Басты ақпаратДенсаулық

Емханалар желісі дамуда

Елордада халық санының ұдайы өсіп келе жатқанын ескерсек, медициналық мекемелерге деген қажеттілік әлі де арта береді. Бұл мәселені шешуде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қызметі белсенді қолданылады. Бес жыл ішінде Астана қаласының әкімдігі 3 мемлекеттік емхана салынады және 12 жеке емхана ашылады деп жоспарлап отыр. Жеке емханалар да мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп, халыққа МӘМС жүйесі арқылы тегін қызмет көрсетеді. Сондай емдеу мекемелерінің бірі – былтыр тәуелсіздік күні Мемлекет басшысының қатысуымен сол жағалаудан «City» емханасының жаңа филиалы ашылған еді. Осы емханалар желісінің Алматы ауданындағы филиалына барып, олардың халыққа ұсынатын медициналық қызметтеріндегі ерекшеліктерімен таныстық.

Аталған емхананың қалада 4 жерде филиалы бар, тағы 3 филиалын биыл ашу жоспарланып отыр. Осы желілердің бәрін 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Қанат Дүйсенбаев басқарады. Оның айтуынша, бұл емханалар желісі Астанада жұмысын 2022 жылы бастаған. Қазір барлық филиалдарында 71 мыңдай адам тіркелген болса, біз барған емханада 40 мыңдай адам тіркеуде. Әлі де 10 мыңнан астам адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Ашылғанының арқасында қаладағы мемлекеттік №15 емхана мен басқа да шағын жеке емханаларға түсіп тұрған жүктеме біраз азайып, тұрғындардың жартысы осында жіберілген. Бес қабатты ғимараттың бірінші қабатында профилактика бөлімшесі бар, ол жерде адамдар дәрігерге дейінгі тексеруден өтеді, одан әрі екінші қабатта Жалпы практикалық дәрігерлер бөлімшелерінің қызметіне жүгінеді. Үшінші қабатта акушерлік-гинекологиялық бөлімше орналасқан, ол жерде қазіргі таңда 600-ге жуық жүкті әйел қаралуда. Осы қабатта сонымен қатар консультациялық-диагнос­тикалық және функционалды диагностикалық бөлімше жұмыс істейді. Төртінші қабатта 22 төсек орындық күндізгі стационар бар. Соңғы бесінші қабатта оңалту бөлімшесі мен әкімшілік басқару персоналы отырады.

Жалпы барлық төрт филиалда 500-ге жуық маман жұмыс істейді, соның ішінде 250-ге жуығы осы филиалда. Бөлімшелерде медициналық персонал жеткілікті болғанмен күн сайын халықпен тікелей қарым-қатынас жүргізіп, адамдарды жиі қабылдайтын Жалпы практикалық дәрігерлер бойынша кадр тұрақсыздығы бар.

– Оған себеп бұл сала дәрігерлері күніне бірнеше рет адамдарды қабылдау барысында түрлі мінездегі пациенттердің ауыр сөзін, өздеріне қарата айтылған негізсіз реніштерін көп естиді. Басқа жақтан қиындық көрсе де бәрін соларға айтып, ішкі теріс энергиясын төгіп кетеді. Келген адамдар ақ-қарасын ажыратпай жатып, оларды тілдеп, шаршатып жібереді. Сол себепті бұл мамандар жұмыстан тез ығыры шығып, шыдамай екі-үш ай істеп кетіп қалады. Жалпы қазіргі адамдарда күйзеліске төзімділік деңгейі төмен. Бұл жағынан дәрігерлер де адам баласы, – дейді бас дәрігер.

Былтыр осындай Жалпы практикалық дәрігерлер қабылдауында 272783 адам болған, яғни әр ауысымда мұндай бөлімшелер дәрігерлері 450 адамға дейін қабылдаған. Жалпы практикалық дәрігер дегеніміз – педиатр мен терапевт қызметін қатар атқарып, ересек адамды да, балаларды да қабылдайтын мамандар.

