Басты ақпарат

Су басу қаупі бар аумақтарды аралады

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында елорданың шекаралық аумағын тікұшақпен айналып ұшу шараларын ұйымдастырды. Оған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Марғұлан Аманбаев, «Есіл бассейні инспекциясы» РММ, «Қазгидромет» МКҚК, Есіл өзенінің арнасын жобалаушы «Орта» ЖШС өкілдері қатысты. Бұл шара су тасқынының қаупі туралы ақпарат жинау және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу үшін қажетті іс-қимылдарды әзірлеу мақсатында өткізілді.

– Аумақты тікұшақпен аралау барысында Майбалық көлі, Вячеслав су қоймасы ауданы, Қарағанды және Ақмола облыстарының елді мекендеріндегі қар және ылғал қорының ауқымы нақтыланды. Бұл жұмыстар Вячеслав су қоймасы, Астаналық су бақылау реттегішінде судың ағынын алдын ала есептеуге әрі жергілікті атқарушы органдарға, Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазсушар» мемлекеттік мекемесіне су тасқынына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ су тасқынының алдын алу үшін қала әкімдігімен бірлесе отырып, елорда аумағындағы тасқын суларды жүйелі өткізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді, – делінген құзырлы департаменттің хабарламасында.
Бүгінгі таңда су басуы мүмкін 34 учаске бар. Әр учаске бойынша атқарылатын жұмыс түрлері, қажетті материалдардың көлемі анықталып, жауапты орындаушылар белгіленді. Қала аумағындағы автокөлік жолдарының барлық су тасқыны қаупі бар және қар басатын учаскелерін, сондай-ақ зардап шеккендерге жұмылдырылатын күштер мен құралдарды, жылыту нүктелерін енгізе отырып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың ықтималдылығы картасы әзірленген. Соның ішінде Ильинка, Өндіріс, Көктал, Теміржолшылар, Пригородный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптары, жаңа теміржол вокзалы, әуежай, газ аппаратурасы зауытының аудандары да ескерілген.


Қалалық қызметтердің жұмысын үйлестіру мақсатында аумақтар мен елді мекендерді тасқын сулардың зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету бағытында іс-шараларды өткізу кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Сондай-ақ төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты көшіру бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру қажет болған жағдайда халықты уақытша орналастыратын жерлер анықталды. Нақтырақ айтсақ, олар теміржол вокзалы, сапаржай, мектептердің спорт залдары, қонақүйлер мен жатақханаларға орналасады. Су тасқыны кезінде қажеттілік туындағанда пайдалануға болатын 73 халық жиналатын эвакуациялық нүктелер бар.
Су тасқынына қаланың азаматтық қорғау жүйесін дайындау мақсатында коммуналдық қызметтер мен ішкі істер органдарының автокөліктері мен инженерлік техникасының жалпы тобы жасақталған. Оның жеке құрамында 663 адам, 191 бірлік техника, 14 жүзу құралдары, 67 мотопомпа, 1 тікұшақ бар. Инертті материалдардың қорына келсек, 18000 тонна құм, ұсақ тас, жанар-жағармай және азық-түліктер дайындалған. Қазіргі кезде Астана су қоймасының су шығыны 13,89 м3/секундты құрайды, су толымдылығы – 233, 31 млн текше метр, бұл – жобалық қуаттың 56,78 пайызы. Су бақылау реттегішінің нақты су толымдылығы көлемі – 2,6 млн текше метр. 27 наурыздағы жағдайға сәйкес, реттеуші сыйымдылықтың негізгі су жіберу арқылы су шығарудың көлемі – 1,5 текше метр/секунд. №1 су шығару нүктесі арқылы өтетін Есіл өзенінің тұрмыстық шығыны – 0,8 текше-метр/секунд.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button