Басты ақпаратҚала мен Сала

Қосымша қаржы жыртықты жамай ма?

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарға 2019-2021 жылдарға арналған қала бюджетінен қосымша қаржы бөлінді. Бұл жеке кірістер түсімдерінің артуына байланысты және салықтық емес түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бойынша резервтерді пайдаланудың арқасында мүмкін болып отыр. Кеше елорда әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында осылай деп мәлімдеген Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев депутаттарды нақтыланған бюджет жобасымен таныстырды.

ЖЕКЕ КІРІСТЕР ТҮСІМДЕРІ ӨСТІ

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне осы жылдың қаңтар-шілде айларында жеке кірістер түсімдері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6 па­йызға өсіп, 146,4 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы мен резервтерді қосқанда биылғы бюджетті 275,3 млрд теңгеден 280,4 млрд теңгеге немесе қосымша 5,1 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылды. Бұған қоса, осы жылдың нақтыланған республикалық бюджетінен 19 млрд теңге көлемінде трансферттер карастырылды.

«Соның ішінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 7,2 млрд теңге, арнайы әлеуметтік көмекке 1,9 млрд теңге, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын көтеруге 678 млн теңге, коммуналдық меншікке тұрғын үйлерді сатып алуға 7,5 млрд теңге, газ-көлік жүйесін дамытуға 1,6 млрд теңге қарастырылып отыр», – деген Қ.Маңқа­раев бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бөлінген қосымша қаржы көлемін хабарлап, бұл қаржы нақты қандай жұмыстарға бағытталатынын айтты.

 

МЕКТЕПКЕ – МУЛЬТИМЕДИЯЛЫҚ КАБИНЕТ

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қосымша 1,5 млрд теңге қа­рас­тырылды. Осы сомадан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек ретінде 641 млн теңге, мүгедектерді әлеуметтік қолдау­ға 125 млн теңге бөлініп отыр. Аталмыш басқарманың басқа да маңызды жұмыстарына қаржы қарастырылған.

Білім басқармасының қажеттілігіне қосымша 1,6 млрд теңге қарастырылды. Соның ішінде оқулықтарды сатып алуға 1 млрд теңге, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 383 млн теңге, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейіне мультимедиялық кабинетін сатып алуға 22 млн теңге және жекеменшік әріптестік жобасы шартымен гуманитарлық колледжге 200 адамды оқытуға 46 млн теңге бөлінді.

Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына бөлінген 2,5 млрд теңгенің 2 миллиарды жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауға, 500 млн теңгесі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қарастырылған.

Қалалық ортаны регенерациялау басқармасына қосымша 58 млн теңге бөлінсе, соның 56 миллионы iKomek қалалық мониторинг жедел әрекет ету орталығы жұмысына, 2 миллионы «Ильинка» тұрғын алабындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын бірлесе қаржыландыруға бөлініп отыр.

Мәңгілік ел мен Қабанбай батыр даңғылдары, Сауран, Хусейн бен Талал көшелері бойында бой көтеретін жаңа мешіт аумағында саябақ құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 40 млн теңге, Ә.Молдағұлова саябағын салуға және төрт жобалық-сметалық құжаттама дайындауға 95 млн теңге, Сарыарқа даңғылынан А.Ба­раев көшесіне дейінгі аралықта Есіл өзенінің жағалауын қайтадан құруға 5 млн теңге қарастырылған.

 

1,1 МЛРД ТЕҢГЕ АУДАНДАР МӘСЕЛЕСІН ШЕШПЕЙДІ

Қ.Маңқараев басқа да басқармаларға қосымша бөлінген қаржы көлемін тарқата келе, аудан әкімдіктеріне қала тазалығын қамтамасыз етуге, абаттандыруға және көгалдандыруға 1,1 млрд теңге бөлінгенін айтты. Соның ішінде Алматы мен Сарыарқа аудандарына 280 млн теңгеден, Байқоңыр және Есіл аудандарына 270 млн теңгеден тиіп отырғанын хабарлады.

