Қала тіршілігі

Еріктілер ерлеп тұр

Елорда волонтерлері Халықаралық еріктілер күнін атап өтті. Бас қалада қазір 25-тен астам еріктілер қозғалысы бар. Оларға 14 мыңнан аса адам белсенді түрде қатысады. Қалалық штабтың өзінде 2,5 мыңнан астам ерікті тіркелген. Олардың 500-і – әлеуметтік, экологиялық және басқа шараларға үздіксіз қатысады.

Әсіресе, төтенше жағдай жарияланғанда, пандемия кезінде еріктілер белсенді түрде қызмет етті. Қазіргі уақытта волонтер болғысы келетін азаматтар санының өсуі байқалады. Биылғы қыркүйектен бастап қалалық штабтың еріктілер мектебінде 300 адам оқытылды.

«Егер бұрын волонтерлер қатарында негізінен жастар болса, көктемде пандемия басталғанда бізге көптеген орта жастағы азаматтар да қосылды. Бірақ аға ұрпақ бұрын қаланың қоғамдық өміріне қатыспады деген сөз емес. Олар негізінен қайырымдылық жұмыстарымен айналысқан» деп атап өтті «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы.
Елордалық еріктілер штабы әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Мысалы, «Қамқорлық мекенжайлары» жобасы аясында жігіттер жалғызбасты зейнеткерлер мен ардагерлерге аулаларды қардан, пәтерлер мен аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартуда, көкөніс бақтарын отырғызуға дайындауда көмектеседі.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «30 игі іс» шарасына «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы еріктілері де қосылды. Шара шеңберінде олар мұқтаж отбасыларға көмір тасымалдауға көмектеседі, пандемияның алдын алу үшін маскалар таратады, үйлерді жөндеуге жәрдемдеседі, ал зейнет жасындағы адамдарға қыста отын дайындайды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button