Мәдениет

Қала кітапханаларында қандай шара өтеді?

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 18 кітапхана қарайды. Атап айтқанда, 11 көпшілік кітапхана, 6 балалар кітапханасы және 1 көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана. Осы қаңтар айында қаланың барлық кітапханаларында биылғы атаулы оқиғалар мен мерейтойларға арналған іс-шаралар өтеді. 

Биылғы күзде Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Сол уақытта елімізге әлемнің 100-ден астам елінен туристер келеді деп күтілуде. Ойындар кезінде спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалар ұштасады. Жалпы ойындарға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыстар ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Осы айда қала кітапханаларында аталмыш оқиғаға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.

Биыл – ақындығымен, батырлығымен аты шыққан Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл. Сондай-ақ осы жылы классик жазушы, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығы, жырау Сүгір Бегендікұлының туғанына 130 жыл, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, әйгілі қылқалам шебері, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы, ән дүлділі, Қаз КСР Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығы, құйрықты жұлдыздай қазақ әдебиеті көгінен жарқ етіп сөнген Саттар Ерубаевтың 110 жылдығы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл.

Биыл туғанына 130 жыл толып отырған Алаш қайраткері Асылбек Сейітовтің есімі мен еңбегі көпшілікке беймәлім. Том мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқыған ол 1916 жылы Ақмола уезінде ауылшаруашылығы бойынша санақ жұмыстары жүргізілгенде оңтүстік бөлігі комиссиясын басқарды. 1917 жылы сәуірдің соңы, мамырдың басында өткен Ақмола облыстық Қазақ съезінде алдымен хатшы­лыққа, соңында төрағаның орынбасарлығына сайланған. Сол жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезіне катысып, онда төралқа құрамында Міржақып Дулатовпен бірге хатшылыққа ұсынылды. Осы жиында Ақмола облысы атынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа сайланған.

Асылбек Сейітов Алашорданың Ақмола облыстық комитеті басшыларының бірі бола отырып, ұлт-азаттық қозғалысына үлкен үлес қосты. Баянауылда бас дәрігер, Семей қаласындағы губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып 15 жыл бойы қызмет істеді. Семей облысында құрт ауруына қарсы емдейтін «Ауыл» және «Березовка» шипажайларын ашуға атсалысты. 1937 жылы Қаз КСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының жоспарлау-қаржылау бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы №5 емхананы алғаш ұйымдастырушылардың бірі және оның бас дәрігері болды. «Таң» журналына публицистикалық мақалаларды жазды. 1937 жылы 1 желтоқсанда ұсталып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button