#Жаңа Қазақстан

Ертеңгі күнге сенімі нығайды



– Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзін бастан-аяқ тыңдап шықтым. Халыққа өте қажетті біраз мәселенің көтерілгені шындық.

Әсіресе, былтыр сөз еткен «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра беретіні көкейге қуаныш ұялатты. Өйткені бұл өзі ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама екені даусыз.

Еліміздің болашағы – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау басты міндеттің бірі екенін баса айтты. «Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрине, Мемлекет басшысының ерекше қажеттілігі бар азаматтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оңай тиіп отырмағанын, сондықтан оларға және сондай адамдардың күтушілерін қолдау шараларын күшейту қажеттігін ерекше атап өткені ертеңгі күнге деген сенімімізді нығайтты. Елімізде көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады.

Майра ӘЛІМХАНҚЫЗЫ,

Интернациональный тұрғын алабы Ардагерлер кеңесінің төрайымы, еңбек ардагері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button