Олардан бөлек, емханада 6 мектеп бар, яғни Босандыруға дайындау мектебі, мұнда былтыр 554 адамға сабақ өткізілген, екіншісі, Жас аналар мектебі, онда 324 адамға, үшінші Дені сау бала мектебінде 280 бала бойынша сабақ болған. Төртіншісі, «Белсенді ұзақ өмір сүру» мектебінде 397 егде жастағылар оқытылған. Сонымен қатар дәрігерлер Қант диабеті мектебінде 335 және Артериалды гипертония мектебінде 270 науқасқа дәріс оқып, өздерінің диагнозына байланысты білімін арттырған. Содан бөлек, Жастар орталығында 2777 жасөспірімге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, консультация берілген. Мекеменің диагностикалық бөлімшесі соңғы үлгідегі жабдықтармен жасақталған, емхана осы жағынан өзгелерден көш ілгері. Мұнда көп емханаларда жоқ рентген аппарат, компьютерлік томограф, флюорография бар.

– Емханамызда сонымен қатар емделушілерге сүт безі ауруларын кешенді диагностикалау мен емдеуге мүмкіндік беретін маммологиялық орталық жұмыс істейді. Маммологиялық орталықтың ерекшелігі – жоғары кәсіби мамандардың және томосинтезі бар цифрлық маммография, дәстүрлі және вакуумдық аспирациялық биопсия әдістері, хирургке қатерлі ісіктерді жою жолын көрсететін локализациялық инелер орнату сияқты бірегей диагностикалық технологиялардың болуы. Сонымен қатар, емханада маммологиялық операцияларды да, басқа да хирургиялық емді қажет ететін процедураларды атқаруға арналған барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған амбулаториялық хирургия орталығы бар, – дейді емхана басшысы.

Осындай мүмкіндіктерді қала тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сі арқылы тегін ала алатынын айтқан дәрігер кейбір қызметтер мен анықтамалардың ақылы болу себептерін түсіндірді.

– Мәселен, кей емханаларда 075 анықтамасына лицензия болмауы мүмкін. Оны өзіңіз тіркелген емханадан ала алмасаңыз, ақылы түрдегі медициналық клиникалардан алуға тура келеді. Негізі бұл анықтама тіркеулі тұрған 18 жасқа дейінгі балаларға тегін беріледі. Сол сияқты Денсаулық сақтау министрлігі арқылы біздің көрсетуімізге рұқсат етілген қызметтерді ғана халыққа тегін ұсынамыз, бізге көрсетуге бекітілмеген қызметті қанша талап етсе де көрсетуге қақымыз жоқ, бәрі заң шеңберінде орындалады, – дейді Қ.Дүйсенбаев.

Сонымен қатар оның айтуынша, халықтың өз денсаулығын күтуде әлі де сауаты төмен, дәрігер мен пациент арасындағы ниеттестік деген жоқ.

– Мысалы, халықты жалынып жүріп скринингтен өтуге шақыра алмаймыз. Біразы әрнәрсені сылтау етіп келмей жүріп алады, тіпті кейбірі «мазамды алма» деп ұрсып тастайды. Сосын дер кезінде қаралмағасын бір қатерлі ауруы әбден асқынып кеткенде бір-ақ келеді де, бәріне кінәлі біз болып шығамыз. Осы жағынан әркім өз денсаулығын үнемі қадағалап отыруға мән берсе екен дейміз. Себебі қазіргі таңда денсаулыққа кері әсер ететін факторлар айналамызда өте көп. Соның бәрінен сақтанып, Жапон халқы сияқты жылына екі рет болмаса да 12 айда бір рет тәніңіздің саулығын сүзгіден өткізіп отырсаңыз, «Сақтансаң, сақтаймын» деген сол болады, – дейді маман.

Бүгінгі таңда елордада барлық жұмыс істеп тұрған емханалардың жоспарлы қуаттылығы ауысымына 11 мың келушіні қамтиды, ал нақты келушілер саны 19 мың, яғни жүктеме екі есе көп. Жалпы Астанада 1,5 миллион адамға қызмет көрсететін 44 емхана бар. Олардың басым бөлігі – осы «City» сияқты мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін емханалар. Мұндай емханалар саны болашақта артпаса кемімек емес. Бастысы, олар өз құзіреті шеңберінде халыққа медициналық қызметтерді сапалы және тегін көрсетуі керек. Себебі әрбір жұмыс істейтін адамның ай сайын жалақысынан ұсталып, МӘМС бойынша жиналатын ақшасы бар. Емханаға қаралған бүгінгі әрбір азамат өзінің осы салымдарының пайдасын, тиімділігін көргісі келеді. Ал қала тұрғындары дәрігер нұсқауын дұрыс орындап, денсаулығына бірінші кезекте өзінің жауапты екенін жете ұғынса сау ұлт ретінде қалыптасарымыз сөзсіз.

Суреттерді түсірген Сұлтан Сейіт 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button