Әлеумет

Ертеңгі зейнетақы жайын бүгін ойлауымыз қажет

Биыл Қазақстанның жинақ­таушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылғанына – 5 жыл. Жалпы, соңғы жылдары зейнет­ақы мәселесі қоғамда үлкен қызығушылық туғызып отыр. Осы тақырыпқа орай газет тілшісінің сұрақтарына «БЖЗҚ» АҚ Астана қаласындағы филиалының директоры – Басқарушы директор Мұрат Шәріпов жауап берді.

– Мұрат Тұрсынұлы, биыл – Қор мен жинақтаушы зейнет­ақы жүйесі үшін мерейлі жыл. Бұл тұрғыда қазір зейнет­ақы жүйесінің жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?
– Қазақстанның қазіргі зейнет­ақы жүйесі көп деңгейлі болып саналады. Атап айтар болсақ, мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына (еңбек өтіліне) байланысты ортақ зейнетақы, Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі және ерікті зейнет­ақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе. Бұл деңгейлердің өзі кіші құрамдауыштарға бөлінеді. Мысалы, базалық және ортақ зейнет­ақы мемлекет бюджеті есебінен қаржыландырылады. Ал екінші деңгей бойынша Қорға төленетін міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап енгізілді. Оның көлемі жұмыс­кердің айлық табысының 10 пайызын, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Егер еңбек жағдайлары зиянды деп саналса, бұл жарналар жұмыс беру­шілердің қаражаты есебінен төленеді.
Үшінші деңгей бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері және төлеу тәртібі салымшы мен Қордың өзара келісімі бойынша белгіленеді. Салымшы бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Көп деңгейлі модельдің бір артықшылығы, зейнетақы жүйесіндегі қаржылық тұрақтылық пен баламалы зейнетақы жиынтығын қамтамасыз етеді. Нақтырақ айтқанда, бұл модель мемлекет бюджетінің жүктемесін жеңілдетіп, зейнетақымен қамтылатын адамдардың көбейе түсуіне септігін тигізеді. Құрамдауыштар бір-бірін толықтырып, алушыларды жоғары көлемде зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, әлемнің көптеген елдері осындай әр тараптандырылған зейнетақы жүйесінің моделін қолданады.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғалы бері осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды? Алда қандай жоспарлар бар?
– Былтыр қазан айында Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қоры Директорлар кеңесінің шешімімен 2017-2021 жылдарға арналған корпоративтік даму стра­тегиясы бекітілді. Стратегия жинақтаушы зейнет­ақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта осы стратегия аясында Қор алдына үздік әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы қызмет көрсету; тұрғындар арасында зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін дамыту; еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бойынша Қазақстан заңнамаларын жүзеге асыру сияқты негізгі мақсаттар мен мін­деттер қойылған. Сонымен қатар Қор зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібінің өзгеруі сияқты биылғы қаңтар айынан бастап жаңадан енгізілген өзгеріс­тер бойынша жұмыс жүргізуде. 2020 жылдан бастап шартты жинақтау құрамдауыш енгізіледі деп күтілуде. Мұндағы мақсат – Қор қызметі жайлы халық арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл ретте IT-инфрақұрылымды дамытып, қызметкерлердің біліктілігін арттыру қажет.
Зейнетақы жүйесінің 20 жыл­дық мерейтойы аясында «Бі­рыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының Астана қалалық филиалы елордалықтардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, соның ішінде зейнетақымен қамтамасыз ету, зейнеткерлікті жоспарлау мәдениетін қалыптастыру тұрғысындағы әртүрлі шаралар өткізуде. Айта кету керек, осы жылдың сәуір айында Қор зейнет­ақы калькуляторын пайдалану арқылы жеке кеңес беру қызметін іске қосты. Мамандарымыз зейнетақы жинақтаушыларға кейін олар еңбек демалысына шыққан кезде қанша көлемде зейнетақы алатынын анықтап бере алады. Сонымен қатар келешекте қанағаттанарлық­тай зейнет­ақы алу үшін оны қалай жинақтау керектігі жөнінде тұрғындарға кеңес береді. Бұл – біздің стратегия аясында енгізілген жаңа қызмет түрі. Қазір Қор зейнетақы калькуляторын жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Соның көмегімен бүгіннің өзінде кез келген адам зейнетақы мөлшерін өз бетінше есептей алады. Қазіргі уақытта филиал мамандары зейнетақы жоспарлау жөнінде 27 мыңнан аса кеңес жүргізді.
Ал ұзақмерзімді жоспарлар жайлы айтатын болсақ, ерікті зейнетақы жинақтаудың әлемдік тәжірибені үйрену үстіндеміз. Біз халықаралық тәжірибені зерделей отырып, соның арқасында ерікті түрде жинақталған зейнет­ақы қаражатын қалыптастыруда халықтың салықтық және өзге де қызығушылығын тудыратын мүдделері туралы ұсыныстарды қарастырамыз.