Сессиядан бір күн бұрын өткен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында бірқатар депутат аудан әкімдіктеріне бөлініп отырған осы қаржы жеткілікті болатынына күмән келтірді. Әкімдіктер өкілдері бөлініп отырған қаржы расымен жетпей жатқанын растады.

– Біз бюджеттен қосымша қаржы ретінде 1,9 млрд теңге сұрадық. Соның 300 мил­лионы жарықтандыруға керек. Себебі бізде жаңа көшелер пайдалануға беріліп жатыр. Бұрынғы көшелерді де, 113 гектарды құрайтын Президенттік саябақты да балансқа алып жатырмыз. Бұл саябақ бойынша қала әкімінің тиісті тапсырмалары бар. Соның ішінде нысанды жарықтандыруға қатысты қала басшысы тапсырма берді. Саябақтағы 2,5 мың шамның қазір 1,5 мыңы ғана орнында. Соны қалпына келтіруіміз керек. Бұған қоса, демалыс орнын күтіп ұстау мәселелері де бар, – деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Тынысбек Арашапов.

Есіл ауданы әкімдігі әртүрлі жұмыстарға қосымша 1 млрд теңге сұраған. Сарыарқа ауданына да 280 млн теңге аздық етіп тұр. Аудандардың әкімдіктеріне бюджетті келесі нақтылау кезінде, қараша айында тағы қаржы қосуға уәде берілген. Алайда мерзімдік жұмыстар болғаннан кейін, оның үстіне ар жағында жыл аяқталуға бір ай ғана қалатындықтан олар сол кезде бөлінетін қаржыны игере алмайды. Бұл туралы Алматы ауданы әкімінің орынбасары ашық айтты.

«Аудандар әкімдіктерінің әрқайсысына 300 миллион теңге шамасында бөлдік. Оның 100 миллионы көгалдандыруға, 200 миллионы санитарлық тазалықты сақтау­ға бөлініп отыр. Көгалдандыруға бөлінген қаржы жетпейтінін мойындаймыз. Өйткені қазір қалада саябақтар мен гүлбақтар көп. Кейбірінің жағдайы сын көтермейді. Оларды ретке келтіруге ақша керек. Биылғы бюджеттің мүмкіндігі біз қаржы бөлгендей болып отыр. Келесі жылдың бюджеті, бәлкім, жақсарар. Бюджеттің кіріс бөлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Бәрін бір уақытта қамту мүмкін емес. Барлық проблемаларды кезең-кезеңімен шешу жоспары жасалды», – деді бұл туралы Қ.Маңқараев.

Мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов қысқа көшелерді абаттандыру мен жөндеуге қаржыны қазіргідей тиісті басқармаға емес, аудан әкімдіктеріне бөлу туралы мәселені бірнеше мәрте көтергенін, мұны шешуге болатыны жайлы жауап алғанын айтты.

«Үлкен көшелерді Көлік және жол-көлік инф­рақұрылымын дамыту басқармасы жасай берсін. Қысқа көшелерді неге аудандардың әкімдіктеріне бермейміз? Алдында осы мәселені көтергенімде, бұл шешуге болатын мәселе екені айтылды. Іс неге орнынан қозғалмай тұр?» деді депутат.

Қ.Маңқараевтың айтуынша, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы магистралды жолдармен ғана айналысқанын өздері де құптап отыр. Ішкі­орамдық, ішкіаулалық жолдар аудандарға беріледі. Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасына басшы болып жақында ғана келгендіктен бұл мәселені тиянақтайтынын жеткізді.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТТАРЫН ТАҒЫ КІМДЕР АЛАДЫ?

Бір миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттарын алатын азаматтар санаты көбейеді. Мұғалімдер, дәрігерлер, әлеу­меттік қызметкерлер мен полицейлерге, мәдениет пен спорт қызметкерлері, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеу­шi отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен ­наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар қосылып отыр. Тиісті жобаны депутаттар назарына Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина ұсынды. Депутаттар мұны және өзге баяндамашылардың ұсыныстарын бірауыздан қолдады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button