Жаңалықтар

Инновациялық мамандар қажет

Мемлекеттің шежіресін, кешегісі мен бүгінін, жеткен жетістігін сақ­тауда архивтердің және сол жер­дегі сырт көзге көрінбейтін, мем­лекетіміз үшін құнды құжаттарды көзінің қара­шығындай сақтауды қамтамасыз ету – архив қыз­мет­керлерінің мәртебелі міндеті. Бұл орайда Елбасының «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласында айқын­далған тапсырмалар да архив жұмы­сының маңыздылығын арттырып отыр.

Бүгінгі таңда саласы заңнамасына өзгерістер енгізілуде, жаңа ғимараттар салынып, материалдық техникалық базасы жаңартылып келеді. Алайда өз шешімін күтетін өзекті мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – архив саласының жоғары деңгейлі кәсіби мамандар даярлау болып табылады. Қазіргі таңда архивтерде нақты архивист мамандығы бойынша қызмет атқаратын мамандар жоқтың қасы. Сол үшін студенттерді архив қызметі туралы білімдерін нығайту және тереңдету, теориялық жүзінде алған білімдерін тәжірибелік практикалармен ұштастыру, архив құжаттарымен жұмыс істеп тәжірибе жинақтау үшін архивтік тәжірибе өткізіліп тұру қажет.
Сол себептен кәсіби жоғары білім беру нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа архив саласында инновациялық бағдарламаларды меңгеруге дайын мамандарды даярлау, білім беру жүйесінің сапасын арттыру қажет-ақ.
Архивист-құжаттанушы мамандарды даярлауды 2010 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғана «Архивтану, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша іске асыруда.
Қазіргі ақпараттандыру қоғамында бірыңғай электронды құжат айналым жүйесін және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын сапалы деңгейде жүзеге асыратын да осы архивист-құжаттанушы мамандар. Құжаттарды цифрландыру – архив құжаттарын көшірмелеу, қағаз түріндегі құжаттарды электрондық түрге біртіндеп ауыстыру, осы бағытта құжаттарды тездетіп өңдеуде оларды құру, енгізу, сонымен қатар сақтауды қамтамасыз ету. Бұл технология ақпа­рат­тарды жылдам тарату, қоғамды қа­жет­ті құжаттармен қамтамасыз етуде қол­жетімділік мәселелерін шешудегі жаңа құ­рал болары анық және архив және іс жүр­гізу салаларында өзінің оң шешімін табуда.
Архив саласын бүгінгі күні үлкен жаңалықтар мен өзгерістер күтуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап өтілгендей, «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы қабылданып, бұл архив саласына бір үлкен серпіліс беретіні сөзсіз.
Осы тұрғыда бір айтарымыз, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің де сала мамандарын даярлауда өз үлесін қосуда. Оқу залында жоғары оқу орындарының студенттері тұрақты түрде зерттеу жұмыстарына арқау болатын тарихи құжаттармен жұмыс жүргізетін болды. Архив барлық жеткізгіштер түріндегі архивтік құжаттарды толықтыру, сақтау және пайдалану, құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қорын құру, есепке алу және сақтауды жүзеге асырады.
Түйіндеп айтқанда, архивист, құжат­танушы мамандарды даярлау қажеттілігі күннен күнге артуда. Еліміздің алдыңғы қатарлы көптеген жоғары оқу орындарында бакалавр, магистратура және докторантура сатыларында архивтану, құжаттану факультеттері ашылса, отандық архив саласының дамуына үлкен серпіліс беретін еді.

Назым БИРМКУЛОВА,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық архивінің бөлім басшысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button