Мәдениет

Елордада әскери дирижерлер кәсіби шеберлігін арттырды

Астанада Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Орталық әскери оркестрінің ұйымдастыруымен Қарулы күштердегі оркестрлердің басшылары мен әскери дирижерлер – мәдени-демалыс орталықтары бастықтарының оқу-әдістемелік жиыны өтті, деп хабарлайды аstana-akshamy.kz.

Іс-шара әскери дирижерлерді оқыту және кәсіби дайындық деңгейін тексеру мақсатымен ұйымдастырылып отыр. Олар үшін дәрістер мен практикалық сабақтар өткізілді.

Жиын жетекшісі Әскери-оркестрлік басқарма бастығы майор Алмас Ибрагимов атап өткендей, Қазақстан Қарулы күштерінде 23 штаттық әскери оркестр бар. Олардың іс-шараларға қатысуы ерекше салтанатты көңіл-күй қалыптастырады. Музыка жауынгерлердің рухын көтеріп, адамдарды біріктіреді.

– Нағыз капельмейстер тек музыкалық-орындаушылық қана емес, саптық дағдыларды да меңгеруі тиіс. Біздің салада өсуге көп орын бар, мұны өткен жылы өткізілген халықаралық әскери оркестрлер музыкалық фестивалі көрсетті, – деді басқарма бастығы.

Әскери музыканттар плацта концерт ұйымдастыруға қойылатын талаптарды зерделеп, дирижерлік аппараттың қойылымын пысықтады. Олар үшін әскери оркестрдің қызметін ұйымдастыру, дирижерді репетицияға дайындау, партитурамен жұмыс және сигнал беруші-барабаншыларды оқыту әдістемесі туралы дәрістер де оқылды.

Практикалық сабақтарда жиынға қатысушылар әскери рәсімдерді өткізу, қызметтік-саптық репертуарды дирижерлеу, әскери оркестрдің жауынгерлік және арнайы дайындығын жоспарлау кезінде әскери оркестрді басқару негіздерін пысықтады.

Жиын соңында қатысушылар емтихан тапсырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button