермен бөлісіп отырмын. Үйірмеге қатысам деуші қыз-келіншектерге есігіміз ашық.

Бетті дайындағандар: Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ, Роза ӘРЕН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button