Жаңалықтар

«Елорда жастары сыйлығы» кімге беріледі?

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде «Елорда жастары сыйлығы» байқауының ұйымдастырушыларымен баспасөз конференциясы өтті. Биыл үшінші рет өткізілетін байқаудың номинациялар саны көбейген. Жастар жылына орай «Жыл жаңалығы» және «Ерлігі үшін» атты екі арнайы сыйлық қосымша тағайындалған.

14 пен 29 жас аралығындағы өз саласында озық жүрген жастарды қазылар алқасы мен халық бірге таңдап, шешуші дауыс SMS арқылы қабылданады. Жобаның бас ұйым­дастырушысы Алпамыс Шәрімов «Әлеу­меттік саланың үздік қызметкері», «Өндірістің үздік қызметкері», «Жас волонтер», «Үздік кәсіпкер», «Үздік SMM-менеджер» номинацияларымен қатар «Ұлттық өнер» және «Үздік жастар театры» деген аталымдар енгізілгенін айтты. 100 мың теңге жүлдеге қосымша ерекше статуэтка тапсырылмақ. 30 қарашада Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін марапаттауға алыс-жақын шетелден өнер майталмандары қатысады. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ақұлан Тастемір: «Бұл енді кез келген адамның жылдың соңына дейін жасаған еңбегін айрықша бағалайтын жобаның бірі. Кез келген еңбектің өз бағасы, өз нәтижесі болу керек, сондықтан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жастарды әкімдік тарапынан марапаттауымыз орынды деп ойлаймыз» деп талапты жастарды мемлекеттік деңгейде қолдауға шақырды.

18 түрлі бағытты қамтитын «Елорда жастары сыйлығы» байқауы қарашада өтеді. Ал өтінімдер 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қабылданады. Жеңімпаздар автоматты түрде республикалық «Дарын» сыйлығының үміткері атанады. Қатысушының байқауға өткізетін құжатында Нұр-Сұлтан немесе Астана деген мекенжайы болуы керек.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button