Басты ақпаратМәдениет

Елордада айтыс өтті аламан

Бас шаһарда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Береке бірлігіңде, елім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтулы шараны өткізуге Nur Otan партиясы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мұрындық болды.

Дүбірлі додаға талай бәйгеде топ жарып, жұрт­шылықтың ризашы­лы­ғына бөленіп жүрген Серікзат Дүйсенғазин, Жансая Мусина, Еркебұлан Қай­назар, Аспанбек Шұғатаев бастаған он алты ақын қатысты. Бас қалада көптен бері мұндай айтыс өтпеген еді. Содан ба, асыл мұрамызға сусап қалған халықтың қарасы мол болды.
Айтыс тізгінін ұстаған көрнекті ақын Жүрсін Ерман сөз сайысын тамашалауға келген ағайынға алғысын айтып, бәйгеге шапқалы отырған жүйріктерге сәттілік тіледі.
Сегіз жұпқа бөлінген ақындар айтысқа мығым дайындықпен келіп, елдің бірлігі мен берекесін, ырысы мен ынтымағын жыр арқауына айналдырды. Сахнаға алғаш шыққан Қажымұқан мен Қанат сөз қағысында қағытпа қалжыңға да ерік беріп, арасында көптің көкейіндегі әлеуметтік проблемаларды айшықты жырларымен өре білді. Айтыстың өрен арғымақтарына айналған Еркебұлан мен Аспанбектің сайысында елдік мәселе сөз болды. Қалижан мен Жансаяның айтысы əдемі əзілмен әдіптелді. Ал Серікзат Дүйсенғазы мен Бекзат Асқаровтың айтысы ағалық қамқорлық пен інілік ізеттіліктің үлгісіна айналды. Айтыстың аспанында алдаспандай жарқылдаған, марқұм Ерік ағамыздың баласы Бекзат осы кештің жаңалығы болды десе болады.
Елорда төріндегі байрағы жел­бірген жыр додасын елмен бірге тамашалаған қала басшысы Алтай Көлгінов пен Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтулы шара да халыққа ақжарма тілектерін білдірді.
– Халқымыздың ұлттық өнерге деген ықыласы бөлек. Әсіресе, соның ішінде айтыс өнерін ерекше биік көреді. Қай заманда да елдің еңсесін көтеріп, сөзін сөйлеген ақындар болған. Бүгінгі еліміздің жетістігіне бірлік пен еңбектің арқасында қол жеткіздік. Қазір ұлттық құндылықтарымызға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында елорданы дамыту жөніндегі өткен жиында әлуемет пен мәдениет саласына айрықша назар аударып, күнделікті қолдау көрсетуді міндеттеді. Сол тапсырмаларды жүзеге асырудың бір көрінісі осы айтыс деуге болады. Жыр додасының тақырыбы да бірлікті үндейді. Біз үшін бірліктен артық байлық жоқ. Сондықтан татулықты жырлайтын ақындардың таңдайы талмасын, жақтары жаңылмасын» деді Алтай Көлгінов.
Өз кезегінде Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Біздің мақсат – елдің рухын көтеру. Әрине, сын айтылу керек. Бірақ баршамызға ортақ міндет-мемлекеттігімізді ұстап қалу. Сондықтан бір-бірімізді қолдайық, бірлігімізді қорғайық. Айтыс өнері жасай берсін» деді.
Сонымен бас қалада дүбірлеп өткен айтыстың бас жүлдесі, талай бәйге де топ жарған елордалық ақын Еркебұлан Қайназаровқа бұйырды. Бірінші орынды Батыс Қазақстаннан келген ақын Талғат Мықи жеңіп алды. Екінші орынды Бекзат Асқаров пен Жансая Мусина иеленді. Үшінші орынды Аспанбек Шұғатаев пен Қалижан Білдәшев бөлісті. Жүлдегер ақындардың бәрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button