– Заман талабына сай, цифр­ландыру бағытында Қордың қандай жетістігі бар?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын дамыту үшін цифрлық технология мен инновациялық даму маңыздылығын жыл сайынғы Жолдауында айтып отырады. Бұл тұрғыда Қор зейнет­ақы жүйесін өрістету жолында алдағы уақытта әр қазақстандыққа қашықтықтан немесе өз бетінше қызмет көрсетуді қолға алмақ. Осы орайда оңтайландыру мен жаңғырудың нәтижесінде Қор ұсынған заманауи қызмет түрлерін пайдалана отырып, тұрғындарға кеңсеге барып, құжат толтырып уақыт кетіру тиімсіз. Сондықтан Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қоры www.enpf.kz сайтында Жеке кабинет пен «Электрондық қызмет» бөлімі іске қосылды. Нәтижесінде міндетті зейнетақы жарнасы бо­йынша жекелеген зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемін белгілеуге өтініш беруге болады. Мамандарымыз салымшылар мен алушыларға онлайн режімінде шот ашқаннан бастап төлемақы алғанға дейін үнемі қызмет көрсетуге дайын.
Былтырғы наурыздан бастап Қордың корпоративтік сайтында «Басқарма төрағасының блогы» іске қосылды. Осы блог арқылы тұтынушылар сұрақтарын жолдай алады. Бұдан бөлек Қордың байланыс орталығының 1418 тегін телефон нөмірі, онлайн-чат пен әлеуметтік желілер Telegram және Whatsapp мессенджерлер (+7 777 0001418) арқылы байланысуға болады. Қор барлық азаматтарға ашық әрі қолжетімді. Сонымен қатар Қордың орталық аппаратына қағаз жүзіндегі хаттар мен «ұсыныс және шағым» кітаптары арқылы да өтініштер келіп түседі. Қордың ресми сайтында былтырғы маусым айында іске қосылған сервистердің көбін Қазақстан Республикасы электрондық үкімет порталы және ұялы қосымша арқылы қолжетімді етуді биылғы жоспарға енгізіп отыр­мыз. Ағымдағы жылдың ақпанында Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қоры сайттың дизайнын жаңартты. Мұндағы мақсат – сайтты түсінікті әрі қарапайым етіп, тұтынушылардың қажетті ақпаратпен қамтуға басымдық беру. Айта кету керек, сайтты Қор мамандарының өздері жасады. Оған қосымша қаржы жұмсалған жоқ. Порталды жақсарту жұмыс­тары әлі де жалғасуда. Зейнетақы қорының мамандары енді порталдағы цифрлық сервисті дамытуды қолға алуда. Мысалы, биылғы 28 ақпаннан бастап сайтта «Зейнеткерлікті қамтамасыз ету жө­ніндегі ақпараттық-­құқықтық жүйе/келісімшарт ашу» туралы жаңа қызмет түрі енгізілді. Бұл қызмет түрі жинақтаушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Енді қазақстандықтар порталдағы Жеке кабинет­ке кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бұл қызмет түрін қашықтықтан ала алады. Қазіргі кезде Қорда электрондық форматта жүзеге асырылған операциялардың үлес салмағы 65 пайыздан асты.
– Қордың Астанадағы филиалының жұмысы мен тұрғындардың жинақталған зейнетақы қаражатын қалыптастыруы туралы айтсаңыз…
– Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды зейнетақы жинақтау жүйесіне тарту, сондай-ақ зейнетақы жүйесін жаңғырту, ақпараттандыру мақсатында «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігі мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы арасында Меморандумға қол қойылды. Бұл бағдарлама қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуы үшін ақпараттық орта құру болып табылады. Меморандумға сәйкес, Астана қалалық филиал мамандары тұрғындар арасында зейнетақы жинақтау мәдениетін дамыту үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Биылғы ақпан айынан бастап Қор филиалы мамандары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен және салық органдарымен бірлесіп өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, зейнетақы жинағын тұрақты түрде ескермейтін адамдармен жұмыс жүргізуде. Бұдан бөлек «Нұр Отан» партиясы өкілдерімен және қаладағы басқа да әлеуметтік мекеме мамандарымен бірге еңбек ұжымдарына, базарларға арнайы барып, кездесулер ұйымдастырып, зейнетақы жөніндегі заңнаманың және басқа да өзгерістер туралы айтады.
Үш ай сайын Қор филиалы тұрғындарға қаржылық сауаттылықты арттыру, зейнетақы қызметтерінің тұтынушыларына кеңес беру мақсатында Ашық есік күндерін дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. Жыл басынан бері 62 мыңнан аса адамды қамтитын 1600 кездесу ұйымдастырылды.
– Тұрғындар өздеріне қажетті мәлімет жөнінде тікелей мамандардың кеңесіне жүгінгісі келсе, қаладағы қандай мекенжайларға баруы керек?
– Астанадағы филиал дүйсенбі-жұма күндері таңғы сағат 08:00-ден кешкі 19:00-ге дейін, сенбі күні сағат 09:00-ден түскі 13:00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі күні – демалыс. Біздің бөлімшелер қаланың әр ауданының жайлы жерінде, яғни Бигелдинов, 12; Тұран, 18; Республика, 4 және Күйші Дина, 31 мекен-жайларында орналасқан. Осы бөлімшелерге барсаңыз, мамандар барлық сұрақтарға жауап береді. Біз барша азаматтарды ресми еңбекпен қамтылуға, өздерінің болашаққа жасаған инвестицияларын бақылап, үнемі зейнетақы қорына қаржы салып отыруға шақырамыз. Өйткені болашақта ай сайынғы зейнетақыңыздың көлемі соған байланысты болады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button