Тұлға

Есімін ел болып ұлықтады



[smartslider3 slider=907]

Салтанатты шаралар университет ректоры Е.Н.Шоланов бастаған университет ұжымы мен қонақтардың Манаш Қозыбаев ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. Одан кейін жиналғандар Қазақстан Республикасы Президентінің архиві ұйымдастырған «Архив және қоғам: Тәуелсіз Қазақстанның тұлғалары: Манаш Қозыбаев» атты көрмені тамашалады. Сондай-ақ университеттің өз күшімен ұйымдастырылған «Академик Манаш Қозыбаев – 90» деген кітап көрмесі танымдық жағынан құнды көрінгенін де атап өту керек.

Бүкіл әлемді жайлаған жұқпалы дерттің таралып кету қаупінен сақтанып, бейнеконференция түрінде өткен жиынға Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен қайраткерлері, шетелдегі отандастырымыз қатысып, Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақстанның білімі мен ғылымындағы жаңалықтар және келешек бағыттары туралы кеңінен ой бөлісті. Жаппай ықыласты, Манаш Қозыбаевтың өзі қатысып отырғандай, көтеріңкі көңіл серпіні, марқұмның кісілігі мен еңбегіне деген зор құрмет пен риясыз сүйіспеншілік сезімі жарқырап көрінген конференцияны Қозыбаев университетінің ректоры Ерлан Нұрлыбекұлы Шоланов кіріспе сөзбен ашты.

«Біз Манаш Қозыбаевтың атын иеленіп отырған Солтүстік Қазақстандағы бірден-бір университеттің студенттері, қызметкерлері, профессор-оқытушылары қазақтың Манаш Қозыбаев сияқты ардақты перзенті, ұлы ғалымы, Тәуелсіздік жолындағы айтулы күрескерінің аты мен атағына, азаматтығына лайық болуға ұмтыламыз, – деді ол. – Манаш Қабашұлының 90 жылдық мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұстас келіп, университет дамуының жаңа кезеңіне көрік бергеніне куә болып отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев батасын берген жоғары оқу орны, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығы арқасында мүлде жаңа өзгерістерге аяқ басқан университет халықаралық деңгейге шығып, тың бастамаларға себеп болып отыр. Биыл Америка Құрама Штаттарының озық оқу орындарының бірі – Аризона университетімен байланыс бастап, жаңа жоспарлар құрдық. Біздің университетті бітіргендер екі диплом алатын күн де алыс емес. Қозыбаев университетінің жаңа зәулім ғимараты, жайлы жатақханалары салынып жатыр. Осы заманғы озық зертханалар мен аспап-құралдар сатып алдық.

Конференцияға қатысушыларға облыс әкімі Құмар ­Ақсақаловтың құттықтауын орынбасары Ғани Нығыметов оқып берді. Сенаттың халықаралық қатынастар және қорғаныс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Мұхтар Құлмұхаммед Манаш Қозыбаевтың шәкірті, онымен жиырма жыл бойы қызметтес, қанаттас болған кезінде ғалымның белсенді азаматтық ұстанымына, Отанға деген берілгендік сезіміне  суарылған қайраткерлік қуатына, азамат, басшы, аға ретіндегі ғажайып қасиеттеріне тоқталды. Мұхтар Абрарұлы конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтауын мына сөздермен аяқтады: «…Ғұлама біткен дүниа­уи  тірліктен ада, жан мен тәні тек тазалықтан, тұнықтықтан тұратын жан болмайтын ба еді. Академик Манаш Қозыбаев та сондай кіршіксіз сезім иесі болып өтті дүниеден».

Франция мемлекетіндегі қазақ мәдени орталығы атынан ғалым-зерттеуші Халифа Алтайдың ұлы Әбдісәмит Алтай «…Алыста жүрсек те, жүрегіміз, тілегіміз Қазақстанмен бірге деп бастаған Отандасымыз, М.Қозыбаев пен өз әкесі Халифа Алтайдың ғылым жолындағы жемісті ынтымағын әдемі әңгімелеп жеткізді. Конференция жұмысы кезінде академик М.Қозыбаев­тың туғанына 90 жыл толуына арнайы шығарылған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өткізіліп, басылымдар жұртқа таныстырылды.

Нұргүл АХМЕТОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ журналистика кафедрасының оқытушысы,

журналистика магистрі

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button