Басты ақпарат

Елордаға көгілдір отын қай тараптан тартылады?

Бас қалаға көгілдір отынды алдымен жылу электр стансаларына тарту жос­парланған. Ең алдымен 1960 жылдары салынған №1 жылу электр стансасы мазуттан табиғи газға көшіріледі. Одан кейін газ Көктал-1 және Көктал-2 ықшам аудандарына тартылады. Мұндай жаңалықты кеше Мәжілісте өткен «Еліміздің газ-көліктік инфрақұрылымын дамыту арқылы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» атты дөңгелек үстелде ­Нұр-Сұлтан қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов жария етті.

Құрылыс жұмыстары наурызда басталады

Құзырлы мекеменің басшысы әуелі экологияға зиянын тигізіп отырған нысандарға газ тартылатынын хабарлады. «Ең алдымен сонау 60-ыншы жылдары салынған, әбден ескірген №1 жылу электр стансасы мазуттан табиғи газға көшіріледі. Содан кейін көгілдір отын Көктал-1 және Көктал-2 ықшам аудандарына тартылады. Одан әріде Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданының сол және оң жақ бөлігі, Мичурино, Қызылжар, Өндіріс және өзге де елді мекендерге жеткізіледі. Бұдан бөлек, газ Ильинка мен Үркер ықшам аудандарына қарай кетеді» деп мәлімдеді Ербол Уәлиұлы. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады. Себебі газ тартылғанда оны тарататын желілер да­йын тұруы тиіс.
Ербол Төлеуов қазіргі кезде қала әкімдігінің «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы аяқталғаннан кейін жекеменшік үйлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды көгілдір отынға қосу үшін қаржылай қолдау мәселесін жан-жақты қарастырып жатқанын жеткізді. «Әрине, біз газ құбырын іске қосамыз. Орамдар арасындағы желілер салынады. Ал жекеменшік, яғни жер үйлерге газ тартыла ма деген сауал туындайды. Бір анығы, жер үйлер әзірше көмірден бас тартпайды. Біз жекеменшік секторға газ тартуға қатысты үш мәселені кеңінен талқылаймыз. Біріншіден, ынталандыру мәселесі ашық талқыланады. Екіншіден, газ тартуды жеңілдікпен несиелеу. Үшіншіден, әлеуметтік жағынан ахуалы төмен азаматтар. Үшінші топтағыларды іс жүзінде газ құбырына өзіміз қосамыз» деді басқарма басшысы.

Газдың 1 текше метрі –60 теңге

«Сарыарқа» магистралдық газ құбырынан елордалық тұтынушылар үшін газдың 1 текше метрі 50-60 теңге мөлшерінде босатылады» деп мәлім етті Мәжілістегі дөңгелек үстелден кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев. «Бұл жобамен айналысып жатқан мердігер мен компанияның айтып сендіргеніндей, 2019 жылдың соңына дейін газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталады. Одан кейін құбырды іске қосу және жөндеу, гидросынақ жұмыстарына көшеміз. Бүгінге дейін нақты бір тариф бекітілген жоқ. Біздің ойымызша, елорда тұрғындары газдың әр текше метріне 50-60 теңгеден төлейді» деп түсіндірді ол.

171 елді мекенге газ тартылады

Газ құбырының құрылысы барысында отандық өндірушілер мен та­уар жеткізушілерге басымдық беріледі. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарына техника жұмылдырып, мердігердің жабдықтары мен қызметкерлері дайындалуда. 2019 жылдың 21 наурызында желілік тұрбаларды дәнекерлеу жұмыстары бас­талды. Шамамен 1300 метрлік құбыр тұрбалары дәнекерленген. Бұл туралы дөңгелек үстелде Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев баяндап берді.
Мәлім болғандай, Нұр-Сұлтан қа­ласының, Ақмола және Қарағанды об­лыстарының әкімдіктері газды қабылдау үшін оны бөлетін желілерді дайындау жұмыстарына кірісіпті. «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының салынуы нәтижесінде шамамен 740 мың тұрғын газбен қамтамасыз етіледі. Газ құбыры «Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша салынады. «Жалпы алғанда, жобаны іске асыру кезең-кезеңмен газ құбырының бойындағы 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құбырдың құрылысы барысында шамамен 1700 адам, ал ол пайдалануға берілгеннен кейін 200 адам жұмыс орындарымен қамтылады. Бұл – тек магистралдық құбырға қатысты нәрсе» деп түсіндірді М.Мырзағалиев.
Сондай-ақ ол жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, елордадағы газ бөлетін желілердің құрылысы үш кезекке бөлінгенін айтты. Осы аталған үш кезектегі құрылыс жұмыстарына 50865,7 млн теңге жұм­салады. «Бүгінгі күні қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттарды дайындады. Бұл құжаттар 2019 жылдың қаңтар айында мақұлданды. Жобаның бірінші кезегі 2019-2023 жылдар аралығында жүзеге асырылады» деп атап өтті ол. Айта кетелік, 2018 жылдың тамыз айында Үкімет жобаның сызба-нұсқасы мен қаржыландыру шарттарын мақұлдаған болатын. Жобаның жалпы құны 267,3 млрд теңгені құрайды.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button